Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Манап пен Әсімхан айтысы (2-бөлім)

Манап Көкенов, Әсімхан Қосбасаров · 2 мин оқу

Қызылорда – ақ күріштің ақ сарайы –
Сен де мақта, мен де енді мақтанайын!
Таңданды Америка, Куба, Қытай,
Неміс пен французға тоқтамаймын.
Дүниені талай рет жалт қаратқан,
Ардақты Жақаевты бақ санаймын!
Қазақтың атын жайған мақтанышы,
Шетелдік таныды оны басқа ағайын.

Білмеймін түйеңді мен дорбаменен,
Жол жүрем «Москвичпен», «Волгаменен».
Аспанға ұш, мейлің жерде жүрсең дағы,
Кетесің старт алып жолға менен!

Жақаевты сұрадың,
Тойына бірақ, бармадың.
Қос жұлдызды тақса да,
Жиылып елі жатса да,
Халқына назар салмадың.
Жамбылдың тойын құрметтеп,
Қошеметтеп келсем де,
Алдымнан күтіп алмадың.
Қонақ үйде жатқанда
Есімнен шықпас, Әсеке,
Орнымды тартып алғаның.
Жазығым не, бұл жерде
Баспанасыз қалғаным.
Осыған әуел жауап бер,
Көрерміз сосын ар жағын.

Әсімхан:

Елімізде жүз жиырма ұлт тұрады,
Ойлама мені сөзден ұттырады.
Барлығы балдан тәтті ынтымақты,
Ерінбей еңбек десең тік тұрады.

Ақыным орындаймын сұрауыңды,
Қандырам өлең болса құмарыңды.
Алматы облысым он алты аудан,
Адамсың кеп көрмеген бұл ауылды.

Ең үлкен жерімізде Жетісу бар,
Мәңгілік желбірейтін қызыл тулар.
Халқына Қазақстан аты әйгілі,
Көптеген ғалым болған қыз бен ұлдар.

Айтайын Ақсу, Көксу, Қараталды,
Тоты құс сонда өсірген балапанды.
Шу, Тентек, Іле, Лепсі деп айтушы ед
Көріп пе ең Үмбетәлі қара шалды?

Мен барып көрген едім Сырларыңды,
Бояйсың Сыр дегенде жырларыңды.
Дарияң өз жолымен ағып кетіп,
Көргенмін сусыз жатқан қырдағыңды.
Түйеге мініп алып су тасыған,
Айтпайсың шөлдеп тұрған құмдағыңды.

Жасыңнан домбыра ұстап болдың жыршы,
Сөзімді жыршы болсаң тыңдап тұршы.
Жыр алыбы Жамбылдың бір сөзі бар:
«Өз мінін жасырмайды әділ сыншы».

Манап:

Әсеке, жауап бермей сұрағыма,
Жағдайсыз тиді ме әлде құлағыңа?
Тағы да сөз қозғасам деп отырмын,
Басып тастай салмаңыз бұ жағын да.

50 жыл – ССРО-ға, толғалы тұр,
Бір үлкен сән-салтанат болғалы тұр.
Ұлттардың туыстығын баяндайық,
Бір ғана ете бермей олжаны жыр.

«Гигант» колхозында 25 ел,
Өкілі бір мақсатқа байлаған бел.
Біреуін-біреуінен ажыратпай,
Өзіндей көрген ақын туысқан дер.
Латыш қызы Магрис,
Неміс қызы Эльмирам.
Армян қызы Рзван,
Орыс қызы Розам.
Қазақ қызы Гүлстан,
Тәжік қызы Тамарам,
Өзбек қызы Мариям,
Корей қызы Ольгам.
Қырғыз қызы Қалиям,
Қарақалпақ Гүлсанам,
Татар қызы Әлиям,
Түрікпендік Тәзиям,
Украиндық Надиям,
Грузиндік Гулиям,
Шешен қызы Қазиям,
Молдавандық Сониям,
Бәрі еңбекте табысқан,
Бір семья туысқан!
Мысалын айт, Әсеке,
Біздей болып туыссаң.

Әсімхан:

Қыздардың бірі Нюра, бірі Галя,
Ескі емес заманымыз, біздің жаңа.
Люба, Маруся мен Вера, Тома,
Озат боп сыйлық алды үш Тамара.
Есейген еңбегімен көзге түсті,
Атақты Бүбіхан мен Шолпан, Сара.

Айтысқа шыққан, Манабым,
Меніменен егеспе.
Егескенмен Манабым,
Шыға алмайсың белеске.
Табысыңды айтып тасисың,
Сырдарияңдай шалқисың.
Сол табысқа себепші,
Қамқорлығын көрсеткен,
Алматым менің емес пе?!

Жетісудың байлығы,
Әлемге кетті таралып.
Заманымыз жаңарып,
Қатарға сен де қосылдың,
Алматымнан нәр алып.
Шетте жатқан ауыл ең,
Істедік талай ағалық.
Сүйікті көсем орденін,
Екінші рет қададық.
Байлығың болса айта ғой,
Біртіндеп біз де саналық.
Құттықтауды білмейсің,
Істеп тұрсың балалық.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз