Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (4-бөлім)

Бала Ораз, Жібек қыз · 2 мин оқу

Жібек:
Сен бала, осы жерден кейін кет!
«Жеңем» десем, мен сені қазір жеңемін!
Әдіре қалғыр, сен, шіркін,
Байұлының несін мақтайсың,
Көшіп жүрген еліңді?
Әуелі неге айтпайсың,
«Байұлы» деген еліңде,
Ту көтерген еріңді?
Қоныс тепкен жеріңді?
Мақтайын деп келесің,
Құба жонға қойын қамаған,
Көн шоқайын жамаған,
Қатыны мен баласын,
«Ерте тұр!» деп сабаған
«Адай» деген еліңді.
Екінші келіп мақтарсың,
Тілеу, Көкеш, Нарынбай,
Шын жын қаққан бір сорлы,
Өтен деген еріңді.
Және-дағы мақтарсың,
Төремұрат соқыр еріңді.
Мақтайын деп келесің,
Аса көшкен еліңді,
Жайлап жатқан жеріңді,
Көшпелі Адай-Тазыңды,
Осы жерге әкеліп,
Айтасың бұлдап ебіңді.
Меніменен, бала, қағыспа,
Меніменен қағыссаң,
Сындырармын беліңді,
Өшірермін үніңді,
Басармын, бала, деміңді,
Суырармын күліңді!
Сен тұра тұр, бала, тұра тұр,
Нанбасаң мақтап айтайын,
Ертелі-кейін көшпеген,
Шырағы жанған өшпеген,
Кең қоныста отырған,
Турадай болған елімді
Және мақтап айтайын,
Алыстан ағашы айбар көрінген,
Жіңішкемді мақтасам,
Тарысы жерге төгілген.
Рабайымды мақтасам,
«Шаруам пішен шабар» деп,
«Нашарым егін салар» деп,
«Байұлының қаңғырып келгені,
Тары-талқан алар» деп,
Елек пенен Қобдадан,
Бұлант етіп, жер алған.
Әбітімді мақтайын,
Орынборға барып, шен алған.
Саудагерімді мақтайын,
«Үйге қонақ келер» деп,
«Үйге келген қонаққа,
Қайнатып қатық берем» деп,
Орынборды менсінбей,
Көш-керуен жүргізген,
Сарытау, Мәскеу, Самардан,
Үргеніш пенен Бұхардан,
Қызыл қағаз, ақ қанат,
Қостанып барып, шәй алған.
Біздің елдің мырзасы,
Қонағына бір-бір бие байлаған,
Бал менен шекер сайлаған.
Арғымақ пенен жорғаны,
Сұлулап мініп, жайлаған.
Жігітімді мақтайын,
Үйіне қонған қонаққа,
Ащы қымыз, қызыл шәй,
Содан басқа бермеген.
Біздің елдің адамы,
Шәйдан басқа ішпеген.
Ауылға төреден басқа түспеген.
Қасына биден басқа ермеген.
Түнде жүрген жігітім,
Қыздан басқа сүймеген,
Қымыздан басқа ішпеген.
Байларың бар ма Әбіттей,
Есігін сықырлауық есікпен бекітіп,
Керуетті төсек үстінде,
Көлденең жатып көлбеген.
Құла байтал астыңда,
Қу шекпенің үстіңде,
«Не көрдім?» – деп, сорлы кетесің,
Мына бір өткен дүниеден?!
Құр босқа, бала, мақтанба,
Нең бар еді менің білмеген?!

Бала Ораз:
Мақтанба, апа, мақтанба,
«Елекке егін ектік» деп,
«Өгізге арба жектік» деп.
Рабайыңды мақтайсың,
Кәуірменен қоныстас,
Орысшадан басқа білмеген.
Жетірудың кәрі қыз,
Ерлік жаққа келгенде,
Маған тізгін берерсің!
Қасарысып келгенде,
Мені қайтіп жеңерсің?!
Байлық жаққа келгенде,
Маған теңдік берерсің?!
Ерлігімді айтайын.
Менің мынау Арқада,
«Әлім» деген елім бар,
Сенің правитель-төреңнің,
Зорлығына көнбеген.
«Адай» деген елім бар,
Ол Адайдың ішінде,
Арғы жағы – Амантай,
Бергі жағы – Үргешбай,
Сүйінқара деген ерім бар,
Ол өлгенінше патшаға,
Бір сом жиырма бес тиын санап бермеген.
Қаратаздың ішінде,
Қабан деген ерім бар,
Әлі күнге дұшпанның
Қорлығына көнбеген.
Қаратаздың ішінде
Төремұрат, Өтенім –
Қарсыласқан дұшпанды,
Қу шөңгедей көрмеген.
Шағырай деген елім бар,
Шағырайда Бөрібай,
Қадырқұлда Жаңабай,
Күйген көлдің басында,
Қызылжардың тұсында,
Қастасқанын өлтіріп,
Құнына құнан өгіз құн бермеген.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз