Қожабай мен Құлтума айтысы (2-бөлім)
Қожабай Тоқсанбайұлы, Құлтума Сармұратұлы · 2 мин оқу
Құлеке, бұл сөзімнің жалғаны жоқ,
Еш адам бұдан артық болғаны жоқ.
Баласы бұл Үш жүздің бас қосқанда
Ешбір жан ауызынан сөз алғаны жоқ.
Мен-дағы атыңызды кем демеймін,
Нәрсеңді маған артық бер демеймін.
Баласы Сандыбайдың сары Ерден
Адасып бетіменен желдемеймін.
Бақытты батырларға Тәңірім берген,
Ерденді өзіңнің де көзің көрген.
Үш сайлау аға сұлтан болғанында
Үш жүздің баласынан тарту келген.
Осыны сенің атаң көре алмаған,
Қорықпай іс істеген бір Алладан.
Парамен шенеунікке у бергізіп,
Сары Ерден соныменен қазаланған.
Халыққа анықталған бәрі көріп,
Қазақтан адам еді алған ерік.
Найманнан екі жүз адам құнға барған,
Мұсаның ақталып еді жанын беріп.
Әуелден халық көрген Ерден күшін,
Жақсының қарасайшы адам ісін.
Білесің соның бәрін, Құлтума аға,
Сендерсің арам еткен ақтың ісін.
Бекер деп айта алмайсың, Құлтума аға,
Елмін деп мақтанасың алтын жаға.
Батырды елден шыққан көре алмадың,
Етесің енді қашан аққа тоба?!
Ал енді кезек бердім өз басыңа,
Халықтың қарамадың көз жасына.
Түп бірге, түйін басқа адам едік,
Қасқыр да қастық қылмас жолдасына.
Қазақтан Кенесары әскер алған,
Болысы бұл Үш жүздің бәрі барған.
Сары Ерден Кенесарыға қарсы болып,
Найманнан бір адам да бермей қалған.
Жазықсыз қырғыз елін шапқанында,
Қан төккіш төрелер деп айтқанында.
Төреге қазақ еріп, бармасын деп
Баласы бұл Үш жүздің тыңдамаған.
Талайы төреге еріп қазаланған,
Ақырында, төре жайы қандай болды
Айтқанын батырлардың тыңдамаған.
Бүйірден Найман аман қалған жоқ па,
Болады енді Ерден қалай жаман?
Құлтума:
Қожабай, інім едің жасың кіші,
Бәрі де біздің емес – Хақтың ісі.
Рас па, өтірік пе осы сөзің,
Адамның сияқты екен көрген түсі.
Қожабай, мақтай берме Ерденіңді,
Найманда Ерден кескен кердеңіңді.
Шаршы топ тыңдап тұрсын құлақ салып,
Айтайын естіген, көз көргенімді.
Әркімнің Ерден тартып малын алған,
Мал түгіл, келіншек пен қызын алған.
Қазақтың баласынан тегіс сұра,
Осы сөзді деп айтады қайсысы жалған?
Қорықса, бір Алладан неге істеді,
Төрт-бес жыл сұлтан болып өрістеді.
Қатынын көршісінің тартып алып,
Осыны жақсы болса, неге істеді?
Қожабай, мақтай берме Найман жағын,
Қолыңнан кім алып еді Найман бағын?!
Кешегі Әз-Жәнібек батыр шаң-шаң
Үш жүздің Арғын болған тиянағы.
Тіл тигізбеймін Барлыбай мен Сандыбайға
Найманда одан артық адам қайда?
Заманында әділдікке дүкен құрған,
Аққошқар Сайдалы еді өр Алтайда.
Бекер деп, айта алмассың, Қожабайым,
Сенен бұрын білемін елдің жайын.
Баласың жасың кіші, жаңа талап,
Тербетіп аруақты не қылайын?
Арғында талай кісі мыңды айдаған,
Асқар тау, өлкелі өзен жер жайлаған,
Шаңыма ілеспессің, Қожабайым,
Малымды Найман баққан сор қайнаған.
Орнына өзің жалшы боламысың,
Астыңда көк шолақ ат борбайлаған.