Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (6-бөлім)
Бала Ораз, Жібек қыз · 3 мин оқу
Су ащының көліне
Мың сан Адай шомылып,
Суды ластап барады.
Жігітіне қарасаң,
Сары тоннан басқа кимеген.
Қыздарына қарасаң,
Іші бөстек қойдың жабағысы,
Етіне содан басқа нәрсе тимеген,
Күпіден басқа кимеген.
Қыдырған түнде жігіті
Қысқа қоныш, жалбыр шаш,
Тоқалдан басқа сүймеген.
Міне, осылай білмесең,
Өмірің өтіп барады,
Пәни жалған дүниеден.
Көрмеген, бала, дүмің жоқ,
Маған қарар бетің жоқ.
Осыдан соң Жетіру жігіттері: «Сен жеңілдің!» – деп, Бала Оразды сөйлеткісі келмейді. Сол арада Бала Ораздың есіне кешегі күні осындағы жерлес әйелінің айтқан сөзі түсіп, ол ауыл ақсақалы Әбіттен рұқсат алмақшы болады.
* * *
Әлгі жерлесі, Байұлының қызы: «Әбіт ақсақал да Жібектің масқара жәйін естіп, ренжіп жүрген көрінеді», – дегенді де айтқан болатын. Осыған арқа сүйеген Бала Ораз ендігі сөзін Әбіт ақсақалға арнайды.
Бала Ораз:
Ортаңды ашшы, Жетіру,
Мен Әбекемді көрейін,
Көріп, сәлем берейін.
Сен тұра тұр, кәрі қыз,
Әбекемді көрген соң,
Сөзіңе жауап берейін.
Қорыққанымнан бұл жерде,
Сөйлей алмай отырмын,
Нағылып қарап өлейін?!
Әбекем асыл ер еді,
Көздің жасын көреді,
Көрген емей немене,
Тілегімді береді.
Бұрынғының айтуы ―
Рас болса, Әбеке-ау,
«Жақсылардың пайдасы,
Баршаға бірдей» дер еді.
Жарлының күні құрысын,
Қасына адам келмеген,
Бағасын ешкім білмеген.
Жалқының күні құрысын,
Атағын ешкім білмеген.
Жалғыздың күні құрысын,
Жоғалса, адам білмеген.
Он екі ата Байұлынан,
Менің кісім болмады.
Бірде-бірі жоқ екен,
Шылбырымнан алуға.
Егізім – Адай, қайдасың,
«Бекет!» деп ұран салуға?!
«Байбарағым!» қайдасың,
Бәйгелі дуды жаруға?!
«Шағырайым!» қайдасың,
Осындай арлы жерлерде,
Шалқайтып келіп, шабуға?!
«Ағатайым!» қайдасың,
Жанды ортаға салуға?!
«Бәйтерегім!» қайдасың,
Аянбай сөйлеп қалуға?!
Жаратып па едің Жасаған,
Орынбордың аузында
Жетірудың қартайған,
Бір кәрі қызынан жеңіліп,
Масқара болып қалуға?!
Құдай айдап кез келген,
Жақсы аға аяр дейсің бе,
Біз секілді ініге де,
Көзінің қырын салуға?!
Ассалаумағалейкүм, Әбеке!
Әбітім, әкім сен бе едің?
Едігеден туған жетеусің,
Жеті жұртқа тең едің.
Кеше қасымдағы жолдасым,
«Осы тойға бармалық!» деп еді,
«Көрерміз қорлық» деп еді.
«Екі аяқты пендеде,
Әбіт көкем сау болса,
Басы жұмыр пендеден,
Көрмеспін қорлық» деп едім.
Қиыншылық күн туса,
Басыма жаңбыр тигізбес,
Бәйтерегім сен едің.
Бүгінгі күн болғанда,
Бұтағыңа келіп қорғалған,
Бозша торғай мен едім.
Баршасынан кем болдым.
Қыздарыңа кез болып,
Құзырыңа тап болып,
Сөйлеген інің мен едім.
Сүйенгенім сен едің,
Ендігісін өзің біл!
Сен қаһарланып келгенде,
Едігенің жеті ұлы,
Жетеуіне өзің тең болдың,
Мырзалығыңа қарасам,
Ауылға келген мейманға,
Кең алқадан жай бердің,
Жаяу келген жігітке,
Мінуге жорға тай бердің.
Атымтайдай жомартқа,
Жұмақ пенен тамұқтың
Арасынан жай бердің.
Шөліркеп келген қонаққа,
Қайнатып қант пен шәй бердің.
Қазы-қарта, жал-жая,
Сапырып қымыз, ақ шұбат,
Сүрлеген сары май бердің.
Асықпай-ақ жәй бердің.
Өзіңнен дәурен өтпеген,
Дәрежеңе адам жетпеген,
Басыңнан бақыт кетпеген.
Орынбордың аузында,
Бір кәрі қыздан жеңілтіп,
Аздырамысың дінімді,
Өшіремісің үнімді,
Солдырамысың күнімді,
Суалтамысың айдын көлімді,
Сындырамысың белімді?!
Өзіңдей бір қадір білетін,
Жақсы аға болмаса,
Жаманға салмасын, аға, күнімді!
Өшірмеші үнімді,
Бір сөйлетіп өлтірші,
Мендей мұңды ініңді!
Ер қадірін ер білер,
Айналайын, Әбеке,
Қасыңа алшы ініңді!
Сонда Әбіт әкім Бала Оразды қасына шақырып алыпты да: «Сөзіңді қорғаламай, қорықпай айта бер!» – депті. Бала Ораз ендігі сөзін қайтадан Жібек ақынға арнайды.