Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұрат пен Жантолы айтысы

Мұрат Мөңкеұлы, Жантолы · 2 мин оқу

Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жиырма бестің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болды жүзі,
Жантолы, үйіңнен шық, көріскелі.

Жантолы:
Құдеке, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болса жүзі,
Асықпай, атыңнан түс, сөйлескелі.

Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жиырма бестің тентек желі.
Ақырып, ат ұстамай, аттан түс, – деп,
Құтыртқан, айтшы маған ненің желі?

Жантолы:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Асығып, ат ұстамады деп, айып етпе,
Көңіліміз ояу, көзіміз ұйқыда еді.

Мұрат:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Болғанша тапа-тал түс ұйқың қанбай,
Жүрмісің әулие деп таз немені?

Жантолы:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Айтқаның қатын өсек басыңа сын,
Құдеке, дырдай етіп сәл немені.

Мұрат:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Айтқаны қазекемнің өтірік пе,
Тырысқан бас терісі таз деп еді.

Жантолы:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Дос бар ма осы күнде, бәрі – дұшпан,
Айтады дырдай етіп сәл немені.

Мұрат:
Болғанда сары тамыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Тіліне қазағымның енді нанбан,
Мал болмас, ірің аққан таз деп еді.

Жантолы:
Құдеке, асыранды қазың қашты,
Жүргенде өзімсініп, жазым қашты.
Елжіреп, іші-бауырың түсе берсе,
Емдесек, жазбаймыз ба жалғыз басты?!

Мұрат:
Жантолы, асыранды қазың қашты,
Жүргенде өзімсініп, жазым қашты,
Шілденің туысына қарсы келді,
Байғұс-ау, арқандап қой тазың қашты.

Жантолы:
Құдеке, әжептәуір сөзің сенің,
Қудалау сын емес пе ердің кемін?
Елжіреп іші-бауырың түсе берсе,
Айтып кет, а, құдеке, таздың емін.

Мұрат:
Тамырын таз кісінің қиған болар,
Күл сеуіп, аққан қанын тыйған болар.
Бір ширек іскематар, күкірт, сынап.
Қайнатып, көк дәріні құйған болар.
Бір жұма көк шүберекпен орап тастап,
Қан-жынын ыстық сумен жуған болар.

Жантолы:
Аз екен, ел қыдырып көрмегенің,
Ойыңда тағы бар ма көздегенің?
Дарудың жеті түрлі бәрін білдің,
Таз ба еді туғаныңнан емдегенің?

Мұрат:
Аз еді, ел қыдырып көрмегенім,
Ойымда тағы да бар көздегенім.
Таз бенен ақбас қотыр бір нәсілді,
Ақбасты көрмеймін бе емдегенін?!

Осы кезде Жантолы күйеуіне:
– Бар, қарсы ал, аттан түсіріп, үйге кіргіз, – дейді. Күйеуі қорс етіп, қолын қағып жіберіп, теріс қарап, жатып алады. Сонда Жанто лы күйеуіне қарап:
Бір қақтың ақ етіме ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Ұрынған өзі келіп Берішке тимей,
Мен бе едім ақ қарабас құрт басың жеген?

Мұрат:
Бір қақты ақ етіңе ашуменен,
Жігітке ашу ұят асыл деген.
Бір емес, екі соқса, жаның шықсын,
Осының кісі келер ме басын көрген?

Жантолы өр, өжет қыз болған, күйеуіне қарамай, өзі шығып, Мұратты аттан түсіріп, қонақтап, аттандырған.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз