Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсия мен Есенқұл айтысы (3-бөлім)

Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков · 3 мин оқу

Көңілің қалған екен құлазып-ақ,
Болған-ау, саған сірә, сын азырақ.
Қайтейін, бірінші боп тиістің ғой,
Шымшиын мен де сөзбен біразырақ.

Зер салып өз ісіңе қарамадың,
Келеді-ау, сірә, өзіңді даралағың.
Еліңе қонақ болып келгенімде,
Алдымнан қарсы алуға жарамадың.

Мен оңай түспеймін ғой, бірақ қолға,
Салайын өлеңіңді тура жолға.
Білмеймін, келін ұстап қалды ма екен,
Өзің де сүйретіліп, жеттің зорға.

Жүрсең де дайындалып күні бұрын,
Белгілі болып қалды-ау сенің сырың.
Өрнекке қолдан тоқыр олақсың-ау,
Жырларың жамалғандай жырым-жырым.

Кімнің қуып, кімнің білші қашқанын,
Ақыным-ау, сен жаңыла бастадың.
Шыныдай боп жарқылдаған көзіңнен,
Көрініп тұр, Есенқұл-ау, сасқаның.

Есенқұл:

Көзімді айтып, Әсия-ау, не қыласың,
Олай айтсаң, тағы да жаңыласың.
«Соқыр десең, тиеді Құнанбайға», –
Деген сөздің ұқпайсың мағынасын.

Көзімнің көктігіне өкінбеймін,
Кемсітіп соның үшін отыр мейлің.
Орыс пенен қазақтың ортасында,
Жалғасып жатқан мәңгі көпірдеймін.

Қыз деген кір жақпаймын жалпы ұғымға,
«Қыз – елдің көркі», – дейді халқымызда.
Шетелдік етік алып берсе біреу,
Кетеді кей қыз соның қолтығында.

Әсия, әдемісің бойың сұңғақ,
Тек, әттең, аузыңдағы сөзің құрғақ.
Қыздары бұл күнгінің аш күзендей,
Бұраңдап, би-билейді ырғақ-жырғақ.
Оларға айтпаймысың, даңғазадан,
Домбыра, халықтағы ырғақ қымбат.

Көрсетіп қаһарланған бетіңді енді,
Әсия, сөз сөйлейсің дөкірленіп.
Ақын боп ауылыңда жүрсің жалғыз,
Бір бидай арпа ішінде секілденіп.

Қайда осы, ақын жеңге, жерлестерің,
Қолыңа домбыра алған бойжеткенің?
Бұралып бір жас сұлу шыға келсе,
Бәйгемді айтыспай-ақ бермес пе едім?

Жас келін жарасады бесігімен,
Жаюлы дастарханды несібімен.
Келіні бұл күнгінің: «Не керек», – деп,
Ешкімді қаратпайды есігінен.

Жас келін жарасады енесімен,
Жақсы келін кетпейді ел есінен.
Келіні бұл күнгінің келсаптай боп,
Енесін жүргізеді төбесімен.

Көрген нәрсем әрқашан көңілімде,
Айтылсын соның бәрі өлеңімде.
Иіліп сәлемдерін бермек түгіл,
Алмайды атасының сәлемін де.

Дәстүрдің біз білеміз тозбасын да,
Ертеңге жақсы дәстүр озбасын ба?
Әсия, келіндерге ақылыңды айт,
Болмаса сол кемшілік өз басыңда?

Бай болсын қыздарымыз ізгілікке,
Көп біздің жақсы дәстүр ізгі жұртта.
Ал енді осыменен қош-аман бол,
Әсия, көріскенше бізді ұмытпа.

Әсия:

Деуші едім, сірә, жырда киелісің,
Сөздің тек сөйлеймісің жүйелісін.
Өзіңнен оза шауып кеткеніме,
Есенқұл, іштен жанып-күйемісің.

Қиқулап құрғақ сөзбен қумай сағым,
Жеңіп ал, ақын болсаң, жырдың тағын.
Мен-дағы жөн сөзбенен аяқтармын,
Сынбасын ел алдында сенің сағың.

Алдыңнан шыға берді-ау тор бітпеген,
Торлану ақын үшін қорлық деген.
Шабытың шабандады – көрініп тұр,
Айтысқа шыққансың-ау зорлықпенен.

Жырым ба талмай шалқып, қалықтаған,
Әнім бар сахнаңда шарықтаған.
Ізбасар шәкірттерім бар елімде,
Әрқашан үйретуден жалықпаған.

Шәкіртсіз ұстаз тұл ғой, білмейсің бе?
Жастарды өзің көзге ілмейсің бе?
Көсілтіп осындайда айтпағанда,
Жырыңды қапқа салып сүрлейсің бе?

Ақыным, ақылға біз салайық та,
Құптамас желіккенді халайық та.
Сара мен Біржан салдай ел есінде,
Өнермен өнегелі қалайық та.

Қалдырмай өлең-жырды іркілдіріп,
Тастадық тыңдаушыны сілкіндіріп.
Өнерге ат салысқан ұл мен қыздың,
Есімін жүрсін дәйім жұртым біліп.

Демеймін айтысарсың айында сан,
Келеді енді сенің жайың қашан?
Әрқашан айтысуға мен дайынмын,
Есенқұл, өзің қорқып тайынбасаң.

Айтатұғын енді басқа жоқ па әнің?
Басып алшы жүрегіңнің соққанын.
Үйренгенің дұрыс шығар, Есенқұл,
Жерсің әлі талай қыздың тоқпағын.

Жүрегінде жыр болмаса толымды,
Кес-кестеме енді менің жолымды.
Тайсақтама, бірақ өнер жолында,
Достықпенен ұсынамын қолымды.

Басылса еген жырға деген құмарың,
Мен сеземін бұл айтыстың тынарын.
Қош-сау болып тұрыңыздар, көрермен,
Көңіліңді қол соғудан ұғамын.
1984 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз