Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалихан мен Сара айтысы (1-бөлім)

Қалихан Алтынбаев, Сара Тоқтарбаева · 2 мин оқу

Қалихан:

Әлеумет, құтты болсын қуанышың,
Бөлісем қуаныштың жұбанышын.
Өйткені, тіршілікке қуанып қал,
Өмірге екі қайта туармысың.

Армысыз, азаматтар, ел бастаған,
Өнер ме дәстүрімен жалғаспаған?
Армысыз елден келген өнерпаздар,
Жорғадай төрт аяғын тең тастаған.

Димаштай жасай берсін ел ағасы,
Қазақтың толық қазір сыбағасы.
«Тарихты көп жасайды» десек-тағы,
Әрқашан елге қымбат ер ағасы.

Абай жоқ бұл заманда Бұхарменен,
Бірақ та Әбекең бар Мұхаңменен.
Осындай азаматтар есен тұрса,
Шалқымай шабытымыз жұтар неден?

Боранға қарсы тұрар сабырымен,
Мықты ғой байтерек те тамырымен.
Рахманқұл, Мырзабек пен ғалым Мардан,
Қазақтың Сағиы бар, Қадырымен.

Аузыма түспей қойды қалғаныңыз,
Ақындық атақты ақтау арманымыз.
Ішінде осы залдың отыр білем,
Топ жарған талай-талай тарланыңыз!

Баршаңа ыстық сәлем Семейімнен,
Жыр туар Семей десе көмейімнен.
Болсыншы денге саулық, басқа амандық,
Халайық, мұнан артық не дейін мен?

Жез қанат, болат топшы, асыл арман,
Саңқылдап самғап өтер ғасырлардан.
Арыны атты ағызар долы өзендер,
Көк сеңгір алады екен басын қардан.

Сол сынды биік арман жетегінде,
«Өлең» деп осы өмірден өтемін де.
Саңқылдап өз ортаңның даусы болып,
Бел керек ел намысын көтеруге.

Кең өлкем, көк Ертісім күркіреген,
Жасарып алпыс жылда қыр түлеген.
Көкала үйрек болып қырқасынан,
Күн сайын ұшып жатыр еркін өлең.

Қарт Семей – қара шаңырақ қасиетті,
Кім оны өнерімен басып өтті?
Ізі бар топырағында ұлылардың,
Не дүлдүл, сайыпқыран осында өтті!

Отаны Абай, Мұхтар, Әміренің,
Бағасын осыдан-ақ таныр едің.
Туғызған Бибігүл мен Розаны,
Ежелден ән мен жырдың тәңірі едім.

Солардың өнегесін жалғастырып,
Семейдің мәртебесін алға астырып.
«Қаламқас» ансамблі барып қайтты,
Төріне чех елінің малдас құрып.

Бақытты коммунизм ғасырында,
Тебірену менің де бар машығымда.
Торқалы алпыс жылдың мерекесі,
Өлеңім тойға әкелген шашуым да.

Қазақтың айтыс деген дәстүрі еді,
Айтыстың ақындары мәшһүр еді.
Баяғы асқақ дауыс атам Біржан,
Кестелі өлең сөзге ұшқыр еді.

Бесаспап болмасам да Біржандай сал,
Ағызам өз әлімше тілімнен бал.
Шығыстан Сара деген ақын кепті,
Бойында Жеменейдің майысқан тал.

«Сол Сара бөгелмесін келсін бері»,
Біржанның ізбасары көрсін мені!
Өткердім он үшімнен сөз майданын,
Көп болды тебінгіме тер сіңгелі.

«Бұл топта Сара бар ма, отыр неғып»,
Жібермей домбырасын қағып-қағып?
Сиқырлы әйел даусы жүректі арбап,
Кетуші ед құлағыма майдай жағып.

Шындасам, шыдап тұрар кім бетіме,
Ақындық берік едім міндетіме.
Мереке күнде мұндай бола бермес,
Сайрайық алпыс жылдың құрметіне.

Абайдың шәкіртінің біреуі – Әріп,
Жасынан сөз өнері қонған дарып.
Қазақта Ленинді тұңғыш жырлап,
Шын жүйрік қалың топты шыққан жарып.

Кешегі екі дүние айқасқанда,
Атақты Днепрдің шайқасында.
Семейдің жігіттерін теңеді жау.
Төбесінен тура түскен жай тасына.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз