Әзімбек пен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Әзімбек Жанқұлиев, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Әзімбек:
Жеңгелер сырларыңды ұғып тұрмын,
Біздерді жас та болсақ шынықтырдың.
Көптен бері аңсаған арманым ең,
Әселхан жеңешеммен шығып тұрмын.
Айтысқан жеңгесімен тәуір деген,
Саптайық сахнада сабырлы өлең.
Әсеке, бұл қайныңды қамшылай бер,
«Соңғы түйенің жүгі де ауыр»... деген.
Әселхан:
Шындықты ақ самалдай аңқылдатып,
Қалдың-ау рахатқа, халқым, батып.
Алдыңа сәлем беріп тағы шықтым,
Қылышын қара өлеңнің жарқылдатып.
Әзімбек, қайным болсаң есе күтпе,
Шындыққа біздер бірден көшелік те.
Әселхан сендейлерге жеңге түгіл,
Бол десең жарайды ғой шешелікке.
Салмағың болса дағы қауырсындай,
Қозғалмай отыр, қалқам, дауыл тынбай.
«Соңғы түйе жүгі ауыр», – деп айтпай ақ,
Көтеріп келем бәрін ауырсынбай.
Әзімбек:
Шыңдары көрінеді асқардың да-ай,
Жеңеше, атағыңнан жасқандым ба-ай?
«Соңғы келген кімді ұрарын білмес» деген,
Қайныңды ә дегеннен бас салдың-ай.
Жақсының жүрегінен армандымыз,
Қайныңа дөп тие ме қармағыңыз?
Дегенмен, мен өлеңнен қалыспаймын,
Бірақта басып кетер салмағыңыз.
Сырымды шертейінші сенімді боп,
Қайнысын айтсын елі көңілді деп.
Қу қыздар ертең күліп жүрмесінші,
«Әселхан жеңгесінен жеңілді!», - деп.
Әселхан:
Есемді бар өлеңнен алып тұрып,
Кездестім қайныма мен жанып тұрып.
Салмағын жеңешеңнің айта-айта,
Жігіттер біткен еді-ау жалықтырып.
Көктемде көгілдір от өлеңменен,
Көзімді жіберсейші қарықтырып.
Қайнысы жеңгесінен абай болар,
Кезегі бұдан соң да талай болар.
Бір сұрақ сынау үшін берейінші,
Жақсы өлең, жаман өлең қалай болар?
Әзімбек:
Қарайды екеумізге халық қалай,
Қайныңыз енді қайтсін шарықтамай!
Қайныларың қайта-қайта айта берер,
Соғым жеп жүрсең егер арықтамай.
Қайныңыз еркелеп бір жорғалады,
Жақсының өлеңдері мол болады.
Елінің жүрегінен шыға білсе,
Жақсы ақын, жеңешетай, сол болады.
Қайныңды жекіп таста шыдамаса,
Алдыңда «жеңгетайлап» құламаса.
Жаман өлең, жеңеше сол болады,
Ойпырмай, бар халыққа ұнамаса!
Әселхан:
Жансың ғой жақын тұрған талабы өрге,
Бірақ та тым өртеніп жана берме.
Халықты күлдірем деп жеңілденіп,
Арзан сөз, бос күлкіге бара берме.
Әзімбек, ақынсың ғой, есің бар-ды,
Қинаймыз кейде біздер есіл жанды.
Ауғанда қанша бауырың өлген болса,
Еліңде сонша қыздар жесір қалды.
Бұл өзі – ащы шындық, әзілі жоқ,
Бота да байланбайды қазығы жоқ.
Жар-қосақ іздеп жүрген қыздарымның,
Қылаудай біреуінің жазығы жоқ.
Тұрғам жоқ сені санап кінәліге,
Ой жібер ойқастамай тым әріге.
Жігіттер желік қуып жүрген жоқ па?
Екеуден келгеннен соң біреуіне?!
Әзімбек:
Қайныңның шыңғыртатын шыны бар ғой,
Сізге де ұсынатын гүлі бар ғой.
Қыздарды қорғамаңыз қайта-қайта,
Біздерден қалыспайтын түрі бар ғой.