Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бала Ораз бен Мұрат айтысы

Бала Ораз, Мұрат Мөңкеұлы · 2 мин оқу

Ораз:
Мұратжан, бала, сен бе едің,
Жоқ еді бұрын көргенім,
Көрмегеннің белгісі –
Алдымда туған аға деп,
Иіліп, сәлем бермедің.
Рас па еді, шырағым,
Былтыр Көкжар базарына
Бай Бәшеннің баласы
Алдаберген мырзаң қасыңда
Айтысамын деп, іздеп келгенің?
Бәріміз де Байұлы
Сын емес пе басыңа
Ағаны жеңіл көргенің?!

Мұрат:
Айтқаның, Ораз, мен едім,
Жоқ еді бұрын көргенім.
Көрмегеннің белгісі –
Алдымда тұрған аға деп
Иіліп, сәлем бермедім.
Ағаны жеңіл көргенім
Мен жүйріктігіме сенгенім.
Тап өзіңдей тақтақтың
Талайын басып, жеңгенмін.
Дәл он жеті жасымда
Ысықтағы Жылқышы
Соныменен айтысып,
Қарабаудың ішінде
Есентемір Қоқанның
Алдында зулап келгенмін.
Зейінің жетсе, Оразжан,
Сөзіңе жауап бергенім.
Сенің ақылыңның аздығы
Әзәзіл тілге ергенің.
Тап өзіңдей бойжетсе,
Інісі кимес болар ма
Ағаның қанды көйлегін.

Ораз:
Ауыр да тиді көңіліме
Айтысам деп, іздеп келгенің.
Арқадағы алты Әлім,
Желкедегі Жетіру
Он екі ата Байұлының ішінде
Мен – ұраны Бақай Қаратаз –
Толықсыған елдерім.
Сол елдердің ішінде
Төремұрат, Нарынбай,
Өтен сынды ерлерім.
Сол ерлердің барында
Дұшпанға теңдік бермедім.
Жемге қала салдырмай,
Дін қылышын сермедім.
Алушы едік біз қорғап
Байұлының баласын
Оралдан қашып келгенін.
Тайсойған мен Бүйректе
Тайөгізге жүк артып
Бұқбақтап жүрген Берішке
Толар ма менің шеңгелім! ―

дегенде Шәкілік шыдай алмай, Мұратқа: – Ну-ка, бала, айт, мына Тазың қалай-қалай есіреді, – депті.

Мұрат:
Ауыр да тисе, амал жоқ
Рас еді, Ореке,
Айтысам деп, іздеп келгенім.
Арқадағы алты Әлім
Желкедегі Жетіру
Он екі ата Байұлының ішінде
Сен, ұраны – Бақай Қаратаз –
Толықсыған елдерің.
Сол елдердің ішінде
Төремұрат, Нарынбай
Бақытсыз туған ерлерің.
Бақытсызы не десең,
Сол екеуі өлгенде
Көзіңмен бар ма көргенің,
Қолыңнан бар ма көмгенің?
Білесіз бе қаңғырып
Қайда жүріп өлгенін?
Қаңғырып өлген ұрыңды
Үйшікке келіп мақтайсың,
Мінекей, сенің, Ореке,
Тазға қорлық бергенің.
Жиын менен той болса
Кіреріне үй жетпей,
Жүруші еді тентіреп
Моншақты күңнің баласы
Қаратаз деген елдерің.
Мен мақтайын Берішті –
Беріштің ұлы тегіс-ті.
Әлі білмей жүрмісің
Төремұрат, Өтеннің
Қатар жүрген жолдасы
Біздің Құлшар менен Кебісті.
Губернатор, жанарал
Офицер, шенді келгенде
Қылышын шешпей, көрісті.
Заманға қарай саз керек
Мақтасаң, мына айтсайшы,
Тірі жүрген Қосымбай
Дүйсалымен екеуі
Мақтауыңа келісті.

Мұрат айтып болғаннан кейін Қосымбай мен Дүйсалының біреуі өздерін мақтағанға мәз болып:
– Мұрат дұрыс айтады, біздің Ораз осы күні жаңылып жүр ғой, – деп, пәтуа беріп, Оразды айттырмай тастаған. Мұрат жеңді деп, жол берген.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз