Нұрхан мен Майташ айтысы (3-бөлім)
Нұрхан Ахметбеков, Майташ Ысмағұлова · 2 мин оқу
Көктемге елім шықпақ жаппай қаптап,
Соқтырып соқа сайлап, кетпен саптап.
Арықты аса тартып асу қырдан,
Дайындап аузын ашып, қойдық сақтап.
Майташ:
Кішілік сөз сөйлейтін қалыппенен,
Халық ісін қанағат ет, қанып менен.
Көптігін жылқы, қойдың мадақтайсыз,
Әркімде қолда барын дәріптеген.
Таппасам сөз қалмасын жазық менен,
Кім болар облыста озық менен.
Фашистің ордасына оқ боп тиіп,
Алтын дән мол шығады азық менен.
Арқаға айшық салып, егін екті,
Аударып қара нұрға тұқым септі.
Көктемде Көктерегім көзге түсіп,
Жаңғыртты табысымен жер мен көкті.
Байлығым көрінеді әрбір жерден,
Дабылы кеткен асып, асқар белден.
Табыста ешбір колхоз мұнан озбас,
Охотник, Верный труд, Новый Мирден.
Басқарған бір колхозды Верещенко,
Жайылған елімізге атағы ерте.
Егіннен қырық бес мың пұт астық беріп,
Табыстың тамашасын жатыр серпе.
Бұрқырап бұйра түтін бұлтқа жетті,
Ызғытып тракторды атша жекті.
Күші бар Көктеректе бір ауданның,
Бір өзі отыз мың пұт астық төкті.
Ту байлап қызыл байрақ азық артып,
Жоспардан бұл колхоздар береді артық.
Қыбырлап жол бойында жер қайысып,
Жатады қызыл керуен көшін тартып.
Жерімде шыны зауыт орналасқан,
Мартен пеш ертелі-кеш жалын шашқан.
Белгісіз жұмбақ болған кен байлықтың,
Ерлерім еңбекпенен бетін ашқан.
Айтасыз төрт түлікті малдың көбін,
Белгілі бізде-дағы байлық шегін.
Қайсы бір колхозымның көлеміндей,
Аумағы ауданыңның екпейді егін.
Сапталып соқаларым қайраулы тұр,
Зіркілдеп тракторым майлаулы тұр.
Бедеу ат, атан, өгіз ерте бастан,
Бордақы майға пісіп байлаулы тұр.
Көктемге ат құйрығы түюлі тұр,
Жалтырап жер жарағы жиюлы тұр.
Жаңа жер майлы шыққан қара нұрлы,
Өлшеніп омақасы үюлі тұр.
Нұрхан:
Еңбектің неше алуан саласында,
Ерлікпен озған елдің арасында.
Мал алып колхозшылар еңбегіне,
Қой салды қырық-елуден қорасына.
Аңғарсаң әр сөзіммен абайлаттым,
Талайды тамсандырып қарайлаттым.
Төрт түлік семіз малдың маңдайынан,
Майданға он сегіз мың мал айдаттым.
Байлықта оза алмайсың, қай жағынан,
Ет, май зат алтын аққан қаймағынан.
Бір жылда майданға айдап берген малым,
Табылмас ауданыңның аймағынан.
Алты ай қыс тракторды оңдатасың,
Көктемде күркіретіп боздатасың.
Екі айда екі гектар жер айырмай,
Бұзылып тракторың тек жатасың.
Көктемде трактормен айырасың,
Ысқыртып күндік жерден қайырасың.
Сапалы жоспарыңды бітіре алмай,
Асығып әр тәсілге бой ұрасың.
Ескермей жаңа жерді тастап кетіп,
Айдайсың қайдағы бір жер ласын.
Жеріңде мысық құйрық, қодірен қаптап,
Орғанда таба алмайсың тары басын.
Алтай жаз ала бота қурай шауып,
Айырып дән ала алмай сабылатын.
Жарты есе жоспарыңды орындамай
Азыққа байлық етіп неғыласың.