Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қожабай мен Есенбай айтысы (1-бөлім)

Қожабай Тоқсанбайұлы, Есенбай Сасанұлы · 2 мин оқу

Қожабай:
Есеке, есенсіз бе, сәлем бердік,
Мереке жиыныңа біз де келдік.
Сыртыңнан дабысыңды естуші едік,
Мүбарак жүзіңізді бүгін көрдік.
Осындай көп әлеумет бас қосқанда
Табылар деген сөз бар ерден ерлік.

Есеке, құлағың сал көпті көрген,
Мен-дағы аңсап келдім сонша жерден.
Найманның Арқадағы баласымын,
Маған да жақсы емес пе кезек берген.

...Отырмын өз алдыңнан ұлықсат сұрап,
Көрейін аса көпке тілді кезеп...

Есенбай:
Шырағым, адамбысың ата көрген,
Келдің деп сәдет етпе сонша жерден.
Тұрсаң еді әдеп сақтап кішілікпен,
Өлеңді салған жерден қоя берген.
Әдейі іздеп келсең, өзің маған,
Келгеннен қалай түсті көзің маған?
Салған жерден келдің де жол сұрадың
Жабысты атқан оқтай сөзің маған.
Өлеңді ұлықсатсыз қоя берген
Ат-шапан айып берші өзің маған.
Қай ру, қай атадан боласың сен,
Айтып бер руыңды бұзылмаған.
Көрерміз қабырғаға салыстырып,
Бірақ мен жол бермеймін бүгін саған.

Қожабай:
Есеке, әуелі саған сәлем бердік,
Жиналған алдыңызда көпті көрдік.
Қайтеміз енді сенен ұлықсат сұрап,
Ел бірге, дуан бірге, қатар ердік.
Аңдап айт ауызыңнан шыққан сөзді,
Арғын бұрын туғанмен үлгі бердік.
Есеке, тілің тәтті, сөзің шырын.
Арқаға Қадыр Алла төккен нұрын.
Кешегі Сандыбайдың ақынымын,
Өлеңді кім бастайды менен бұрын?!

Ішінде көп Найманның Бағаналы,
Қырық мың жылқы біткен шағалалы.
Алпыс мың түйесі бар өңкей нардан,
Жеріңді қоныс етіп жағалады.
Қойы бар екі жүз мың шалқып жатқан,
Еш кінә сіздің Арғын таба алмады.

Жүресің шиқылдатып арбаңды айдап,
Шелегін салдырлатып алған байлап.
Қона алмай, алыс жерге ұзап көшіп,
Бір жұртта отырасың сорың қайнап.

Есенбай:
Қожабай, мақтай берме Найманыңды,
Білдірдің ақ жолынан тайғаныңды.
Найманың біздің елде толып жатыр,
Бай болсаң, соған тигіз қайраныңды.
Сөйлесем, жеті атаңнан түптеп қазып,
Сонда мен шығарамын ойраныңды.

Түйеңнен арбам жақсы оттамайтын,
Аулымның айналасын боқтамайтын.
Иір-иір түйеңнің мойнағын ұрайын...
Қайқайып желді күні тоқтамайтын.
Шетінен біреу бөліп, айдап кетсе,
О малды мінезің бар жоқтамайтын.
Әркімнен көшіп-қонып жер сұрайсың,
Бойыңа айтқан сөзді сақтамайсың.
Кетпеңіз артық сөйлеп, Қожабайым,
Ертеден құп білемін Найман жайын.
Байларың жалданғанның ақысын жеп,
Нашарды зар жылатқан айдан айын.
Байлық пен батырлықтан нені таптың,
Қыс қыстап, жаз қонатын бар ма жайың?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз