Есенқұл мен Әселхан айтысы (2-бөлім)
Есенқұл Жақыпбеков, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Алматы – аузымдағы арман әнім,
Жамбылдың жалғасы боп жалғанамын.
Біржан да емес, басқа емес, Ақан да емес,
Есенқұлы осы елдің мен боламын.
Еседі домбырамнан асқақ екпін,
Айтыста талайларды таптап өттім.
Анамнан Пушкин жайлы естіп-біліп,
Әкемнен Жамбыл жырын жаттап өстім.
Менімен айтысқанның бағы бар шын,
Мен арқылы ел-жұртқа таныларсың.
Шымкентке күні ертең барғаннан соң,
Шымшыма сөздерімді сағынарсың.
Осыны көңіліңе түйгейсің де,
Басыңды мына маған имейсің бе.
Аңсағаның әу бастан мен едім ғой,
Бетімнен шөп еткізіп сүймейсің бе?!
Сүйем деп болма бірақ сарыуайым,
Сен – палуан, мен – қасыңда тарыдайын.
Тойға піскен тоқаштай жарым барда,
Толағайын біреудің не қылайын?!
Әселхан:
Өмірде сен секілді талай жан бар,
Сен ақын болсаң егер сөзімді аңғар.
Есенқұл, іздеп жүрсең домбырашы,
Менімен айтысуға келіп нең бар?
Айтысар әркім тауып теңіменен,
Кез келді бүгін қайын, сеніменен.
Қақтаймын Оңтүстіктің аптабымен,
Үрлеймін Арыстанның желіменен.
Соққанда Арыстанның желі тынбай,
Қалар ең керімсалдан есің жимай.
Жан сақтап сая жерде жүрген басың,
Өлер ең ауызыңа тілің сыймай.
Көзің көк, өзің сары, сесің берік,
Айтасың мықтымын деп кесірленіп.
Соңынан Надя апаңның қалмай жүрсің,
Үйректің балапаны секілденіп.
Аулымның қызы өзімдей алып бәрі,
Ұл керек Қажымұқандай халыққа әлі.
Облыстың үлкені емес, ортасы деп,
Жіберген мені әдейі танытқалы.
Еліңде бала өсіру кем боп отыр,
Ғалымдар жазып-сызып анықтады.
Қыздарың қуыршақтай жылтыраған,
Ана боп, ұл өсіріп жарытпады.
Артына қалдыратын ұрпағы үшін,
Өмірін құрбан етер балық-тағы.
Өмірді балық құрлы сезінбесе,
Адамның осы болар шалыққаны.
Қуғаны жастарыңның ресторан,
Ит бағып ермек етер жалыққаны.
Ақыным біле алдың ба мұның жайын,
Болмасын болашақта бұл уайым.
Қарыздар қалмайсың ба келешекке,
Айта бер жауабыңды болса дайын!
Есенқұл:
Әселхан, қыз екенсің сөздерің көп,
Ол рас бетім сары, көздерім көк.
Көздерім көк болғанмен бұл айтыста,
Бәйгені ешбір жанға бергенім жоқ.
Достықты жырла десе парасатпен,
Жырлаймын домбырамды ала сап мен.
Орыс пенен қазақтың ортақ қызы,
Ол рас, Надежда менің нағашы әпкем.
Кезекті күтіп қалды өзгелер шын,
Әселхан, әлі талай кез келерсің.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Сағынып әлі мені он келерсің.
Болмасын мұның бірақ шын құсалық,
Кетпегін бір жаманды мың құса ғып.
Қасыңнан енді сенің кетпей болмас,
Күйеуің қарай берді дүрбі салып.
Әселхан:
Сөзіме нақты жауап айта алмайсың,
Шын өзің нағыз тұлпар байқалмайсың.
Әр сөзім атқан оқтай тиген кезде,
Жыландай белге соққан қайқаңдайсың.
Ақын боп жүрген кезде жерді басып,
Кез келді айтысуға бүгін нәсіп.
Суырып салма ақындық оңай емес,
Шығатын шын айтыстан құмарласып.
Қиыннан қиыстырып әкеле алсаң,
Кетеді-ау өлең шіркін балдай татып.
Советтік заманада дәуірлеген,
Ақыны болу елдің қандай бақыт!
Өлеңге жаңа талап, жас екенсің,
Шабытың шарықтасын талмай, тасып.
Кетті ме көп алдында мысым басып,
Жаутаңдап қарайлайсың құтың қашып.
Айтысты сен бастадың, аяқтайын,
Сен-дағы көп алдында жүрме жасып!
Есенқұл:
Сөз бенен домбыраға олақсың ғой,
Жаттап алған сөздерді бораттың ғой.
Дәп бүгін берер едім сазайыңды,
Қайтейін, бүгін бізге қонақсың ғой.
1984 жыл.