Нұрхан мен Майташ айтысы (2-бөлім)
Нұрхан Ахметбеков, Майташ Ысмағұлова · 2 мин оқу
Батырдың Аманкелді туған жері,
Ерлікпен елдің кегін қуған жері,
Асыра асуынан ақтарды айдап,
Ой-қырын қызыл қанмен жуған жері.
Зер салдым бала жастан төңірекке,
Тергенмен сөз маржанын жатпай текке.
Талабым тауды тербеп, тасты жарып,
Орнаған жыр ұясы көкірекке.
Алтайдан асыл жырмен алтын шашқан,
Оралды өткір жырмен орайласқан.
Аңқылдап Алатаумен әнін қосып,
Ұлы Абай өтті кеше жұрттан асқан.
Атақты ұстазымыз ақын Жамбыл,
Жамбылдай тәтті жырды артқа қалдыр.
Әлемге ақындықтың көшін тартып,
Көрсетті ұрпағына жолын даңғыл.
Ақмолда, Есенжолдай ақын өткен,
Жайылып Қырым-Хиуа аты кеткен.
Халқына қазынасын үлестіріп,
Көмейден күміс маржан жырын төккен.
Майташ:
Алакөл балығы көп көлдің байы,
Көктерек азығы мол жер шұрайы.
Түріндей түкті кілем көзге тұрмай,
Құлпырған май айындай көк орайы.
Тас құлап, тау қозғалды ер ісінен,
Тұлпардай дүбір қаққан желісінен.
Жарқылдап жай отындай жалын шашып,
Батырлар жауға аттанды ел ішінен.
Қаһарман Молдағали, Павелдарым,
Жоқтаған, намыс кернеп, елдің арын.
Деген бар жері асылдың ері де асыл,
Баса алмас біздің елдің дұшпан жерін.
Аймаққа Спандияр аты мәлім,
Баулыған болат топшы сұңқарларын.
Сыпырып томағасын жібергенде,
Заманы болды жаудың көрден тарын.
Шәкірті атақ алды үлгілі істе,
Шошынған жаулар оны көріп түсте.
Емес пе ердің ері Досымғали,
Берлинді бомбалаған шаңқай түсте.
Тарихтың тағылым алып мұрасынан,
Білімнің асқар алып нұрасынан.
Секілді Секең қарттың балапаны,
Біз ұштық мәпеленіп ұясынан.
Мен өстім осы арада еңбектеніп,
Сүйріктей сұңғақ бойлы өзектеніп.
Ағаке-ау, алдыңды орап, кете бермей,
Тыңдайын сізге да бір кезек беріп.
Нұрхан:
Менің де келді кезім шешілетін,
Жүйріктей бауырын жазып, көсілетін.
Ағын су, қоңыр бұйрат, тоғайлы орман,
Жерім бай төрт түлік мал өсіретін.
Колхоздар қабырғалас жатқан жайлап,
Мамырлап семіздіктен малы шайлап.
Өргізген он қорадан бір колхозым,
Шаңдатып шопандары мыңдап айдап.
Арғымақ айғай шықса тығылмайтын,
Қамалып қазған орға жығылмайтын.
Жылқысы жеті көлден кешіп ішіп,
Колхоз бар сексен бие құлындайтын.
Мыңнан кем колхоздарым санамайтын,
Жөні жоқ бақ құсының қарамайтын,
Мың жарым сиыр біткен колхозым бар,
Алты жүз аналық бас балалайтын.
Сән-сауық көзің тоймас тамашама,
Еңбекте: үлкен-кіші, бала-шаға.
Жаз болса сапырулы сары қымыз,
Иіндеп емізікті қара саба.
Халқыма қалың ырыс қарайлаған,
Малшылар дабыл қағып, ен жайлаған.
Ту алып ауыспалы қызыл жібек,
Төрт колхоз жиырма үш мың мал айдаған.
Бұлбұлдай ботақандар тұрған сайрап,
Түйекеш тұзға жайып, бағар жайлап.
Бұрқырап бұйра тұлым, жібек шуда,
Буралар жарап-ақ тұр тісін қайрап.
Дайындап, жаз басынан соқа-сайман,
Қамытын, шыбыртқысын іліп қойған.
Күтімге күз басынан бағылған соң,
Өгіздер жатыр шайлап жүрмей майдан.