Көдек пен Айым қыз айтысы
Көдек Байшығанұлы, Айым қыз · 1 мин оқу
Көдек:
Алыстан әтей іздеп тойға келгем,
Төгілген құйрық жалы жорға кермен.
Аралап әріптесті іздеп жүріп,
Өзіңді топ ішінен зорға көргем.
Атың кім, қайсы русың,- жөніңді айтқын?
Көрікті қос перизат тойға келген.
Шешең менен әкеңнің аттары кім?
Нағашың кім болады ордалы елден.
Алдыменен жөніңді ұғып алып,
Айтуды одан кейін ойға келген.
Айым қыз:
Ұқсаңыз, сұрасаңыз атым Айым,
Құжбанбет руым, білсең жәйін.
Жолыңды ал, тоғызыңды ал құда бала,
Кісі атын қиыстырып айта алмаймын.
Көдек:
Құдаша сенен тоғыз сұрамадым,
Тоғызбен дүние жинап құрамадым.
Жәй сөзбен жағдайыңды ұқпақшы едім,
Адамын білмек болып бұл араның.
Тоғызбен өлең жолын тоқтатқаның,
Өлеңнің шығармады-ау тиянағын.