Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлманбет пен Бала Ораз айтысы (3-бөлім)

Құлманбет Жамансарыұлы, Бала Ораз · 3 мин оқу

Бұ кісінің ішінде,

Кімдер бар да, кімдер жоқ:
Біздің алты Абдалдың баласы,
Бұған кімнің шарасы.
Ар жағыңа қарасам,
Қарағұлдың Әуелбай,
Бүгін екі аты келді бәйгеден,
Бұған жоқ жанның таласы.

Онан соң мына Бегежан,
Кекілбайдың Бітірбай,
Сусынына ішкен шәй.
Айсеттен туған баланың,
Ортаншысы еді Қарабай.
Тіпті, үйінен шықпаған,
Ең кенжесі – Адайбай,
Сегіз арыс Адайда,
Қосқұлақтың ішінен,
Көтібардан қыз алып,
Бұның дабылы кетті талайға-ай!

Бұ кісінің ішінде,

Кімдер бар да, кімдер жоқ:
Қанайдан туған Бейсеу бар,
Дайрабайдың Дәуімшар,
Құлметен менен Дәрментай –
Бәрі бірдей қара нар.
Менің даусым шыққан соң,
Бірі қалмай желігіп,
Қысырақтан мал салып,
Тоты құстай таранар.
Осындай топтың ішінде,
Жастабан мен Шарғаның,
Бір мырзасын мақтасам,
«Дәулет біткен – малды», – деп,
«Қашайын», – деп, жалтақтап,
Жан-жағына қаранар.
Жиенбет болыс еді көптен жүрген,
Қашаннан Қаратазды өктеп жүрген.
Жастабан, Шарғаменен – жаман елсің,
Сарықасқа шайтан кеулеп, өкпеңді үрген.
Құлманбет, енді саған түйе түгіл, ине бермейді,
Кірі бар көкіректің көптен жүрген.

Тойда отырған Жастабан, Шарға мен алты арыс Абдалдың байлары Құлманбет шайырдың сөзіне қызынып, дауыс көтере бастайды. Сонда осында отырған Қоспақ ақын екі шайырды бітімге шақырады, оларға мәмілегер болады.

Қоспақ:
Тарпи да, тарпи, Құлеке-ай,
Сен – таласты көрсең, желген ер.
Шылбыр тақпай әр жерде,
Көтермесіз келген ер.

Келгеніңнің белгісі,
Сонау Орынбордың басында,
Тілеуқабыл төренің,
Алқасының қасында,
Жетірудың үш ақын,
Ең жүйрігі – Марабай,
Байұлының ары үшін
Жалғыз-ақ барып жеңген ер.

Мынау Ораз жат емес,
Өзіңнен шыққан сүйегің,
Апаңнан туған жиенің.
Сен шыныңмен кәрленсең,
Былайғы елден ұялып,
Қарсыласпас сізбенен,
Кәріңнен қорқып, жерге енер.
Оразбенен екеуің,
Айтыса көрме ар үшін,
Таласа көрме мал үшін!

Қия бір кетсек, қисайып,
Ата-баба аруағы,
Бүгінгі күні тебіренер.
Сен – Келдібайдың Құлманбет,
Мынау – Жастабанның Оразы,
Екеуіңді де мақтамас,
Осы алқада көрген ер.
Аңғарған сынап тұрған-ды,
Ақылы асқан зерделі ер.

Жиенбеттің тойынан
Тоймағандай қақылдап,
Азғантай ауыл Абдалмен,
Жастабан мен Шарғаны
Оразбенен екеуің,
Бөлуге қалдың мақұлдап,
«Айтайын» деп сен тұрсың,
Ауыздығың сақылдап.
Абырой берген күн екен,
Ортаңа келдім жақындап.

Заманда болған бөрі едің,
Қанды көйлек ер едің,
Кешегі шалқып жүргенде,
Сан дүлдүлмен сайысып,
Жетірумен айтысып,
Талайын сөзбен жеп едің.
Ашуыңды көрген соң,
Дәнекер үшін, Құлеке-ай,
«Екеуіңнің ортаңа,
Сөйлейінші» деп едім,
Қабыл-ақ екен тілегім,
Сол Ойылдан Тәңір айдап,
Мен де бүгін кез келдім.

Бұ кісінің ішінде,

Кімдер бар да, кімдер жоқ:
Жеті аталы Жетіру,
Арқадағы алты Әлім,
Сегіз арыс Адай бар,
Есентемір, Беріш бар,
Ысық пенен Шеркеш бар,
Қызылқұрт пенен Алаша,
Байбақты менен Тана бар...
Көрмеген халқың және бар.
Біздің елдің бозбала,
Жоқ жоғалтып, әр елді
Екеу-екеу аралар.

Аралап жүрген күнінде,
Былайғы елдің сөйлескен,
Әңгімесі бар еді.
Біздің Тазға біткен жігіттің,
Бірқатары нар еді.

«Нары кім?» деп сұрасаң –
Шарғадағы Нарынбай,
Жастабанның ішінде,
Төремұрат, ер Өтен
Келдібайдың ішінде
Бәкей, Пыштан, Күнжарық,
Басығара, Серікбай –
Осылар елдің бары еді.
Сол батырлар барында.

«Таз» деген ауыл бөп-бөлек,
Әлі жаудан аман жүр.
Бұрындағы жігіттің,
Бірқатарын «Батыр» дер.
Бұ күндері болғанда,
Не дейтінін білмеймін.

Білмесем де айтайын:
Тоқтатайық тартысты,
«Елдің мынау тойында,
Мұқырсудың бойында,
Келдібайдың Құлманбет,
Жастабанның Оразы,
Азғантай ауыл Таз екен,
Сақылдасып, айтысып,
Бүлдіріп елді жатыр» дер.
Ендігі қалған сөз болса,
Салқынмен кешке айтармыз,
Аузы, құрғыр, ораза,
Намаздыгер таянып,
Намаз оқыр шақ болды.
«Ауыз аш» деген бір хабар,
Тұс-тұс жақтан тап болды.
Ораза, намаз қалған соң,
Сауаптан да құр қалармыз.
Баяғыдан еткен құлшылық,
Далаға кетер болып сер.

Сөйтіп, айтыс мамыражай татулықпен аяқталады.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз