Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (5-бөлім)
Бала Ораз, Жібек қыз · 2 мин оқу
Есентемір деген елім бар:
Сол Есентемірдің ішінде
Сұлтангелді, Көктаубай,
Атқыш Мыңбай, Есенжан,
«Жазығы – Есентемір» демесең,
Сырымменен қосылып
Орынбордың аузында,
Ханға тыным бермеген.
Беріш деген елім бар:
Бұл Беріштің ішінде,
Исатай менен Махамбет,
«Жазығы – Беріш» демесең,
Он таңбалы Орымға,
Қырық таңбалы Қырымға,
Атағы кеткен дәрежелі ер еді,
Хан Жәңгірдің қорлығына көнбеген.
Мақтанба, апа, мақтанба,
Бар ма еді жәйің көрмеген?!
Жасы да жеткен кәрі қыз,
Жалған да сөзді сөйлемең!
Жібек:
Бала, ақылсыз, ақымақ болмасаң,
Ақылың айран бола ма?
Мен әріден айтайын,
Көңілің сонда тола ма?!
Әдіре қалғыр, сен, шіркін,
Әлімнің несін мақтайсың,
Тәңірі бақыт бермеген,
Өлтірем деп төресін,
Үшке дейін шабылған.
Ерте көшіп, кеш қонып,
Бұлттан көрпе жамылған.
Мақтанса, Жетіру мақтансын,
Қолына алған шұбар ту,
Ол да өзінен табылған.
Жетіруым кезенсе,
Алтыннан қылыш тағынған.
Шыдай алмай Мәмбетің,
Ауа қонған қоныстан,
Төтеп бермей орысқа,
Өзі барып бағынған.
Шеркештің несін мақтайсың,
Көшіп жүріп шөлдеген.
Көктем, маусым күнінде,
Ауылға келген мейманға,
Толық аяқ сусын бермеген.
Таздың несін мақтайсың,
Өз басын сауғалаудан, басқаны білмеген.
Ала қоржын саудагер,
Саудадан басқа білмеген.
Ысықтың несін мақтайсың,
Ұрлықтан басқа білмеген.
Сыбай қонған ауылдың,
Малына тыным бермеген.
Масқардың несін мақтайсың,
Жалғыз тайын ұрлатса,
Көрінім жерге қуып келмеген.
Есентемірдің несін мақтайсың,
Сақыраға көшіп көрмеген.
Шапатасы шартылдап,
Шақпақ тасы жарқылдап,
Қарабай мен Қаракөл,
Қарағаш пен Сарыкөл,
Жаздай жайлап жағасын,
Су ішінде мамыр құс,
Мамырына тыным бермеген.
Беріштің несін мақтайсың,
Үдере көшіп көрмеген,
Жайықтан басқа жерге жүрмеген,
Ағаштан басқа көрмеген.
Қора-қора мал алып,
Тоқалдықтан басқаға,
Ешбір қызын бермеген.
Баспағына жүк артып,
Жайықты жағалап, күн көрген.
Жаппастың несін мақтайсың,
Ат арқасына мінбеген,
Жауға аттанып көрмеген.
Алашаның несін мақтайсың,
Ақшолағы болмаса,
Басқасы адам қатарына ермеген.
Адайдың да жәйін білемін,
Оған таман келемін.
Ерте тұрып көшеді,
Ерте көшкен ауылы,
Кешке келіп қонады.
Қыз-қатыны жиналып,
Уық-бауын шешеді.
Белкүрек, шотын алады,
Ойпаң жерге барады,
Тереңдей құдық қазады.
Құдықтан шыққан суына,
Алдыңғы келген жылқысы,
Шала-шарпы қанады,
Соңғы келген малына,
Суы жетпей қалады,
Ақылы жоқ Адай-Таз,
Қауғалары салдырлап,
Төбелесті салады.
Қатынының басы жарылып,
Қыздың бұрымы жұлынып,
Жүзіқара болады.
Соныменен шуласып,
Төрешіге барады.
Сөйлестіріп қалады.
Бітіміне басының
Бес қойдың жабағысын алады.
Айыбына ақсақал
Тоқтылы қой салады.
Ертең және көшеді,
Маңғыстау деген қонысқа,
Бір ай көшіп барады,
Бір-екі айдай отырып,
Қайта кете салады.
Қауғалары даңғырлап,
Астаулары салдырлап,
Жаман тоны қаудырлап,
Әр бұлаққа барады.
Байларына қарасаң,
«Ертемен ерте көшем» дейді.
Ұйықтап қалса қапыда,
Бәйбішесі таяқ жейді.
Әйеліне қарасаң,
Ертеменен тұрады, –
Алма мойнын бұрады,
Мал саууға шығады.
Беті-қолды жууға,
Құманында әлгінің,
Құюлы тұрған суы жоқ,
Қазанға қолын тығады.
Кіріменен қолының,
Асқа апарып сұғады.
Байына тұрған төсектен,
Бір аяқ айранын құйып береді.
Жамырай малы өреді.
Айранын ішіп алған соң
Әлгі қойдың соңынан,
Шепіктері сыртылдап,
Ұршықтары бұлтылдап,
Күздегі қара суықта
Киейін десе етік жоқ,
Сары тонын жамылып,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Өкпелері зырқылдап,
Жүгіріп кетіп барады.
Қу таяғын қолға алып,
Қойына қарай салады.