Есенқұл мен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Есенқұл Жақыпбеков, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Есенқұл:
Армысың айдай сұлу ақ келіншек,
Аузымды бүгін менің бақ келіншек.
Бір кешке сен күйеуден, мен әйелден
Қайтеді уақытша қақ бөлінсек?
Ақтарып ал ендеше ізгі жырды,
Айтайық алтыауызды біз бүгінгі.
Ептеп-ептеп жақындап, еркелетіп,
Есіңе түсірейін қыз күніңді.
Тұрмыста сен біреуді сүйікті еттің,
Әй-шәйға қарамай-ақ тиіп кеттің.
Бес бала мен күйеуің – Баянбайды,
Қалайша дәтің барып қиып кеттің?
Келіншек жақсы болды кездескенің,
Жібердің шабытымды тербеп менің.
Қыздардан айтысуға ақын шықпай,
Кемпір мен шалдар боп еді селбескенім.
Айтысқа енді шындап жол ашармыз,
Құмардан армансыз бір тарасармыз.
Ұзынды-қысқалы боп отырсақ та,
Өлеңмен, өнерменен жарасармыз.
Алыстан айтысам деп аттаныпсың,
Ел-жұртқа ақынмын деп мақтаныпсың.
Мен оқуда жүргенде миым ашып,
Сайрандап сал-серімен кеп қалыпсың.
Өлеңің болмаса да өтімді шын,
Бойыңнан көрініп тұр нөпір күшің.
Айтысайын деп емес, сен менімен,
Күресейін деп осы отырмысың?!
Ендеше неден болса аянбай кел,
Қорқақты айтыстағы қоян дейді ел.
Мен жайлы жиған-терген өсегіңді,
Ал кәне, ақ келіншек, баяндай бер.
Әселхан:
Кеудеме ұялаған асыл арман,
Жасымнан өлең жаздым жасыра алман.
Ордалы Оңтүстіктен сәлем алып,
Келгенмін Арыстан бап, Отырардан.
Фараби өскен жердің төрі биік,
Өскенмін сол даланың қырын сүйіп.
Сағынып сапар шеккен астанамның,
Халқына сәлем берем басымды иіп.
Аяулы астананы айға балап,
Күніміз құлпырғандай майда ғажап.
Алыстан алты жасар бала келсе,
Қарсы алып, сәлем берер қайда қазақ?
«Дәу ғой» деп қаштыңдар ма тырағайлап,
Екен ғой сәлемге де керек айбат.
Тығылып Алатауға қалды ма деп,
Тұр еді көрмеген соң ызам қайнап.
Егерде оңашада жолыққанда,
Жұтуға дайын едім бір-ақ шайнап.
Қызымын оңтүстіктің әлпештеген,
Шабытым шақ келтірмес шоқтай жайнап.
Көрейін жауаптасып өлеңменен,
Бұл жерде жағдайың бар төмендеген.
Есенқұл, өлеңіңді айта берші,
Жеңермін бассам-дағы денемменен.
Бойыңда айтысатын бар ма қайрат,
Ақыны сен екенсің қойған сайлап.
Бар болса сүйерің де тұрмас едің,
Қойды ма соны біліп келін байлап.
Бар болса өлеңіңді жылдам естірт,
Тұрғанды жақтырмаймын босқа сайрап.
Қыз алып қалу деген тым ескілік,
Тыңдасаң менің сөзім – бұл естілік.
Салмағым ауырлау боп қалғаннан да,
Қайтайын мен өзіңді ілестіріп.
Көп сені мазаламас бойдақ қылық,
Жүрерсің теңің тауып ойнап-күліп.
Жігіттің қадірін білмес жан емеспіз,
Қоярмыз тым болмаса қой бақтырып!
Есенқұл:
Домбыра қолымдағы қарағайсың,
Сен мені дедің «кіші баладайсың».
Денең үлкен болғанмен өлең сөзде,
Қолыма су құюға жарамайсың.
Домбыра тарта алмадың жайлап, онша,
Олақтар көп екен-ау қайда барса.
Дәл осы қалпыңменен жарасқандай,
Қолыңа найза беріп жауға қойса.
Қайттық қой сөзді біраз жарыстырып,
Өтейін енді өзімді таныстырып.
Айтысқан ақындардың екі елі аузын,
Тастаймын өлеңменен қарыстырып.
Жазба ақынмын, және де төкпе ақынмын,
Исадай «универсал» отты ақынмын.
«Менмін деп ақын Сара, мекіреніп»,
Менменсіген қыздарды көп қатырдым.