Бала Ораз бен Тама Досжан айтысы
Бала Ораз, Тама Досжан · 1 мин оқу
Досжан:
Сөйлейін, «Сөйле!», – десең, ұлы дуда-ай,
Кем ақыл – бұрынғы өткен сөзді қумай.
Сен сұрап, ұранымнан мін таппайсың,
Ұраным жауға шапқан –«Қарабура-ай!»
Тыңдайды, сөз сөйлесе, құлағымыз,
Әр жерде сөз сөйлесек – сыналымыз.
Сұрасаң, сұрауыңа жауап берем,
Мешкей Таз, сенің не ед ұраныңыз?
Бала Ораз:
Тыңдайды, сөз сөйлесе, құлағымыз,
Әр жерде сөз сөйлесек – сыналымыз.
Ру-тегім – Таз, батырым атқа мінген,
Ежелден «Бақай!» – біздің ұранымыз.
Досжан:
Айтқанда мен өлеңге саспайын-ай,
Оразды әлі-ақ жеңіп тастайын-ай.
Жеңілі Байұлының Таз екен ғой,
Сиырдың ұран еткен башпайын-ай.
Бала Ораз:
Көңілім бұл сөзіңе тарылмайды,
Азабы бөкейліктің арылмайды.
Табынның талай тобын ойран қылған,
Қайтесің Төремұрат, Нарынбайды?!
Досжан:
Айтпашы, Төремұрат, Өтеніңді,
Айтпайсың онан басқа бөтеніңді.
Орысқа жөнін таппай, шабамын деп,
Қызыл жол қылған жоқ па көтеніңді?
Бала Ораз:
Базардан алып келген сырлы керлен,
Болжайды әр нәрсені ойы жеткен.
Жүлде алған батырларды кемітесің,
Сен-дағы өсек айтып, қия шеттен.
Сіздің жақ сары суын «шай» деп айтад,
Біздің жақ қонақ сыйлайды қымыз, етпен.
Досжан:
Айтқаның әңгіме етіп – сырлы керлен,
Өнері – сахараның ұрлық еткен.
Таздарым – сары тымақ алдауышым,
Бар еді бір тәсілің сұмдық еткен.
Қымызды қыс күнінде неге айтасың,
Аш құрсақ кедеймісің, ернің кепкен?
Бала Ораз:
Өлеңші болған екен Жетіруым,
Жетіру жөнін таппай, есіруін.
Өзімнің асыранды текешігім,
Өзіме қайта айналып, секіруін?!
«Кедей» деп, кемітіп сөз кімге айтасың?
Күнәңді енді болмайд кешіруім!
Досжан:
Ар жақтың белгілі еді жай-шамасы,
Жетіру – жеті аталы, жұрт ағасы.
Байұлы бізге теңдік беретұғын,
Болмаса Әлімдердің сөз таласы.
«Теке» деп, кемітіп, сөз кімге айтасың,
Моншақты күңнен туған Таз баласы?
Осы жерде халық арасында қозғалыс туып, айтысты тоқтатады.