Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Болман мен Нұртаза айтысы (3-бөлім)

Болман Қожабайұлы, Нұртаза Айранбайұлы · 2 мин оқу

Нұртаза:
Сөйлейін соққан желдей екпіндетіп,
Інің мен артыңыздан келдім жетіп.
Ақсақал сөздің бетін өзің аштың,
Тоқталып отыр едім құрмет етіп.
Көрсетсем көп алдында табысымды,
Ақыным, шошынарсың зәрең кетіп.
Атандым өз өлкемде бірінші орын,
Дабысым жер үстінде жатыр жетіп.
Айтысын екі алыптың тыңдаймын деп,
Жиналып жалпы жұртың отыр күтіп.
Ал енді көрсетемін ердің атын,
Баяндап көп алдында мағлұм етіп.

Ақыным, сіздің дұрыс сынағаның,
Ер болса айтып берем сұрағанын.
Отыр ем күні бойы ойға сақтап,
Көрсетіп айтқанымша шыдамадың,
Көп болса батырлардың аты шыққан,
Белгілі менен озып ұзағаның.
Толмай жүр не себеппен жоспарларың?
Өзіңе берген өлшеп сыбағаның.
Ту алып он алты ай тұрғанында,
Мен едім бір қанатың құрағаның.
Өзіңді осы күні борыш басып,
Белгілі кісім жоқ деп сұрағаның.
Орындап жоспарыңды сексен екі,
Тұлпарым, не себептен тұраладың?
Өскенін көлемімнің айта берсем,
Менде бар бірнеше үздік бағландарым.
Жетеді екпіндері екі жүзге,
Көзіңе көрінбей ме осыларым.
Орташа бір мың сексен болған кісім,
Ақыным, білмек болсаң бір шаманың.

Он сегіз комсомолда бригадир бар,
Ішінен жүз жиырма бір толтырғандар.
Смирнов, Слесарев бастықтары,
Ақыным бұған-дағы құлағың сал.
Екі жүз он процент орындаған,
Ерімді Ивановтай есіңе ал.

Табатын аса байлық жерлерім бар,
Осындай әлденеше ерлерім бар.
Бес жылдың көлемінен есептесең,
Үздіксіз артық істеп келгенім бар.
Бұл-дағы бір көрнекті табысымыз,
Берілген жиырма адамға наградтар.
Көбейіп бірте-бірте қосылғандар,
Жүз жиырма төрт кісіге грамота бар.
Отыздан жүзге жетті стахановшы,
Арасын жылмен жылдың салыссаңдар.
Сан батыр орден алды еңбегі асып,
Тағы да толып жатыр қосылғандар.
Медалін тағы да алад Тоқтыбаев,
Бірінен бірі қалмай ерлерім нар.
Ашылған он бір шахта, төрт бөлімім,
Осындай дайындықтан запасым бар.
Сыяды Жезқазғанның кеңдігіне
Нанбасаң тағы мыңдап кісіңді сал.
Шығарған рудам мен болатыма,
Жүздеген қамсыз болды дивизиялар.
Қатарда ең алдында танкім жүрді,
Броны оқ өтпейтін біздің сталь.¹
Мақтан ғып айтар болсаң құрышты айт,
Мысыңда марганецпен айырма бар.
Алдында снаряд, бомба, танк болып,
Кей жерде біздің табыс алға шығар.
Болғанда мен снаряд, жырым жебе,
Айқассам айбыным бар жауды жығар.
Жеткізем Отанымды керегіне,
Әлі де жиырма жылдық запасым бар.
Көлемін екі жүзді жалпақ жатқан,
Сізбенен ұшырасат мұны да аңғар.
Жылына жүз миллион сом үнемдедім,
Бұл-дағы бір табысым мұны ұғып ал.

¹ Сталь (орысша) – болат.
Егессем бір Жезқазған құрып алам,
Жетеді запас тұрған қазыналар.
Электр станцияда Асқаровым,
Тоқ беріп жарқыратқан күн-күн сайын.
Мінеки, жас маманның батыр ұлы,
Секілді дәл он бесте туған айым.
Құлатқан тілсіз кеннің жігін тауып,
Айтайын ерлерімнің осындайын.

Баяндап сізге айтайын Шағай ерді,
Айтулы ердің бірі бұл да белді.
Мейірің еңбегіне тұрар қанып,
Бұл жігіт қайраткерім шын жігерлі.
Жасынан оқу оқып, білім алып,
Жол танып, көріп еді талай жерді.
Соғыстың кезеңінде күш көрсеткен,
Қайраткер қажымайтын туған еді.

Қайтпайтын қасқа маңдай, ұзын бойлы,
Батыр жүрек, балуан білек, терең ойлы,
Қақпақтай жауырыны, бүркіт қабақ,
Салса да қандай іске абыройлы.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз