Қожабай мен Құлтума айтысы (3-бөлім)
Қожабай Тоқсанбайұлы, Құлтума Сармұратұлы · 2 мин оқу
Қожабай:
Серігі Сандыбайдың Әділбай-ды,
Тең көрген адам еді жарлы-байды.
Есенбек, Есенғабыл қатар шыққан,
Уәйіс, Дүтбай менен Аманбайды.
Ерденнің батырлары соңына ерген,
Жау көрсе, жайратады, аянбайды.
Аймырза, Абайділдә, Ырсайменен
Оларсыз ердің құны тарамайды.
Үш жүздің баласына билік айтқан,
Деген жоқ ешкім сөзің жарамайды.
Аралап көріп пе едің Найман жағын,
Ежелден Арғын алмас Найман бағын.
Өреді төрт мың жылқы Тоғызбайдан,
Торғайдың алып жатыр екі жағын.
Найманның пар келмейсің байлығына,
Жетпейді расходың жылдығыңа.
Артында он бес үйдің малын бағып,
Бектұрған жүрген жоқ па құлдығында?
Нәрсені анықтайтын көзім көрген,
Әркімге бақ-дәулетті Тәңірім берген.
Аққошқар Сайдалыны әділ дейсің,
Оязға он кісісін ұстап берген.
Байтұрсын Ахметпен бірге кеткен,
Адамың қайда сенің Құдай деген?
Келгенде таласпайсың мал жағына,
Құлтума, байқап сөйле жан-жағыңа.
Банкіге жүз мың алтын салып қойған,
Бектұрғаннан Бәйтен туды ел бағына.
Кімің бар осыларға шақ келетін,
Адамсың көрінгенге тап беретін.
Нашарды бес жүз үйдей Төлек баққан,
Кімің бар Байқасыма шақ келетін?!
Кешегі Бабыр, Шегір нашар баққан,
Жетімді жинап алған жылап жатқан.
Сақилық, байлықпенен бірдей келіп,
Үш жүздің кедейлері мұны тапқан.
Мәйгелді Қуатпенен қатар шығып,
Ақтабан шұбырындылықта елді баққан.
Құл болсаң, бір Аллаға анығын айт,
Болды ма мұндай адам сіздің жақтан?
Батыр, байлық, сақилық бірдей келген,
Әркімнің бақ-дәулетін Құдай берген.
Ерденді күнәкар болып жамандайсың,
Қоқаннан намысыңды алып берген.
Еліңді кеткенінде Қоқан шауып,
Талай жан өлген жоқ па қаза тауып?
Қоқанды Ерден шауып алып келген,
Еңбектің ерлікпенен көзін тауып.
Ерден еді алып берген намысыңды
Шығарған батыр елден дабысыңды.
Қорықпай, қалайша сен жамандайсың,
Ақтаған сол емес пе еді қара ісіңді?
Өзің біл, Құлтума ақын, айтарыңды,
Кезекті сөз сөзіңе қайтарылды.
Сөйлесең, шындығың [ды] Алла ырза,
Екінші өтірік айтпа, сұмдығыңды.
Құлтума:
Қожабай, көп мақтайсың Найманыңды,
Білдің бе тура жолдан тайғаныңды!
Сен-дағы өтірік айтсаң өтірікпен,
Мен-дағы шығарамын ойраныңды.
Найманың біздің жақта толып жатыр,
Бай болсаң, соған тигіз қайраныңды.
Ауызың көп бармасын жаман сөзге,
Бекер сөз айтпа жаным көрер көзге.
Қожабай, көрінесің сөзге шешен,
Жас та болса адамсың түскен тезге.
Бабыр мен мақтай берме Шегіріңді,
Білемін арғы жерден негізіңді.
Көп қума жамандықты салыстырып,
Арық пен мен де білем семізіңді.
Байлықпен батырыңды салыстырдың,
Шегірткеден Шегір жеген егініңді.
Қоқанды шабамын деп Ерден барған,
Қоқанның рас бәрі малын алған.