Манап пен Тәушен айтысы (3-бөлім)
Манап Көкенов, Тәушен Әбуова · 3 мин оқу
Ол үшін керек, Тәушен, сауаттылық,
Күшті ғой халық алдында жауаптылық.
Жел сөзбен ел алдында бос мақтану,
Ақынға келіспейтін оғаш қылық.
Белгілі бұрыннан маған сенің жайың,
Ойлап ем жөн-жосықсыз бос салмайын.
Халықтың ақсақалы боп қалдық қой,
Ойлайық сондықтан да жастар жайын.
Шал менен бүгінгінің кемпіріне,
Балалар көп өкініш келтіруде.
Не болып жатыр сонау ауылдарда,
Отырғанда біз мұнда желпінуде.
Келіннің көз салайық талғамына,
Балалардың тартып киді шалбарын да,
Бөркін де жарасад деп киіп алды,
Жұмысы жоқ оның жалаң бас қалғанында.
Көбісі ішкілікке бейім болып,
Көшеде шалыс басып пандануда.
Мойнында, қолдарында алтын заттар,
Осылай құртты кәрінің бар малын да.
Бұл жағы ауыл жақта әлі басым,
Осыны керек еді-ау аңғаруға.
Тәушен:
Ау, Мәке, ақын ба едің, жырау ма едің?
Қатты тиген өлеңге тымау ма едің?
Бүгінгі сөз екеуміз арамызда,
Әлде өзің балаларға ылау ма едің?
Бір сөзіңді, ау, Мәке, қайталайсың?
Бала емеспін мен оны байқамайтын.
Осы әдістен ешқашан ажырама,
Оңай ұйқас бұл осы шаршамайтын.
Айтқан сөзің көңілден шығып тұрса,
Адам бар ма сөзіңді аңсамайтын.
Шалым-ау, не деп кеттің түсінбедім,
Шикі сөзді неліктен пісірмедің?
Есіл сөзді доп қылып тепкеніңмен,
Қақпама бірде-бір гол түсірмедің.
Өзінше жылжып аққан бұлақтайсың,
Айта берсем, әрине, ұнатпайсың.
Айтпайын-ақ деп едім, амал бар ма?
Сөздеріңмен шымшылап шыдатпайсың.
Тастан-тасқа лақ болып ырғи берме,
Шапқылама орынсыз ылдиға-өрге.
Өлеңде де тоқтайтын станса бар,
Жүк таситын пойыз құсап сырғи берме.
Мойныңыздың тамыры зақымданар,
Бекер босқа басыңды шұлғи берме.
Шұлғымай-ақ жақсы сөз байқалады,
Жөн сөзді кім теріс деп айта алады?
Ақынға ойланарлық бас керек қой,
Шұлғи берсең миыңыз шайқалады.
Манап:
Тәушенжан, айтпадым ғой саған арыз,
Сөзімді құптамадың асыл нағыз.
Балалар сізге де ортақ, бізге де ортақ,
Оны айтсақ несіне біз шамданамыз.
Балаларың әнді бұзып, жырды бұзып,
Сахнада айтып жүр быжық-шыжық.
Айтар ем бас-басына мысалменен,
Оларды уақыт қайда жатар тізіп.
Еш нәрсе сезбегендей боп жүрсіңдер,
Әнді біздің жиендік қып ап жүрсіңдер.
Мұзарап Жүсіповтың «Палымшасын»
Халық әні деп ұялмай сап жүрсіңдер.
Мен айтқанда, шырағым, соны айтамын,
Кем-кетікті түзеткін деп айтамын.
Әйтпесе сені, Тәушен, ақын дер ме,
Несіне қыңыр сөзді көп айтамын.
Көктегінің бәрі де жұлдыз емес,
Судағының бәрі де құндыз емес.
Басқа да ақындар бар кезек күткен,
Айтысты бұл кеш атқарар бір біз емес.
Күй атасы Қорқыттай дана елдің
Ескерткіштік бейнесін сала келдім.
Қойсын деп әл Фараби музейіне,
Тәушенжан, өзіңе арнап ала келдім.
Тәушен:
Кемпірге құмарсың-ау, байқағаным,
Оныңа көп алғысты айта аламын.
Алмақтың да салмағы бар деп отырсыз,
Ретін тауып бір жолы қайтарармын.
Барған соң кемпіріңе сәлемдерсің,
Сөзіңнің бұрыс жерін дәлелдерсің.
Жабысып Тәушен маған қалмай қойды,
Құтылдым-ау бәледен әрең дерсің.
Манап:
Келер деп күтіп отырған ертең күнде,
Сәлем айт ауылдағы сүйгеніңе.
Ризамын өнеріңе, қалқам Тәушен,
Саған өкпем жоқ менің бұл жөнінде.
Қалқажан, жан екенсің мақтағандай,
Сенімін ел-жұртының ақтағандай.
Жарадың алысуға, шалысуға,
Бойыңнан мін таппадым жақпағандай.
Кетерсің ақын болсаң жалынданып,
Бағам сол жалғаны жоқ оным анық.
Інісің жасың кіші орныңнан тұр,
Сөзімді доғарайын қолыңды алып.
Сәлем айт өз анаңа, келініме,
Келер деп жол қараған сені күнде.
Ағалықпен ағаттау артық айтсам,
Қалқажан, ала көрме көңіліңе.
1988 жыл.