Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұрат пен Жылқышы айтысы (2-бөлім)

Мұрат Мөңкеұлы, Жылқышы · 2 мин оқу

Алқада сөз сөйледім шешіліп-ай,
Өкпемнің таң қаларсың тесігіне-ай.
Барады Тастемірің құнсыз кетіп
Еріксіз кімді көрдің есігіңде-ай?

Жылқышы:
Шырағым, дау оқып па едің бала жастан,
Өнерім он жасымнан судай тасқан.
Тыңдасаң, мен де айтайын ерлерімді
Шығыпты Қадырқұлдан Бітік, Баспан.
Әнекей, сол ерлердің еткен ісі
Қалмақты бостырыпты Қарағаштан.
Жоғарғы судың басы Қобда, Елек,
Сөзім бар әрбір түрлі бөлек-бөлек.
Қашқанда қазақ ұлы Сейілханнан
Кененбай қол бастаған батыр Төлек.

Өлеңге сен де дайын, мен де дайын,
Зулайды өктем жүйрік шапқан сайын.
Алдымда асқар таудай Сырым өтті
Мен неге айтар сөзге қорғалайын.
Түскенде қырық күн тұман Шерқалаға
Бастаған Байұлыны Телібайым.

Жасаған Жаббар ием бергенсін бақ,
Сөйлеген шежіредей тіл менен жақ.
Атасын түгел жұрттың болсаң білгіш,
Қызы екен шешең кімнің, нағашың тап?

Мұрат:
Жылқышы, жол оқыдым бала жастан,
Өнерің он жасыңнан судай тасқан.
А, сорлы, өтірік айтпай, шыныңа бас
Қалмақты ер Итемген бостырыпты Қарағаштан.
Сол күнде қандай қайрат қылған екен
Қаңғырып қасына ерген Бітік, Баспан?
Жоғарғы судың басы – Қобда, Елек,
Сөзің бар алуан түрлі бөлек-бөлек.
Қашқанда қазақ ұлы Сейілханнан
Мінгесті Саржалаға сіздің Төлек.
Жігіттің халқы көрген қайратын айт,
Сырғия ұрыңды айтып неге керек?!

Сөз деген сөйлегесін сөзден өнген,
Кетеді тілдің несі сөйлегеннен?
Таласпа есің болса, ау, Жылқышы,
Тентіреп, атамызға атаң ерген.
Тоғыз жыл Есболайға қоңсы болған,
Жолмырза енші алыпты Есболайдан.
Батасы Есболайдың қабыл болып
Бай болды Есенгелді жұрттан асқан.
Бір ауыз ақын болсаң, сөз сұрайын
Сол күнде хан еншісін кімнен алған?
Білмесең, ақылсыз құл үйретейін
Алдардан енші алыпты Нұралы хан.
Нанбасаң, ұлы қария көптен сұра
Бұл сөзді үлгі етпей ме ата-бабаң?
Олжасыз өңге қазақ қайтқанында
Табылды найзасына қыз байлаған.
Келеді он екі айда ұлы Құрман,
Хан жұмсап, қарашысын құлы қылған.
Ерегіс екіталай жер болғанда
Өңкей ит келіп пе еді жұлығымнан?
Шапқанда біздің қазақ Бесқаланы
Жүлде алды Қара батыр Сырымыңнан.

Айтасың өтірікті таласып-ай,
Кетесің білген жолдан адасып-ай.
Білмесең, ақылсыз құл үйретейін
Орта жүз Құба би дейді нағашым-ай.
Байұлы, он екі ата, бірі – Майса,
Хат оқыр жетік молда қағаз жайса.
Қолына Есентемір, Таз кіріпті
Қызы екен Құба бидің анам – Айса.

Ескі шежіреге орашолақтау Жылқышы мұнан әрі бара алмай, жауап қайтармайды. Мұрат алқа топқа танылып, ақындық сара жолға жолдама алады, Беріш-Мұрат ақын атанады.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз