Қалихан мен Сара айтысы (5-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Сара Тоқтарбаева · 3 мин оқу
Көп жерге жол алыс боп бара алмадым,
Жөн болар ойлағаның малшы қамын.
Кей жерде шамға құяр керосин жоқ,
Тартсайшы алыс жерге Ильич шамын.
Қалихан:
Аймаққа аңыз болған Марқакөлің,
Ойлаушы ек, біреуі деп дарқан елдің.
Ат басын тірейтұғын үй табылмай,
Бұрылып келген ізбен қайта бердім.
Дәл сол күн Қалжыр деген өзен тасып,
Ауатком жатыр екен жанталасып.
Сәйкенов шала-шарпы тілдесті де,
Жөнелді машинаға міне қашып.
Қарсы алды «Боран» совхоз борандатып,
Мұржасын үйлерінің қараңдатып.
Асханада ет болмай, шандыр жедік,
Қысқан соң суық, тілін жалаңдатып.
Айта бар, барсаң сәлем, Сара жолдас,
Пейілін тарға салған қазақ оңбас.
Әрдайым іс орнына сөз бересің,
Аулыңа адам түгіл, торғай қонбас.
Бар дедің Алтай жақта «Рахман бұлақ»,
Біз оны көрген жоқпыз, естір құлақ.
Өйткені, бір жолдама алу үшін,
Жалынып жүру керек он жыл сұрап.
Саражан, халық қызы депутатсың,
Ескертші, бір жолдама бізге сатсын.
Курортты жеке өздерің иемденбей,
Семейден барғандар да дәмін татсын.
Сара:
Әдетім кіші, үлкенді сыйлайтұғын,
Бетіне қатты айтуды қимайтұғын.
«Аш қайттым» дейсіз бізге, етке өкпелеп,
Сол боп тұр жүрегімді қинайтұғын.
Сылдыр су Көкпектіңнің берер асы,
Шыбын көп асханада симайтұғын.
Аралап өз көзіммен көріп қайттым,
Мен емес өтірік, өсек жинайтұғын.
Демеңіз, «көп сынадың, өкпеліміз»,
«Көп сынап, аз отырып» кетеміз біз.
Аулыңыз қайда барсақ таза тақыр,
Бір ағаш сая болар екпедіңіз.
Аралап елді көрдім мақтайтұғын,
Ерлер көп ел сенімін ақтайтұғын.
Сыналған кемшіліктер жөнделеді,
Ақынның көңілге алмас қатты айтуын.
Осымен қош, аман бол, әріптесім,
Тілеймін зор денсаулық деніңізге.
Тілектес бір қазақтың баласымыз,
Қонақ боп бізге жиі келіңіздер!
Қалеке, өкпелейсіз қайдағыға,
Әперем бір жолдама қайнарыма.
Келсеңіз дем алуға біздің жаққа,
Апарам Сауыр, Сайхан жайлауыма.
Мекенім ата қоныс менің – Зайсан,
Қырда мал, ойда егін жерім – Зайсан.
Құшағын кеңнен ашып қарсы алады,
Қонақжай жерлестерім көңілі жайсаң.
Қалихан:
Семейдің іші майлы, сырты сымбат,
Сан завод сап түзеген, сан комбинат.
Бақыршық, Жезкент, Шаған, Үлбі - ГЭС-і,
Бағасы біреуінен-бірі қымбат.
Семейде бір байлығым – темір жолым,
Жетеді шартарапқа, созсам қолым.
Жүйіткісе заманымның отарбасы,
Жап-жарқын батыс, шығыс, оң мен солым.
Торабы тоғыз жолдың – жалғыз төбе,
Құт мекен алтын қазық, күміс шеге!
Күн сайын көмір, мұнай, ағаш сұрап,
Бай болсаң келесіңдер мұнда неге?
Өскемен, жарыс көшін бастайсыздар,
Ерсіздер, қиындықтан қашпайсыздар!
Арқаға аяғыңды кең көсіліп,
Алтайды шынтағыңа жастайсыздар.
Ертістің бас жағына қонып алып,
Өндіріс қалдығымен ластайсыздар.
«Семей мен Павлодар тазартсын» деп,
Әдейі көң-қоқысты тастайсыздар.
Болса да өндіріс көп Өскеменде,
Қарайық, цифрлары өскелең бе?
Өнімді тоғыз миллион кем өндіріп,
Жарыста келе жатыр көш төменде.
«Қосса, – деп, – Алматыны теледидар»,
Шопандар, бақташылар мүлде құмар.
Өскеменнен басқаны көрсетпейді,
Жұртшылық тілегінен қашан шығар?
«Алыбым – Өскеменім, теңдесім» деп,
«Тілеймін – өрге тасы өрлесін» деп,
Сынадым теледидар мұнарасын,
«Сара ақын топ алдында терлесін» деп.
Осылай, Сара, сізбен қоштасалық,
Кездесіп, енді қашан бас қосалық?
Болудың «қырғи қабақ» керегі не,
Келіңіз, қол берісіп, достасалық!
Өсейін мен де, шалқып, сіз де өсіңіз,
Семейге бара-бара теңдесіңіз.
Күн жақсы, бейбіт өмір құшағында,
Ай сайын телефонмен тілдесіңіз!
1980 жыл.