Бұрқасын мен Әкежан айтысы
Бұрқасын, Әкежан · 2 мин оқу
Бұрқасын:
Ибағат үлкендерге қылайық па,
Бірімізді-біріміз сынайық па.
Пайғамбардың жасына келгеніңде,
Айтысуың менімен лайық па?
Әкежан:
Әуеде ұшып жүрген көк қара едім,
Сарымайға жанышқан көк жарма едім.
Аңғармай кек ойланып айтпа, маған,
Айыржанды ұстағанда мен бар ма едім?.
Бұрқасын:
Ала мойын, Әкежан, құла мойын,
Үкілер қыз ержетсе тұла бойын.
Әкежан, ақ құдайшы жақсы болсаң.
Маманның неге сойдың бір топ қойын?
Әкежан:
Салар ем амал бар ма ойнағымды,
Білесің, Бұрқасын сен, бойлағымды.
Бір топ қойын алдыма сап беріп пе ең,
Өзіңнен басқа әкел айғағыңды?
Бұрқасын:
Онда мен, бойлақ болсаң тиейін бе,
Ғашықпын деп бетіңнен сүйейін бе?
Айғақ сап, қойды жоқтап, дауға барып,
Өртеніп мен отыңа күйейін бе?
Әкежан:
Салғанмен түк өнбейді шығар егес,
Ешкім де арашалап «қойшы» демес.
Әр біреу мініп түскен жауыр бие,
Қайтемін ер жігітке мініс емес.
Бұрқасын:
Құр кеудең ғой, қайтейін, амал бар ма,
Секілдісің байқасам қара қарға.
Тулақ емес, өзімдей ту биеге,
Мінетұғын, дәл, қазір, шамаң бар ма?
Әкежан:
Аққа әкеп ә дегенде жақтың күйе,
Жоқ екен әдептілік, сөзде жүйе.
Ту болсаң, тулақ емес көрер едім,
Өзімдей бір көтерем арық бие.
Бұрқасын:
Бие деп сен тепектеп қоймағаның,
Өзің болсын келешек ойлағаным.
Қашанда ердің аты ер емес пе,
Ақ жаулығым алдыңда ойнағаным.
Әкежан:
Осындай сөз болмаса қызық болмайд,
Сөзіңде Әкежанның бұзық болмайд.
Айта бар дұғай-дұғай барғаныңда,
Аулыңа Ақкөлдіктер сәлем жолдайд.
Өзіңді бір көріп ем баяғыда,
Асқанда өр Алтайдан үркіп Қобда.
Бұрқасын олай деме, жол менікі,
Анасың, жығылайын аяғыңа.
Мен болам қатқан өрік, сен бір алма,
Кезіктің жігіт емес кәрі шалға.
Қызбалы ауру ғой айтыс деген,
Көңіліңе, тілерім сол, ауыр алма.
Бұрқасын:
Соңымнан ерші, қазір, «қал» демеймін,
Секерсің, өрік емес, бал демеймін.
Садаға кетсін жігіт бір өзіңнен,
Қолыңды әкел, досыңмын, «шал» демеймін.
Келіп тұр, қарсы аламын бұл мекенің,
Танылды бүгін елге кім екенім.
Көңілге ауыр алар ештеме жоқ,
Сен айғыр, шын емес пе, бие екенім.
Әкежан:
Заты бар нақ жақсыны бүгін көрдім,
Беделін түсірмедің сен де ердің.
Мен жеңілдім, сен жеңдің, қош аман бол,
Ата салты әрқашан қолым бердім.
Бұрқасын:
Бақ-дәулет қонсын елге, береке-құт,
Болмасын былтырғыдай осында жұт.
Жасым кіші болғанмен жаным құрбы,
Мінеки, бетіңді сүрт, орамал шыт.
Жорғаны жетекке алып жүйрік мінгем,
Өзіңдей асылдармен бірге жүргем.
Құдайға сен, маған сен, жоғалтпаңыз,
Өзімдей көр, шытыма терім сіңген.
Әкежан:
«Аумин» деп өзіңе жайдым құшақ,
Көзіме көріндің ғой аққу құсап.
Жолаушымын, жоғалтпай ұстап жүр, сен,
Тайға алған, мынау былтыр, күміс пышақ.
1944 жыл.