Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мүтәліп пен Қалдыбек айтысы (1-бөлім)

Мүтәліп Қыраубаев, Қалдыбек Әліқұлов · 3 мин оқу

Мүтәліп:

Қалдыбек, аманбысың, замандасым,
Сөзі – өткір, ойы – терең, ақ алмасым.
Қашаннан озып жүрген жүйрік едің,
Тап бүгін атың қалай шаба алмасын?
Деген бар топта сөйлер шешен кісі,
Шын ақын неге өлеңді таба алмасын?
Айтысып көп ішінде отырған соң,
Бұл өлең саған да сын, маған да сын.
Кездессем жөн білетін ақынменен,
Деп оны тілемеуші ем шабандасын.

Кеп тұрмын Қызылорда қаласынан,
Шаруа, малшы, егінші арасынан.
Деген бар «Сырдың елі – жырдың елі»,
Дарияның ұзын аққан жағасынан.
Бір шетім Шымкент пен Ақтөбеде,
Кең жайлау, мол жазира даласынан.
Терістігім Қарсақпай, Жезқазғанда,
Түстігім Қызылқұмнан әрі асылған.
Жерімнің шөбі шүйгін малға жайлы,
Самал жел қоңыр салқын жанға жайлы.
Малымыз бар жағынан қамтамасыз,
Тамақ – тоқ, киім – бүтін, көлік сайлы.
Жоспарым егін, малдан орындалды,
Айтқаным артық болмас осындайды.

Өрбіген төрт түлік мал қырымызда,
Түрлі дақыл егілер Сырымызда.
Әр уақта нан бар жерде ән болады,
Сол болмақ айтатұғын жырымыз да!

Қалдыбек, дидарластық танысқандай,
Қуандым дос пенен дос қауышқандай.
Берейін енді саған сөз кезегін,
Айтысқа сен де қосыл қалыс қалмай.
Қолыңа домбыра алып, сөйле, ақыным
Оныншы бесжылдықта табыс қандай?

Қалдыбек:

Уағалайкүмассалам, ақын аға,
Кездестік осы бүгін сахнада.
Мың сәлем көп халайық, сіздерге де,
Төрешім, ақындарға берген баға.

Шымкентім – он бес аудан, он бес отау,
Ғанибет жақсы жердің атын атау.
Қарасақ, әрқайсысының орны бөлек,
Лайық өздеріне «жабдық-жасау».

Аралап облыстың аудандарын,
Бір кезде ақын Нартай көрген бәрін.
«Оңтүстік – жерұйық» деп бағалаған,
Осы сөз қашаннан да көпке мәлім.

Мүтеке, айта берсем табыс мол-ақ,
Бұл жерде тауыса алмаспын бәрін санап.
Берейін енді сізге сөз кезегін,
Отыр ғой үлкен-кіші бізге қарап.

Мүтәліп:

Қойды айтсам астаудай-ақ семіз бәрі,
Жақсарған малшымыздың жағдай-халі.
Оныншы бесжылдықта төл алудан,
Жоспарын артығымен орындады.

«Сиыр сүті – тілінде» дейді халық,
Қоңды етіп семіртеміз жақсы бағып.
Бір жүз жиырма екі мың алты жүз бас –
Жоспар тұр бесжылдықта орындалып.

Түйе малы даланың кемесіндей,
Өркеші асқар таудың белесіндей.
Ауыр жүк артса-дағы сыр бермеген,
Сүті – ем, мал біткеннің төресіндей.

Он үш мың екі жүз бас түйе малы,
Бұл күнде сол мөлшерге жетті саны.
Бес жүз елу килодан етке өткіздік,
Жұрт көріп семіздігін таңданады.

Шапқанда суылдаған құйрық-жалы,
Еті – бал жануардың, сүті – дәрі.
Сойсаң – ет, саусаң – бұлақ, мінсең – көлік,
Айрықша сүйкімді ғой жылқы малы.
Көргенде ірілігін құнан дейсің,
Ойнақтап шауып жүрсе құлындары.
Сендерде дәл осындай бар ма байлық,
Бар болса, Қалдыбегім, айтшы кәні?

Қалдыбек:

Заводым бар «Химфарм» елге мәлім,
Содан шығар алуан шипа-дәрің.
Білесің, неше түрлі шөп өсірген,
«Дермене» совхозының бізде барын.

Шардара су қоймасы айтпағымыз,
Сіз оған рахмет деп айтпадыңыз.
Қоймадан текше-текше су бермесек,
Қалайша ақ күрішті молайтасыз?

Қашаннан көрші жатқан іргелі елміз,
Сондықтан не көрсек те бір көреміз.
Аталған «Сыр маржаны» күрішіңе,
Фосфордай тыңайтқышты біз береміз.

Жасампаз еңбек сүйгіш адамдарым,
Қарышты алға басқан қадамдарым.
Қалайша сіздің жағдай нашар болмақ,
Бізден барса көптеген мамандарың.

Жерім көп облыста елге мақтан,
Суы – шипа, ауасы жанға жаққан.
Сарыағаш, Шымған, Манкент курортына,
Көп келер емделуге сіздің жақтан.

Білесіз Қазығұртты «кеме қалған»,
Бабата, Құмкент, Сайрам – көне қорған.
Отырар – сан ғасырдың куәгері,
Кезінде талай ғалым өнеге алған.

Осындай өткен мұра қалдықтарын,
Бұл күнде қамқорлыққа алдық бәрін.
Аз емес Сыр бойында ескерткіштер,
Білейік, айтыңызшы, соның халін.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз