Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (3-бөлім)

Бала Ораз, Жібек қыз · 3 мин оқу

Жібек:
Тұсымды түрші, Жетіру,
Анау Байұлы бала келеді.
Байұлыны көрген соң,
Мына жүйрігің шауып жөнелді.
Танимысың бүгін, сен бала?
Танымасаң, жас бала,
Танытайын мен енді!
Жақынырақ кел енді!
Кешегі қырман басында,
Күймелі арба үстінде,
Қосшы қыздарым қасымда,
Паңдықтан көзімді аша алмай,
Аяғын тұрған баса алмай,
Қасым жайдай керілген,
Кірпігім оқтай тігілген,
Қараған кісі үңілген,
Қызыл тонға оранған,
Жібек апаң мен едім.
Құлаша байтал астында,
Қу шекпенің үстінде,
Қуарған бала сен едің.
Әдіре қал, тұт, шіркін!
Жалғыз-ақ менің сен бе екен,
Күн қақты Тазды көргенім?!
Байұлының баласын,
Талайын жеңген мен едім.
Осы жерден кері қайт!
Сен секілді баланы,
Бұл емес менің көргенім!
Менің немді сұрайсың?
Он бес жасқа келгенде,
Құрбының қатарына енгенмін.
Он алты жасқа келгенде,
Қатар өскен құрбының,
Мерекесін көргенмін.
Сенің Байұлыңның ішінде
Қаракемпір Бәленей,
Бәленедей жыршыңды,
Өткен Айтта жеңгенмін,
Қуан деген қартыңды,
Көш-жөнекей көргенмін,
Тәжіғұлдай мылжыңның,
Басына қорлық бергенмін.
«Қаратаздың ішінде,
Жиенқұл жырау бар» деуші еді,
Шыныңды айтшы, жас бала,
Сол Жиенқұл шайыр сен бе едің?
Сен секілді баланың,
Мен талайын көргенмін!

Бала Ораз:
Елірме, апа, елірме,
«Елекке егін ектім» деп.
«Боразда, сопты!» үйретіп,
Мойнына арқан сүйретіп,
«Өгізге арба жектім» деп.
Өтірік айтпа, апеке,
Біздің Байұлының ішінде,
Бес аталы Шеркеште,
Қаракемпір Бәленей,
«Өткен Айтта жеңдім», – деп,
Қуан деген қартымды,
«Көш-жөнекей көрдім» деп.
Тәжіғұлдай айтқыштың
«Басына қорлық бердім», – деп.
Хас шешенге келгенде,
Осы балаң сөйлесе,
Бір соғарсың саныңды,
Сөз таппай, «Апа, өлдім!», – деп.
Қаратаздың ішінде,
Тәжіғұлдай шайырым,
Жолаушылап осы жаққа,
Кешегі қоян жылы қыс күні,
Келген екен, апеке-ай,
«Жетірудың ішінде,
Бір қартайған кәрі қыз көрдім», – деп еді,
Сол ұлғайған апам сен бе едің?
Менің осы ма екен, апа, әр жерде,
Сендей кәрі қызды көргенім?!
Есітіп пе едің, апеке,
«Байұлының баласын,
Жетірудың қартайған,
Кәрі қызды жеңді» дегенін?!
Қаратаздың ішінде,
Есенбақ деген қартым бар,
Таласса, қазаққа теңдік бермеген.
Келдібайдың ішінде,
Құлманбеттей көкем бар,
Оны да Орынбордың аузында,
Жеті атаның ұлы – Жетіру,
Жетеуі бірдей жиналып,
Жеті күндей айтысып,
Жалғыз өзін жеңбеген.
Адайда Абыл деген жырау бар еді,
Ол өлшеусіз туған дана еді,
Шариғатпен сөйлеген.
Ысықта Абат деген қартым бар,
Ол кісінің қасына,
Ғалым, молда келмеген.
Көп Беріштің ішінде,
Исатай мен Махамбет,
Он таңбалы Орымға,
Қырық таңбалы Қырымға,
Атағы кеткен ер еді,
Хан-төренің қорлығына көнбеген.
Қаратаздың ішінде,
Сен білмейсің Жиенқұлымды.
Жиенқұл жырау мен емен,
Ол – Байтулақтың баласы,
Оны Жиреншеден кем демен.
Осылардың бәрінен де мен төмен.
Менің атым – Бала Ораз,
Әлгі дүлдүл ағалар,
Осы тойда айтысып,
Апа, сені бүгін «Жең!» деген.
Жан-жақтан келген Жетіру,
Басыңды қосып, ел қылған –
Менің атым – Байұлы.
Осы бүгін, апеке-ай,
Сөздің жөні табылды.
Толмаса да, апа, тақымың,
Осы балаң нағылды?!
Ерегесіп келгенде,
Бермеспін қолдан арымды!
Елім бір білер ағымды,
Ашқайсың, Алла, бағымды!
Ерегесіп келгенде,
Сындырармын сағыңды!
Ашырмаспын, апеке,
Тілің менен жағыңды!
Жиырма бестен асқанша,
Отызға аяқ басқанша,
Осындай шайпау тіліңнен,
Байлаған Құдай бағыңды.
Абайлап сөйле, апеке,
Мұсылман болған пендеге
Астамшылық жақпаған!
Мен секілді жас бала,
Сенің қырсығыңа тап болған!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз