Болман мен Нұртаза айтысы (4-бөлім)
Болман Қожабайұлы, Нұртаза Айранбайұлы · 3 мин оқу
Көргенде таң қаласың Әнибекті,
Қайтпайтын қара тастан ер жүректі.
Қудиып қазып барад құздың түбін,
Тонналап шығарады бір минутте.
Қайратты әрі мықты, әрі ақылды
Болар ма кен қазуға мұндай епті?!
Болман:
Ақыным, жөнің білмей мақтанасың,
Көрмеген әлі ештеңе жас баласың.
Тоқталып күні бойы отыр едім,
Мініңді келді кезім ақтаратын.
Ағаңмен әлің білмей жағаласып,
Бара ма басын бермей шапқан атың?
Шын келсем сапасына жұмысыңның,
Ұялып көп алдында тоқталасың.
Өсірген жергілікті кадрің аз,
Өсетін талабы бар жоқ па жасың?
Өсіріп жас маманды тәрбиелеп,
Олардың күтпеймісің нәтижесін.
Ауданға арыз айтып келгендер көп,
Әскердің жұмысқа алмай семьясын.
Қаратілеуова Балауды көрмедің бе,
Арқалап мана келген жас баласын.
Кәдірлеп әйел жасын ойламайсың,
Қарайсың өзің не деп осы арасын?
Әскердің семьясына көңіл бөлмей,
Білмепсің міндетіңді атқаратын.
Бірнеше жолсыз ісің толып жатыр,
Ақыным, жерің осы еске алатын.
Көрмейсің бірге жүріп мұның бәрін,
Отын, су, семьяның баспанасын.
Ойыңда бар ма, ақыным, Герасимов,
Отырған түзедім деп шаруасын.
Ақшасын үкіметтің шашып жүрген,
Сіз неге тоқталмайсыз бұған ақын?
Орынсыз жұмсағаны жүз мың сомдай,
Кемісін мұның қалай толтырасың?
Менде жоқ мұндай зиян, табысым көп,
Егессем үш марганец орнатамын.
Үкімет бассыздығын тексергенде,
Алмай ма заң орнынан сыбағасын?
Екінші темір жолдың начальнигі,
Киімсіз жұмыскерін қалдырасың.
Бұл-дағы салақтығың білсең, ақын,
Мініңе бастан-аяқ тоқтап кетсем,
Алдында көлденең тұр найза тасың.
Алтай жаз істегені үш процент,
Бұл неғып көтере алмай жатыр басын?
Сол шахтаң басқарушы Леоненко,
Бұл сөзге намыстанса қарқындасын.
Дегендей жер оңаша, ел оңаша,
Жоспарын есіне алып ұйықтамасын.
Мініңді айта берсем есебі жоқ,
Санасам атын атап адам атын.
Шаухин, Машенов пен Откаригің,
Жалқауды прогульщик жасырасың.
Бір жалқау Гулотикин кочегарың,
Қалайша көрсетпейсің мұның атын?
Мініңді шауып таста көзің көрмей,
Биікке қолың жетпес ұмтыласың.
Құтылып прогульщик жалқаулардан,
Ақыным, қай уақытта ақталасың?
Менімен пар келем деп әуреленбе,
Байлықтан күшім артық жоқ таласың.
Қозғалмас Сарыарқада алып үймін,
Мекендеп туып едің босағасын.
Айтып бер мінім болса сен секілді,
Береді енді кезек отағасың.
Нұртаза:
Халықтың ақынысың көргенің көп,
Сөзіме құлағың сал ырза болып.
Хосетов, Архиповпен екі жалқау,
Орындап жарты норма тұрғаны тек.
Шахтасын Бокроның тұрсаң қарап,
Кейінде шаңы жетпей қалған ұзақ.
Қарасаң төбесіне көзің жетпейді,
Адамға қауіп тумақ тастар құлап.
Начальник бұған дұрыс жауап бермейді,
Себебін бұл қалай деп айтсаң сұрап.
Мақсатын жұртшылықтың орындамай,
Жүргені тек болмаса естіп құлақ.
Мән-жайын халыңыздың көріп білдік,
Мініңді айтып берем тастамай-ақ.
Отыр ем күні бойы бойымды іркіп,
Аузыңды қутыңдайсың шөппен сүртіп.
Көп тіреу клубыңда үлкен қауып,
Бір жаққа көшетіндей ертең үркіп.
Жауыпсың бір шахтаны адам жоқ деп,
Төрт шахтаң жатыр көптен аузы бітіп.
Көшеңді басып жатқан құм мен кесек,
Алынбай тазалық жоқ жатыр бықып.
Сұп-суық от жақпаған ауруханаң,
Шамы жоқ қап-қараңғы келсең кіріп.
Үстелсіз, орындықсыз балабақша,
Күтусіз балаларың көзі былшық.
Сол үйде киетұғын киімдері,
Жатады бірін қағып, бірін сілкіп.
Емхана, столовый бір жерде тұр,
Аралас бір-біріне исі сіңіп.
Үйінде жұмыскердің радио жоқ,
Начальник ақша жоқ деп алған қырқып.
Қарасаң столовыйың ашық-тесік,
Қарасаң айналасы жатыр бықып.
Ұйықтапсың енді соғыс тоқталды деп,
Өзіңше уақыт тауып бір тыныштық.
Ашылар санаң болса енді ұйқың,
Алайын жұрт алдында қысып-қысып.
Осындай кемістіктің бірін көрмей,
Ақыным, үлкейдің бе, бұл не қызық?