Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қожабай мен Құлтума айтысы (4-бөлім)

Қожабай Тоқсанбайұлы, Құлтума Сармұратұлы · 2 мин оқу

Кемшілігің сол сияқты жатыр толып,
Қожабай, оңдай сөйле кеңінен шолып.
Қатардан әкем менің кем болған жоқ,
Атанған бұл үш жүзде ақын Бодық.

Сен түгіл тоғыз ақын жеңіліп қайтқан,
Жерім жоқ айтар сөзден бетім қайтқан.
Қожабай, ақылың болса, бұны тыңда,
Бір нақыл бар емес пе бабаң айтқан?

Үлкенге қарсы келіп жағаласпа,
Тамырсыз қына шыққан қара тасқа.
Болса да аспанда ай, көкте жұлдыз,
Қарасаң әрқайсының жөні басқа.

Айменен салыстырып жұлдызыңды,
Түн менен байқап қара күндізіңді.
Арғынның кім тең келед баласына,
Ақырлық сөз шөгеді расына.
Кешегі Әз-Жәнібек хан болғанда,
Олардың кім сыймайды құлашына?
Арғынның баласына тіл тигізіп,
Ажалдың Ерден түскен ұрасына.
Қаншама мақтағанмен Ерденіңді,
Анық сөз бармай тұрмас расына.
Мәгәрде менен сөзден тоқтап қалсаң,
Көк шолақ тартамысың ұятыңа.
Шындыққа адалдықпен қайтып келші,
Білсеңіз, қырық парызды айтып берші.

Олардың қайсы анық, қайсы танық,
Жасыңнан оқып көрсең кәләм шәріп.
Ал енді қырық парызды айтып берші,
Найманнан ақын болсаң шыққан жарып.

Қожабай:
Қырық парыз сұрағаның сасқаның ба?
Сасқасын бұл әкеліп қосқаның ба?
Шариғат айтатұғын молда емеспін,
Жоқ едім ислам жолын ашқаным да.

Салдыңыз мені әкеліп қисық жолға,
Шариғатты өлең қылған осы оң ба?
Құлтума, сөзіңізді жөнімен айт
Қойнымда кітабым жоқ, Құран қолда.

Аңырар осы сөзге жиылған көп,
Қосасың шариғатты өлеңге көп.
Бұл жерде өлең басқа, Құран басқа
Қайта бер пәтеріңе жығылдым деп.
Жеңдім деп тоғыз ақын мақтанасың,
Мұншама менен неге сақтанасың?
Сұрапсың қырық парызды менен келіп,
Қонышыңа не себептен шоқ саласың?

Байлық пен батырлықтан шыққаның ба?
Елден шығып, қырық парызды тыққаның ба?
Белгісі сасқаныңның осы емес пе,
Өзіңнің кір келтіріп ықпалыңа.

Сұрайсың астымдағы жалғыз атты,
Болғанда тілің тәтті, сөзің қатты.
Жүріпсің Аққошқарға жалшы болып,
Болып па менің сөзім содан қатты?!
Ал енді кезек бердім Құлтумаға,
Құйғанда таусылмайтын қара саба.
Қырықтың төртеуіне жасың кепті,
Өтірігіңді қабыл етсе Хақ тағала.

Ежелден тұтқам мықты сынбайтұғын,
Адам жоқ әділ сөзде тұрмайтұғын,
Бас қосқан Атбасардың жиынында,
Жақсы бар әділ сөзді тыңдайтұғын.

Құлтума:
Сен шешіп, қырық парызды бере алмадың
Бұл сөзге табан тіреп, тұра алмадың.
Мәгерде қырық парызды білмей кетсең,
Құлы болып шығамысың бір Алланың.

Үкілі Ыбырай ақын осы кезде Құлтуманы тоқтатады: Ыбырай Құлтумаға тоқта деді,
Жайнаған өзің бастың шоққа деді.
«Қырық парыз сұрағаның не қылғаның,
Айтар сөз бұдан басқа жоқ па?» – деді.

Жас ақын – Қожабайым – жүйрік тілге,
Бәрің де туысқансың түбі бірге.
Құлтума, қырық парызды сұрапсың сен,
Қол беріп тұрғандай-ақ бүгін пірге.
Бірің жығылдым, ал бірің жықтым деме,
Мінгенің екеуіңнің бір-ақ кеме.
Екеуіңнің көрінеді сөзің бірдей,
Бірің – ойға, бірің қырға шықтым деме.

Құлтума, көпті көрген көнедейсің,
Сөйлетсе, өз аузыңнан не демейсің?
Қожабай – отыз төртте, сен – қырық төрт,
Аруақ болсаң, сен неге демемейсің?
Атбасар дуан басы халық келген,
Құлтума бұрын туып, жарық көрген.
Осыған риза бол, Найман аға,
Қолымнан бәйгем осы алып берген.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз