Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұрат пен Жаскелең айтысы

Мұрат Мөңкеұлы, Жаскелең · 3 мин оқу

Жаскелең:
Алаш та Алаш болғалы,
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап
Алаш деп ұран бергелі
Алшын еді бабасы
Шолпан еді анасы.
Сұрай келсек, әр жұрттың
Әлім дейді ағасы,
Ағаға кімнің таласы.
Жаз жайлауым сұрасаң –
Терісаққан, Қобда, Шыңғырлау
Ойыл да Қиыл, Батпақты –
Үш өзеннің саласы.
Күз күзеуім сұрасаң –
Топырақшашты, Жем, Қайнар
Сағыздың сары даласы.
Қыс қыстауым сұрасаң –
Ұзын Жемнің аяғы
Көлденең жатқан көк теңіз
Атыраудың жағасы.
Өзімнің атым − Жаскелең
Кете Бекберген жыраудың баласы.
Он жасымнан асқалы
Осы жасқа келгелі
Екі жақты, бір тілді
Пенденің жоқты таласы.
Әлім деген аға жұрт
Ағаға кімнің шарасы?
Жолсыз жерге тап беріп
Жарлылық айдап келді ме,
Жылқыға зәру ел ме едің?
Қаңғырып жүрген сен де бір,
Байұлы, иттің баласы.

Мұрат:
Алаш та Алаш болғалы
Алаша атқа мінгелі,
Ала шұбар ту байлап,
Алаш деп ұран бергелі
Алшын еді бабасы
Шолпан еді анасы.
Сұрай келсек, әр жұрттан
Әлім дейді ағасы
Ағаға кімнің шарасы?
Жайлауыңа мақтанба,
Жаз жайлауыңды білемін –
Терісаққан, Қобда, Шыңғырлау
Ойыл да Қиыл, Батпақты
Үш өзеннің саласы.
Мұныңды байқап қарасам,
Жазғытұрым Табынның
Егістік айдап тастаған
Жыртындының арасы.
Күзегіңе мақтанба,
Күз күзеуің білемін −
Топырақшашты, Жем, Қайнар –
Сағыздың сары даласы.
Мұныңды байқап қарасам,
Жазғытұры Адайдың
Топалаңнан қойы өліп
Сары жұрт қылып тастаған
Өлімтіктің арасы.
Қыстауыңа мақтанба,
Қыс қыстауың білемін −
Ұзын Жемнің аяғы
Көлденең жатқан көк теңіз
Атыраудың жағасы.
Жер тимеген Кетеге
Жазыла көшер жерің жоқ,
Қайта көшіп жол салып
Байұлы бөліп тастаған
Тамам сордың арасы.
Өлеңті мен Шідерті
Естек-Кете жайлаған,
Жағалай бие байлаған
Жетіру мен Әлімнің
Екеуінің арасы.
Әлімге қоспа Кетені
Кете деген еліңіз
Әлім де емес, Бай да емес
Асыранды қара қарын баласы.
Жас күніңде қаңғырып
Қасыма келген сен едің.
Асыранды болған соң
Қой бақтырған мен едім.
Көк қошқардың баласы
Қоңыр қошқар мен сойып,
Қолыңа таяқ ұстатып,
Таяғың құтты болсын деп,
Майлы таяқ қойшым деп,
Майлыбай деп шақырып
Ұран берген мен едім.
Отыз ешкі, қотыр нар
Енші берген мен едім.
Сол еншіге өкпелеп,
Кетемін – деген сен едің,
Кетсең, кет – деген мен едім.
Өзіңнің кетемін деген сөзіңнен
Кете атанған ел едің.
Төсағаш пен Сүрелі
Шегің болсын деп едім.
Сенің Кете деген атаң жоқ,
Арғы атаңды білемін –
Баутиын мен Жаутиын
Иттің атын қойдырып,
Ит атанған сен едің.
Жылқыға кедей ел емен
Орныңды тап та, олжаңды ал,
Осы мәніс қалай деп
Жұрт алқасы жиында
Өзіңіздей білгіштен
Сұрайыншы деп едім.

Ел аузындағы ескі сөзге, шежіреге олақтау Жаскелең жауап қайтара алмайды. Содан Мұрат той бастап, жолдығын алып, сол тойда жүрген Байұлымын деп жүргендердің біреуіне шапанды, біреуіне биені беріп кетеді.

* * *
Мұрат Мөңкеұлы
Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды... Мұрат мақтау өлең айтып, мал таппаған адам. Заманындағы ұлықтарға шығарған асқақ сөзі көп. ...Мұраттың өлеңмен мақтаған кісінің бірі – Сырым батырдың немересі Қази ұлы Омар.
Бұнда да Омардың өзінің аталарының елге еткен жұмысын мақтайды.* //Досмұхамедұлы Х. Аламан, 102-б.//.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз