Асылхан мен Тәни айтысы (5-бөлім)
Асылхан Мыңжасарұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу
Көңілімде бір айтысу арман еді,
Атағың біздің жаққа барған еді.
Баласы Тоңғатбайдың Гүлмайданды,
Айттырып Оспан інім алған еді.
Жөнелдік атқа мініп өлең айтып,
Келеміз хош айтысып үйге қайтып.
Тоңғатпай, Гүлмайдандар деген сөзге,
Атының тұра қалды басын тартып.
Тәни:
Өзіңді бір басымнан кем көрмедім,
Жаманға зейініңді теңгермедім.
Берді деп Құтекеңе естіп едім,
Шырағым құда болған сендер ме едің?
Шақпының ауылым қонды қабағына,
Естіп ем сені жаным баяғыда.
Жақсы айттық, жаман айттық қош аман бол,
Шықтың ғой жұрат болып аяғында.
Асылхан:
Құдаңыз мына тұрған бақырыңыз,
Жігітпіз, құба-құрғақ ақылымыз.
Бәріміз бір атадан туған тарап,
Ағайын сол құданың жақынымыз....
Осы еді құмар болып барған жерім,
Айтысып Тәнименен қалған жерім.
Қоштасып, аман-есен болыңыз деп,
Белгіге бір торғын шыт алған едім.
Аржаққа алты кісі барғанымыз,
Тарқады құмар болған арманымыз.
Басында еркелесіп айтыссақ та,
Тату боп аяғында қалғанымыз.
Ол дағы дәурен деді баста мында,
Білмедім не дерімді сасқанымда.
Тұсалып қара өлеңге қалғаннан соң,
Жолықтым тосқын болып асқанына.
Әуелде бозбалалар шағыстырды,
Өлеңге бәйге атындай жарыстырды.
Ол бастап ұры жайын айтып берді,
Бегімбет аяғында намыс қылды.
Бастады алғашында қара өлеңді,
Бойдағы тастамадық бар өлеңді.
Елінде қолға түскен ұрыны айтып,
Бастады мүдіртем деп бір өнерді.
Бегімбет, дербіс пенен андас, қатпа,
Көз салған ақын Тәни әрбір жаққа.
Көрмедім әйел заттан ондай адам,
Қалайша жатық болған шариғатқа.
Екі жүз елуді айттық шариғаттан,
Тастамай тағы да айтқан тарих жақтан.
Болар ма мұндай ұста қара өлеңге,
Жел сөзге жүйрік екен шапқан аттан.
Бастады шежірені одан кейін,
Сыртынан ғайбат айтып мен не деймін.
Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,
Шіркін-ау, біледі екен оған дейін.
Мен дағы шежірені айттым таман,
Әр сөзден мүдіртем деп айтты маған.
Сұрауды неше түрлі сұрап жатты,
Көрмедім тілі бұлбұл ондай адам.
Бастады одан кейін тау өлеңді,
Қоймадық айтылмаған сау өлеңді.
Әр сөзді ақын Тәни кетті бастап,
Әуелі бастап қойып дау өлеңді.
Қоймадық дау өлеңнен жер мен суды,
Ол дағы ақын екен аты шулы.
Тау-тасқа сүрінбейтін тұлпардайын,
Ол дағы ойқастады өрлі-қырлы.
Көрмедім жүріп тұрған ондай адам,
Қағынғыр шежіре боп нағып туған.
Ата-ана неткен жақсы тәрбие еткен,
Тариғат, шариғаттың жолын қуған.
Соңына және бізге жұмбақ айтты,
Басынан қырық парыздың құлдап айтты.
Ортаға қойғандарын біліп алып,
Біз шешсек ол тағы да тыңдап айтты.
Жұмбақтың бергеннен соң бәрін шешіп,
Сескеніп қалды Тәни іштей бекіп.
Өлең де осыдан соң аяқталды,
Тәниді жолдастары кетті ертіп.
Біздерге жанның бәрі көзін салды,
Біз дағы көріп-ек деп талай жанды.
«Шырағым, бәрекелді, жарайсың» деп,
Қолымнан Тәни келіп ұстай алды.
Бозбала еріп жүрді атқа мініп,
Айтысқан әрбір түрлі сөзге күліп.
Таң атып жер дүние көрінген соң,
Тәнимен хош айтысып кеттік жүріп.
Жарандар тамам болды білгеніміз,
Сүйеніп тіршілікте жүргеніміз.
Шығардым тамашаны хатқа салып,
Бір күні бұ да қалар көргеніміз.