Көкен мен Әбікен айтысы (1-бөлім)
Көкен Шәкеев, Әбікен Сарыбаев · 2 мин оқу
Көкен:
Сөз арқауы – бірлестік, туысқандық,
Бір одақ боп бәріміз ту ұстадық.
Мерзімді жарты ғасыр артқа салып,
Тойына елу жылдық жуықтадық.
Халқымның қуанышты кәрі-жасы,
Жәкең тойы сол тойдың бастамасы.
Қабыл ал, өлеңменен шашу шаштым,
Алматы – Қазақстан астанасы.
Тағы да ақындарға ұран тастап,
Көтеріп дауысымды аспанға асқақ.
Шарықтап көңіл күйім селдей тасып,
Думанын өлең, жырдың кеттім бастап.
Қабыл ал, сәлемімді Әбікенім,
Жолымыз амандасу әуел баста-ақ.
Жақсы сөз жан азығы деген бар ғой,
Барыңды ортаға сал, қалмай жасқап.
Әбікен:
Буған соң ақындыққа белді бекем,
Өлеңмен Отаныма қызмет етем.
Октябрь таңыменен қайта туып,
Мадақтап жаңа өмірді өтті-ау Жәкең.
Өлең сөздің патшасы Жамбылым-ай,
Айтыста бой бермеген алғырым-ай.
Қастерлеп халқы құрмет еткеннен соң,
Жәкеңнің шықты даусы жаңғырып-ай.
Жырлаған, шарықтаған ұлы көшке,
Толдыңыз бүгін дәл жүз жиырма беске.
О, Жәке, өлсең-дағы арманың жоқ,
Ұрпағың артыңдағы түсірді еске!
Мен тегі көргенім жоқ қорғанып-ай,
Сөйлейін білгенімше толғанып-ай.
Ал, Көкен, әріптесім шақырған соң,
Шырқайын домбырамды қолға алып-ай.
Ақын ем шаршы топта шаршамаған,
Сөзімді халқым ұғып қолқалаған.
Айтысқа меніменен шықшы, Көке,
Сен болсаң жырдың жүгін арқалаған.
Ақынға сөз біте ме мақтанбаса,
Өзіне келер сөзден сақтанбаса.
Оқыста әріптесін орай шауып,
Көмейден асыл сөзді ақтармаса.
Нағашым – Сәкен, Сәбит, Ғабит, Мұхтар,
Жүйрікті жүрісінен танитындар.
Мен өзім дәл солардай болмасам да,
Жасымнан өлең-жырға болдым құмар.
Одақта аты әйгілі Талдықорған,
Табыста келе жатыр таймай жолдан.
Төкпе ақын, төгілме ақын көп қой бізде,
Үйрендім топқа түсіп мен солардан.
Жерім жоқ мен біреуден қорғалаған,
Жырым бар көмейімнен сорғалаған.
Кімменен айтыссам да шаршы топта,
Намысын облысымның қорғап алам.
Көкшенің көгершіні келдің ұшып,
Мен сені өлең-жырмен алдым құшып.
Бермесем саған кезек болмайды екен,
Барады өн-бойыңды өлең қысып.
Сұрасаң, елім де аман, ерім де аман,
Жарасар амандықпен басқан қадам.
Ел-жұртың, бала-шағаң аман болса,
Ерлерін Көкшетаудың айтшы маған.
Көкен:
Алматы шақырған соң келіп едім,
Жырыма арқау қылып Көкше жерін.
Елімнің ішіндегі даңқы шыққан,
Айтпақпын ерлерімнің еңбектерін.
Мәртебесі Көкшемнің биік болып,
Талайын жеңіп едім сендейлердің,
Туған жерім жұмақтай, арманым жоқ,
Орденді облысым Көкшем менің.
Арқалы ақындығым отыр буып,
Көргем жоқ айтысудан ешбір суып.
Байлығың қысқа тонның етегіндей,
Сонда да мақтанасың жел сөз қуып.
Кетеді Көкше десем көңілім өсіп,
Тұрады жеміс-жидек даламда өсіп.
Алмасы Алматының алмасындай,
Аузыңнан дәмі кетпес жесең кесіп.
Ерінбей еңбегінен жеңіс тапқан,
Табысын облыстың өрге артқан.
Атақты адамдар көп айта берсем,
Ер атанып кеудеге жұлдыз таққан.