Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асылхан мен Тәни айтысы (4-бөлім)

Асылхан Мыңжасарұлы, Тәни Тоңғатбайқызы · 2 мин оқу

Асылхан:

Біздің ел дегенменен сондай мықты,
Кісіні ерегескен жерге тықты.
Бегімбет мал беруге шыдай алмай,
Кісісін балта менен ұрып жықты.

Дарияда шабақ көп пе, жәйін көп пе?
Еліңде кедей көп пе, байың көп пе?
Біреуіңе екі жүз жылқы бітсе,
Жем болған Көшербай мен Майырбекке.

Бар малы жұратына кеткен шығар,
Таяз деп құнажыннан өткен шығар.
Есірік қатпалардың жігіттері,
Жабылып ұры ғой деп жеткен шығар.

Артынан айғай-сүрен салған шығар,
Жиылып бар Бегімбет қалған шығар.
Қатпаның қуып келген бозбаласын,
Бастарын бір-бір салып жарған шығар.

Қой десем осы құрлы тіл алмадың,
Өзіңе келер сөзді біле алмадың.
Ішінде Бегімбеттің ұры жоқ па?
Тынышыңа ауыз бағып жүре алмадың.

Сөзімді менің айтқан ұғамысың,
Ақын боп осы сөзден жығамысың.
Еліңде: Құйқы, Ынжыбай – төрт ұры бар,
Артыңа соның бәрін тығамысың.

Тәни:

Шырағым бәрекелді бұл сөзіңе,
Кеп қалдым шабыттанған бір кезіңе.
Тұсымда қырғидай боп отырған соң,
Басында ілмеп едім мен көзіме.

Тиеді жанған өрттей сөзің шалқып,
Сүйегім жауабыңа кетті балқып.
Нүрәділ бекер ертіп жүрмейді екен,
Сол кезде-ақ қалып едім ішім тартып.

Көзіме ілмеп едім әу басында,
Талайдың болмап едім қоймасына.
Шырағым, атаң жақсы, анаң жақсы,
Нүрәділ бәрекелді жолдасыңа.

Атасы бұл Қызайды сұрап еді,
Ел-жұртын ақылменен құрап еді.
Бар екен абыройың жеңе алмадым,
Абиыр жеті атаңнан мұраң еді.

Асылқан, Нүрәділ мен Қожахмет,
Үйіме кісі болсаң бір келіп кет.
Бұлбұлдай тілі майда бұлбұлым-ай,
Болады-ау, сендер кетсең бір үлкен дерт.

Асылхан:

Адамнан артық емес сенің басың,
Айтасың жоқтан тауып сөздің нәшін.
Алады жаман адам абыройды,
О, Тәни, тауып ойна замандасың.
Жасымнан сан ақынмен сөз сөйлесіп,
Мінеки жиырмаға да келді жасым.

Нүрәділ он жетіде мұның жасы,
Артылған жаста болса мәртебесі.
Жүрелік келіп-кетіп, күліп ойнап,
Жақсылықтың жоқ дейді ерте-кеші.

О, Тәни, көргенімше хош аман тұр,
Айтайын бір нәсиқат мойныңды бұр.
Өзіңе ынтық едім, көрдім келіп,
Жүруші ем көре алмай-ақ, бір неше жыл.

Даңқыңды естіп едім өткен жылы,
Жел сөзің құбылады неше түрлі.
Өлеңмен өзіңді ешкім жеңе алмас,
Дем алмай айтсаңдағы күндіз-түні.

Тәни:

Шіркін-ай, көріп едім талай жанды,
Атырдық өлеңменен аппақ таңды.
Нөсердей арт-артынан төгіп тұрсың,
Білмейтін адам ойлап сөзің заңды.

Басында әрбір сөзбен байқап едім,
Өнерсіз болсаң жауап айтар ма едің?
Білмеймін не айтқанымды осы тойда,
Мен дағы бойбермеген аусар едім.
Дариға-ау, біздікімен жұрат болсаң,
Құмардан ойнап-күліп тарқар едім.

Өлеңге мұндай ұста болармысың,
Өнер бар бір басыңа неше қысым.
Сайраған қызыл тілің шежіредей,
Ұқсаттым ерен бақтың бұлбұл құсын.

Асылхан:

О, Тәни, хош аман тұр әзіл жаным,
Атағың жерді жарған жанға мәлім.
Сайраған қызыл тілің шежіредей,
Күйіндей фәтефонның салған әнің.
Жүреміз келіп-кетіп, дәм бұйырса,
Сақтаса саламат қып жаппар кәрім.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз