Құлманбет пен Бала Ораз айтысы (1-бөлім)
Құлманбет Жамансарыұлы, Бала Ораз · 3 мин оқу
Құлманбет:
Алып келді мені «Сөйле!» – деп,
Мына Балтаның ұлы Бекпенбет.
Мен жасымнан шешен туғанмын,
Сөйлер сөзге тым жендет.
Кейінгі өскен балалар,
Көрмегесің тосырқап,
Аузы-басын түк басқан,
Сақал-мұртын шаң басқан,
Әлдекім деп жүрмеңіз:
Мен кешегі бір күндерде,
Алашқа бәйге бермеген,
Белгілі тарлан – Құлманбет.
Бай баласы байға ұсар,
Байланбаған асау тайға ұсар.
Қайырсыз байды мақтама,
Ол панасы жоқ сайға ұсар.
Би баласы биге ұсар,
Бұйдасын созбас нарға ұсар.
Сең соққанмен құлап, таусылмас,
Ол бір биік жарға ұсар.
Ер баласы ерге ұсар,
Базарда қымбат зерге ұсар.
Жұрт көшкенмен тебіренбес,
Мінезі ауыр жерге ұсар.
Кәрі жыным келген соң,
Аруағы құрғыр төнген соң,
Мына отырған Оразға,
Олай да былай сөз айтып,
Желкесінен бір тістеп,
Жүдетейін десем де,
Азырақ түсі меңзеп тұр,
Өзіміздің Тазға ұсап.
Ақ сұңқар құс секілді,
Қанатым сүйір дөңгелек.
Қыран бүркіт секілді,
Қауырсыны мықты шеңбірек.
Қара лашын секілді,
Бауырым шұбар, сыртым көк.
Ашуым келсе, шыдатпас,
Менің аузым құрысын,
Құрулы тұрған зеңбірек.
Шырағым, сен, Жиенбет,
Келіп, бір көрінші көзіме.
Кешегі «штат» болғанда,
Жұрт жиылып толғанда,
«Абдалдан туған ұл-ды» деп,
«Атасы басқа пұлды» деп,
«Бәрімізге де алты жыл,
Бұ да әкімдік қылды» деп,
Жастабан мен Шарғаны,
Сен «Бірге туды» десең де,
Біздің Жиенбет сынды алтынның,
Соңына түскен бөлмелеп.
Жас алпысқа келгенде,
Бір сөйлейін барымды,
Келген жоқ па маған бір кезек?!
Құлманбет:
Дәулеті бар деп естігем,
Сонау Жайықтан арғы Нарынды.
Бұл күндері болғанда,
Нарыннан дәулет арылды.
Кешегі бір уақта,
Нарын деген ар жақта,
Иесіз қоныс көп еді.
Бұл күндері болғанда,
Нарындағы иесіз қоныстың,
Біразы кетті хандыққа,
Біразы кетті қазынаға,
Қайырулы мал өспес,
Нарыннан дәулет арылды.
Сөйтіп, шалқып жүргенде,
Кімнің жақсы, жаманы,
Кімнің адал, арамы,
Кімнің ұшқыр, шабаны,
Бұл халыққа мәлім-ді.
Мен кешегі күнімде,
Алашқа бәйге бермеген,
Құлманбет едім кәдімгі.
Жиенбеттің тойында,
Мұқыр судың бойында,
Мен аянып нетейін,
Шамаға келсе барымды.
Кешегі «штат» болғанда,
Жұрт жиылып толғанда,
«Абдалдан туған ұл-ды» деп,
«Атасы басқа пұлды деп,
«Бәрімізге де алты жыл
Бұ да әкімдік қылды» деп,
Жастабан мен Шарғаны,
«Бұ да бірге туды» деп.
Барлығы бірдей сөйлесіп,
Елулігі жиылып,
Біздің Жиенбет сынды алтынның,
Соңына түскен залым-ды.
Оның залымдығын көрген соң,
Неғыларға бересің,
Менің кешегі шапаным мен нарымды.
Жолымды менің алған соң,
Арқа терім тарылды.
Өзім жоқта нар беріп,
Өз қолынан ар беріп,
Мен Жиенбеттей көрмедім,
Жұртқа қайтқан жарымды.
Бала Ораз:
Асу да асу ел көшіп,
Есепсіз ауыр жүк салып,
Бақалшағы майысса,
Түн қатқанда кірпігі,
Бір-біріне жақын келіп, ойысса,
Қабағын шытып, мұңаймас,
Сен едің бітеу өркеш үлегім.
Қаршыға құстай қайқиған,
Тұрымтай құстай тұңқиған,
Ителгі құстай еңкейген,
Салқиғанда қаз ілген,
Қабағы тарса түйілген,
Ашуы келсе, шүйілген,
Сен бір қыран түлегім,
Палуанның қолындай,
Ұстауға мықты білегің.
Падишаның сойындай,
Қашаннан болат сүйегің.
Пайғамбардың сойындай,
Қабыл-ақ еді-ау тілегің.
Қарақұл мен Құлманбет,
Сен екеуің тұрғанда,
«Бір Тәңірден болмаса,
Кер келмес» деп жүр едім.
Нағашым – жүйрік сен едің,
Сойыңа тартқан мен едім.
Сен жоғары кеткен соң,
Төменгі болған жиынға,