Мұқаш пен Әсімхан айтысы (2-бөлім)
Мұқаш Байбатыров, Әсімхан Қосбасаров · 2 мин оқу
Әсімхан меніменен салды жарыс,
Отан үшін, халық үшін барлық табыс.
Ағаның баласысың алшаңдаған,
Ініңнен мақтанам деп кетпе алыс.
Жамбыл менен Кенен деп шалқаясың,
Бізге де олар-дағы емес алыс.
Қалқа менен Қуатты ұмыттың ба?
Түзу бас аяғыңды қисық шалыс.
Қабаннан Сүйінбай да бата алмап па ед?
Адасып аңғырттанбай дұрыс қағыс.
Қабан, Түбек, Бақтыбай еді дардай,
Нұрмолдам жарқыраған атқан таңдай.
Екі рет «Еңбек ері» атақ алған,
Отыр ма оны айтуға аузың бармай?
Ертек боп ел аузына тарап кеткен,
Жансүгіров есіңде ме жанған шамдай?
Қорғасын, мыс пен күріш, шекер-қант,
Жүк тартқан желкесі анау шөккен нардай.
Әсімхан:
Тұлпар деп оны кім айтар?
Той күні тұрса жүгірмей,
Бәйгеден қалса ілінбей.
Ақындық атақ кім берер,
Халқыма еңбек сіңірмей?
Әсем қала – Алматым,
Кілемнің ою түріндей.
Құшағын жайып мейманды
Қарсы алады күлімдей.
Көп ұлтты ел тату, сыйласып
Бірге туған ініңдей.
Заманымыз жаңарып,
Ескіліктен тазарып,
Жүз тоқсаннан қозы алды,
Көккөзов пен Назаров.
Бұл сияқты озатты –
Өлеңменен мадақтап,
Газеттерге жазалық.
Миуалы жемісім,
Малға толы өрісім.
Көк теңіздей толқыған
Жайқалып тұр егісім.
Өткен жылы біз бердік,
Миллиардтың көбісін.
Облыстарға арттағы
Беріп жүрміз жең ұшын.
Құрылысымыз күрделі,
Сапасы да ілгері.
Мыңдаған жаңа үй дайын тұр,
Жұмысшылар кіргелі.
Облыстың он тоғыз
Алматым – алтын діңгегі.
Берекелі елім бар,
Көкорай шалғын жерім бар.
Шаруаның ырысы
Бетегелі белім бар.
Алма, жүзім, бау-бақша,
Он сегіз түрлі өнім бар.
Жетісуға лайық
Қапшағайдай көлім бар.
Қапшағай оңай келген жоқ,
Маңдайдан аққан терім бар.
СССР-ге депутат
Плахина келін бар.
Мусин, Дәдеш, Сәмудің,
Түймебаев сияқты
Жұлдыз таққан ерім бар.
Маған әуре болмаңыз,
Айтысатын теңің бар.
Мұқаш:
Мекенім – Алатаудың кенересі,
Облысым – астананың керегесі.
Астана шаңырағы көк тіреген,
Жұлдыз боп жарқыраған дөдегесі.
Күннің нұры орнады от басына,
Айменен айшықталған терезесі.
Төрінде ұлы көсем Ильич отыр,
Алтын заң аздырмайды ережесі.
Ұл мен қыз еңбекпенен тың көтерді,
Әлемнің жібіп жатыр кенезесі.
Кенен аға тойында басты қостық,
Ақынның дуда қызар делебесі.
Ақындық дәрежеге ие болдық,
Абай менен Жамбылдың шөбересі.
Енші алу, енші беру ата салты,
Жетпей тұр Әсімханның неменесі?
Әсімхан:
Кенен ақын тойына
Жүз елу үй тігілген,
Түндігі әсем түрілген.
Керегенің басына
Газет пен журнал ілінген.
Радиосы саңқылдап,
Бар жаңалық білінген.
Ғасырға жуық Кенекем,
Халқына еңбек сіңірген.
Ақын деп мені кім айтар,
Жырламай кетсем бүгін мен.
Сәйгүліктер жарасып,
Суытылып, таң асып.
Көкпарын тартып жігіттер
Жұлқыласып, таласып.
Қыздардың сөзі қылықты,
Қыз қуған қандай қызықты.
Таңдай мініп тұлпарды
Желкелейді жетсе жігітті.
Ал, қызға жігіт жеткенде,
Құшақтап беттен өпкенде,
Шалдар-дағы шыдамай,
Ой жібереді өткенге.
Кемшілік емей немене,
Тигізгің келмейді денеңе,
Талдықорғанды әкеліп
Алматыма теңеме.
Айтатының Текелі,
Басқаңды айтсаң не етеді?
Көп сөзім кетті жауапсыз,
Осы да сізге жетеді.
1974 жыл.