Мұқаш пен Әсімхан айтысы (1-бөлім)
Мұқаш Байбатыров, Әсімхан Қосбасаров · 2 мин оқу
Мұқаш:
Тойыңыз құтты болсын, қалың жұртым,
Қызықпен қызыл-жасыл іші-сыртың.
Халқымыз шат көңілмен шалықтады,
Ешкімнің сұрамаймын ру, ұлтын.
Қала менен даламда айырма жоқ,
Сайрандап аралаңдар біртін-біртін.
Қарт – қария, бәйбіше кең пейілді,
Жарасқан қыз-бозбала, қызыл қыршын.
Достасып қол ұстасып, құшақтасып,
Түрлі ұлтпен туыс болып бірге жүрсін.
Алдыңдағы бақытқа қолын созып,
Жасым жайнап, елімде кәрім күлсін.
Тойында тоқсан жылдық Кенекеңнің,
Сәлемдесіп қоюға келді-ау қисын.
Әсімхан:
Бірінші сәлем жалпыңа,
Ақын Мұқаш қартыма.
Екінші сөзді арнаймын,
Тойға келген халқыма.
Кім риза болмайды,
Қазақтың осы салтына?
Мұқа, сіз бүркіт болғанда,
Мен бір қыран қаршыға.
Аманбысыз, Мұқашым!
Үлкендік жақтан ұтасың.
Өлеңіңмен, сөзіңмен
Тыңдаушыңды ұйытасың.
Алматым қара шаңырақ,
Той күні тұлпар шабылад,
Жамбыл деп өлең бастасам,
Сүйсінед денем жадырап.
Кенекеме кейінгі –
Барлық ақын бағынад.
Ұстазын естен шығарса,
Ол адам сөзден жаңылад.
Сүйікті көсем ордені –
Ең жоғарғы наград.
Кененнің бұл сыйлығын
Құттықтай кетсем, не қылад?
Жүз жылдық той болғанда
Ақынға жұлдыз тағылад.
Шәкірттері Жамбылдың –
Үмбетәлі, Кенен ед,
Есдәулет, Қалқа деген ед.
Біздерге ұқсап айтысқа
Талай да талай келген ед.
Кенекем салған әндері
Басқа әндерден керемет.
Суырып салма термеге
Үмбетәлі терең ед.
Маған да солар тапсырып:
«Сен айтқын енді!» деген ед.
Талдықорған сен едің,
«Танымайды» демегін.
Айтысқалы менімен
Алыс жерден кеп едің.
Мұқаш ақын, айтып бер,
Алматым берген көмегін.
«Жақсы облыс атанып,
Жеңімпаз бол!» дегенін.
Қамқорлық талай етіп ек,
Бұл сөзім емес өтірік.
Ақ отау тігіп басыңа,
Еншіңді бердік екі рет.
Отауымсың сол үшін,
Құтты болсын қонысың.
Қамқорлық жасап әрқашан,
Беріп жүрміз қол ұшын.
Қаншалық қазір жақсардың,
Жұмысты қалай басқардың.
Ақын Қалқа аман ба,
Ордасы болған дастанның?
Ақындар бар ма ішінен,
Топ жарып шыққан жастардың?
Жапсарбаев Қалқаны
Қасыңа неге ертпедің?
Келмеді-ау атын ерттегің.
Ұстазыңа жүр демей
Үйіне тастап кеткенің –
Қызғандың ба Қалқаның
Киетін бір шекпенін?
Кененнен Қалқа кем бе еді?
Халқына сіңген еңбегі.
Талдықорған ақынды
Сыйламайтын ел ме еді?
Сөзіме жауап беріңіз,
Өлеңнен ұрық себіңіз.
Таразыға түссең де
Мен емес сіздің теңіңіз.
Қайтадан барып аулыңа
Қалқаны ертіп келіңіз.
Мұқаш:
Болғанда ақыл ойда, сымбат бойда,
Тұра ма ақын қарап мұндай тойда?!
Желсіз күнде желігіп шаң ұшпайды,
Аспаннан нұрын төксе күн мен ай да.
Тоқсанның төбесіне шықты ағамыз,
Халықтың арасында ақық айна.
Құрметті беделге ие белсенді інім,
Әсімхан, інім едің тілің майда.
Ақыл, нақыл аталы сөз сөйледің,
Әр ақын да біледі ақыл айта.
Қатарыңнан қалмаған жүйрік едің,
Халқыңа қазыналы етіп пайда.
Сөзімді таза тыңда, қапы қалма,
Ар-намысқа лайық алдың найза.
Білемісің, облысым – Талдықорған,
Көксу менен Қаратал қалың орман.
Ақсу менен Лепсі, Тентегі анау,
Саясында сайраған бұлбұл қонған.
Жеті арнаның шұрайы Талдықорған,
Шалдығып, шаршағанның мейірі қанған.
Қойныма, құшағыма сыйып жатыр,
Еңбекке жеңін түріп іздеп барған.