Бала Ораз бен Жібек қыз айтысы (1-бөлім)
Бала Ораз, Жібек қыз · 3 мин оқу
Бала Ораз:
Жүрегім кеткен ұшып қайта түсті,
Апайдың қатпарланған көшін көріп.
Үш елі өкшем жерден көтерілді,
Қыздардың екі арбалы көшін көріп.
Хат жазып, сәлем айттым Байұлына-ай,
Байұлы қайта қонсын Ойылына-ай!
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Келемін сағынумен Байұлын-ай!
Барады ауылың көшіп Бағыланға-ай!
Мал толып, ел қондырдың даңғылың-ай.
Күз болса, қоян қашар шағылына-ай,
Қатпаған қауырсыны бала қаздай.
Келемін Байұлыны сағынып-ай!
Қыздары Жетірудың қандай салқам,
Шығады мақпал тонын жамылып-ай!
Қояндай құмда қашқан домаланып,
Тығылып жатар ма еді, бауырына-ай!
Етіңіз етімізге жұмсақ тиер,
Орынбор пұлы қымбат ақ ұнындай.
Шашың бар қолаң қара бестен өрген,
Үйректің жаңа жұлған мамығындай.
Қып-қызыл екі бетің албырайды,
Жиденің күзгі піскен қабығындай.
Аңқиды исің жұпар жел соққанда-ай,
Мәскеудің он бес сомдық сабынындай.
Той болса, бір жапсарды қыз алады,
Бетіне опа-далап жағынып-ай.
Тізбектеп, мойыныңа моншақ қаптап,
Барасыз қай сапарға тағынып-ай?
Ау, қыздар, қайсы жолға барасыздар,
Әлемнің жазғытұрғы сағымындай?
Оқиды намаз молда бесін көріп,
Апайдың өкпелейміз несін көріп,
Көрінген, көрген алаш көз салғандай,
Тал бойын жаратыпты есілдіріп.
Жігітке бұл жалғанда арман болмас,
Апаймен бір отырса көсілдіріп!
Ертеңгі ауға түскен ақ шортандай,
Сұлуды жатар ма еді шешіндіріп!
Бұйымдай пұлы қымбат нәрсе болса,
Әркім де алар еді бәсін беріп.
Өлеңші өлең айтар жорасындай,
Басымнан көп өткердім борасынды-ай.
Қыздармен көңіл сүйген көп ойнадым,
Шығарда үйген жүктің арасында-ай!
Қыздардың білегінен көп сүйредім,
Ноғайдың атқа жеккен шанасындай.
Басыңа қызыл шарқат қиғаштайсың,
Түйенің жел жапырған қорасындай.
Пәленше пәлен деген дабылыңмен,
Сұлуым, жаңа таптым ауылыңды-ай.
Жолаушы атым арық, келем жүдеп,
Сұлуым, дамылдатшы бауырың-ай!
Жібек:
Келіп тұрған жас бала,
Жолыңнан қалмай, жүре бер.
Мен көремін, байқаймын,
Сен тұрсың ғой, жас бала,
Жағамнан келіп алуға.
Есіріп тұрсың, сен бала,
Осы жерде айқай салуға,
Сен секілді ит емен,
Арланып тұрмын, шырағым,
Көрінгенмен далада,
Абаласып қалуға,
Жағаласты салуға,
Арпалысып, шалуға.
Анау ауыл, біздікі,
Ертең сонда бір той бар,
Жараймысың сен, бала,
Менімен еріп баруға?
Әдіре қал, тұт, шіркін!
Артыңа қара, жас бала,
Жібек апаң тұрғанда,
Той бастап, шапан алуға!
Мен – Табыннан озған бедеумін,
Меніменен жарыспа!
Меніменен жарыссаң,
Көнерсің, бала, қалуға.
Шыныңды айтшы, шырағым:
Өз еліңде жүргенде,
Туғалы көзің тойды ма,
Біз секілді аруға?!
Ерегіссең сен, бала,
Шыбындының ойында,
Қарасудың бойында,
Әбітімнің ұлы тойы бар.
Жиналған жерде сол тойда.
Не жақсылар жиналар.
Әлемнен озған бедеудің,
Көрерсің айқын шабысын.
Ести алмай жүр ме едің,
Апаңның, бала, дабысын?!
Байрақты жерде байқалар,
Өрісің жақын, алысың.
Жарыссаң да, озамын,
Келсе де, бала, намысың!
Ақылың болса, шырағым,
Еліңе айтып кетерсің,
«Апам бір қайғы салды», – деп.
Ақылсыз болсаң, шырағым,
Және бір айтып кетерсің,
«Қорыққаннан бір апам,
Бізді мақтап қалды», – деп.
Естіп пе едің, шырағым,
Атым Жібек болғалы,
«Таласып, қазақ теңдік алды», – деп.
Еліңе барсаң, «Сәлем!» де,
Байұлы деген ұлтыңа-ай,
Адай-Таз деген жұртыңа-ай!
Менің аузым – дария,
Сен түгіл, бала, байқарсың,
Он сегіз мың ғалам да,
Кетеді менің ұртыма-ай!
«Сәлем!» де, бала, «сәлем!» де,
Анау Байұлы деген еліңе,
Байұлының ішінде,
Төремұрат, Нарынбай,
Өтен деген еріңе!
Соларды «Ер» деп кім айтар?
Біздер қорлық көргенде,
Әскерін жинап, аттанып,
Бір келмеді еліме,
Қоныс еткен жеріме.
Ынтық болып жүр едім,
Маңғыстауға баруға,
Тазға хабар салуға.
Жарамады елдерің,
Біз сықылды аруды,
Айттырып, келіп алуға,
Жолыңнан қалмай, жүре бер,
Осы апаң еріңді,
Сөзіңе құлақ салуға.