Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манап пен Әсімхан айтысы (5-бөлім)

Манап Көкенов, Әсімхан Қосбасаров · 3 мин оқу

Өзіңді өзің көтерме,
Мақтаншақ адам өсер ме?
Шиқандай қызыл екенсің,
Ұқсайды түрің бөтенге,
Сынамай сені кетем бе?

Көп айтасың аймақты,
Кішкентай бота-тайлақты.
Нартайдан басқа ішінде,
Біреуі жоқ ардақты.
Кенен ақын шырқаса,

Қорғасыннан салмақты.
Нұриләны естіп пе ең,
Үмбетәлі, Бармақты?
Жақаевтың тойына,
Шақырмапсың жан-жақты.

Шақырған болсаң барар ем,
Бір қажетке жарар ем.
Сыйласуға шай беріп,
Басынан-ақ сараң ең.
«Қонақ» деген атадан,
Көкенов Манап тарап ең.
Жетісу елі Ұлы жүз,
Жолы үлкен ағаң ем.

Үмбетәлі жүйрікке,
Неге көңіл айтпайсың,
Ауылына барып қайтпайсың?
Ақындықтың салты жоқ,
Орынсыз елді даттайсың.
Бұлбұл болсаң, Манабым,
Неге орден тақпайсың?
Байқап қалдым шамаңды,
Алысқа ұзап шаппайсың.

Манап:

О, аға, енді шатылдың,
Қарсылассаң, батырмын!
Жалғамайсың дәстүрін,
Бұл күнге дейінгі ақынның.
Қатты айтуға бата алмай,
Інілік жасап жатырмын.
Ойың бар болса сынамақ,
Тойыңа неге шақырдың?
Бір рет емес, он рет,
Топқа түскен ақынмын!
Бірінен сені көрмедім,
Басымды не деп қатырдың.
Ақын ата Жәкемнің,

Тойына сақтап жүр ме едің,
Өнерді кімнен жасырдың?

Біреуге кінә арттыру,
Байқасаңыз зиян іс.
Кінәлаудан табасыз –
Алдымен өзің ұялыс.
Өлген ақын менде аз ба,
Әбдікәрім, Қалмахан,
Нартай менен Қуаныш?
Еңбектен бар орденім,
Мақтанышым – ол менің.
Омырауым толған ерліктің,
Бейнесін қалай көрмедің?
Одақтық мәдениетке
Сіңген менің еңбегім.
«Озат» деген белгім бар,
Оны да дерсің «көрмедім».
Сасқаныңның белгісі –
Бар-жоқты тізе бергенің.
Абайды оқып көрмеген,
«Бес нәрседен қашық бол» –
Дегені ойға енбеген.
Мақтаншақ ақын сен бе едің?
Бес-алты ауыз сөз білер,
Жоқ дейсіз бе елде кім?
Айтпасаң да өзіңді,
Ел бағалар ерлерін.

Озар болсаң дүбірден,
Тұлпарларша сүрінбей.
Бола қалсаң шынымен,
Ақындардың біріндей.
Лениннің жүз жылы мен
Данышпан Абай тойына,
Неге қалдың ілінбей?
Өзіңді-өзің зор тұтсаң,
Ел-жұртың қалмас күйінбей.

Үгітіңде ақыным,
Болмаған-ау әсер де.
Депсің де жүре беріпсің:
«Алматым менің, әсем де!»
Қазылған жолдан өте алмай,
Жатқан үйіме жете алмай,
Үш сағаттай сандалдым,
«Үштөбе» деген көшеңде.
Таксистер тілді алмады,
Көп ақша берем десем де.
«Қазақстан» қонақ үй,
Телефонсыз жаттым-ау,
Байланыс тәуір десең де.
Ұшырапты көп қартың,
Көкнәрі деген кеселге.
Шалдарың солай болғанда,
Жақсы боп жасың өсер ме?
Солардан соны сақтандыр,
Бастары аман-есенде.
Доғарайын осымен,
Кім жеңілді, кім жеңді?
Отырған халық шешер де.

Әсімхан:

Талайын көргем батырдың,
Сенен де зорын ақынның.
Басың ауырып отырса,
Дәрігерді шақырғын.
Дәлелі жоқ қолайсыз,
Сұйық сөзді сапырдың.
Қадірлейтін сіздерде
Той жасайтын шал жоқ па,
Тойға сояр мал жоқ па?
Домбыраңды құшақтап,
Кетесің қаңғып әр жаққа.
Бір той істеп ауылыңа,
Мен сияқты ардақта.

Танымасаң, Манабым,
Топқа талай түскенмін,
Шикі емеспін, піскенмін.
Оң қолынан Жамбылдың

Сарқытын да ішкенмін.
Үмбетәлі, Кенендей,
Үлгісін алдым іскердің.
Шолақ етек мен емес,
Тонымды кең пішкенмін.
Қонақ үйде жатпап па ең,
Мейман ғып бес күн бақпап па ем?
Телефон соғып тілдесіп,
Адасқаныңды таппап па ең?
«Жамбылдың дастарқаны» деп,
Қолымнан дәм татпап па ең?
Осыдан қайтіп танасың,
Танғанда қайда барасың?
Бұдан бұрын көріп пе ең,
Алматының қаласын?
Облыстың он тоғыз,
Оқытып жатыр баласын.
Тәрбиелеп ұл-қызын,
Білімнің беріп тазасын.
Талапқа сай өскелең,
Кітаптың беріп жаңасын.
Балаларыңды жетектеп,
Бізге қарай шабасың.
Алтын орда – Алматым,
Қайтіп сен кінә тағасың?
Орынсыз Манап сөйлейді,
Өзінің білмей шамасын.
Қызылордаң біз емес,
Түйеге жеккен шанасын.
Көкнәр бізде болмайды,
Бекерге жала жабасың.
Айтылмайтын сөзім ед,
Адамның алдың мазасын.

1972 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз