Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақтан мен Көлмағамбет айтысы (6-бөлім)

Ақтан Нұрбаев, Көлмағамбет Нұрмағамбетов · 3 мин оқу

Оздырып бәйгесінде құлқын атын,
Ерлері ет ұрлауға ұмтылатын.
Бар екен Лениногорда ет комбинаты,
Бір айда он үш мың сом қымқыратын.

Ал, Ақа, сізге жұмбақ дайындадым,
Жимайтын тойған сайын айылдарын.
Кімдер ол «Березовка» совхозында,
Айтулы өгіз жұтқыш жайындарың?

Қалаңыз өте көркем – Өскеменің,
Өркендеп өрге басып өскен елің.
Мен бірақ орталықта қаздай шулап,
Қаптаған саудагерден сескенемін.

Тек қана өздеріне жайлы әдеппен,
Алдайды жолаушыны айлалы еппен.
Барлығы осыларда асыл заттың,
Япыр-ау, заң орыны қайда кеткен?!

Көтерер мәдениетті жете биік,
Табылмай тағы өзіңнен бекем иық.
Қасиетті қара Ертістің жағасына,
Қойыпсың бөтелкеден көпене үйіп.

Бұл сөзден тағы, ақыным, қорғалайсың,
Байлығын табиғаттың қорғамайсың.
Балығын Марқакөлдің ұрлап аулап,
Алдында рыбнадзордың жорғалайсың.

Катонда марал малын өсіресің,
Алам деп асыл панта есіресің.
Бірақ та көрпең қысқа екендігін,
Елемей тым артықтау көсілесің.

Мен сізге таға алмаймын босқа кінә,
Қажетсіз өзім көрдім басқа куә.
Шикізат мал басының өсуімен,
Төрт жылда бір жетпеді-ау жоспарыңа.

Аралап ауылыңды ұққам бәрін,
Қызығып ешнәрсеңе сұқтанбадым.
Майшаммен көп совхозың күн көреді,
Қуаты азайған ба Бұқтырманың?

Бас білген ракетаға жайғасып ап,
Біз қазір жүргіземіз айға сынақ.
Сен болсаң бар нәрседен кейін қалып,
Жағасың түнде пілте майға шылап.

Ежелден уақытта ғой ырыс құны,
Бірақ та түсінбейсің дұрыс мұны.
Қабанда еш жерде жоқ графикпен,
Он бірде басталады жұмыс күні.

Ағажан, көрінесің былай сұсты,
Домбыраң қолдан неге құлай түсті?
Таусылса қалтаңдағы өлеңдерің,
Осымен доғарайық бұл айтысты.

Кем айтсам шоқтығымды өсір менің,
Аса айтсам артығымды кешір менің.
Өскемен, Жезқазған боп орындайық,
Партия алға қойған шешімдерін.

Ақтан:

Келгенде құрылысқа, өршіл інім,
Түседі-ау тағы көзге кемшілігің!
Салынған он екі жыл Балқаштағы,
Прокат цехтың кейпін көрші бүгін?!

Жезқазған құрылысты бастайды екен,
Бірақ та аяқтамай тастайды екен.
Жеті жыл жетім тұрған потребсоюз,
Үйіне ешкім аяқ баспайды екен.

Тресте бір бастығың «жарқын» тұлға,
Клишин құлағына алтын сырға.
Қалапты төрт қанатын әрең-әрең,
Үйін де «зоовтснаб» алты жылда.

Ештеңе селоңда да жасалмаған,
Тіреуден меншік үйлер бас алмаған.
Тас еден, тар бөлмелі, аласа үйлер,
Бойынан құнан қойдың аса алмаған.

Көп жерде иен қалған моншаларың,
Не буы, не суы жоқ қол шаярың.
Бу мен судың орнына буфетіңде,
Құйылып тұрады екен мол шарабың.

«Ақтаудың» совхозында тұрған клуб,
Кеткен бе терезесін қорқау жұлып?
Ішіне жан кіргізбей күзетіп тұр,
Есігін қой басындай қара құлып.

Ауылда көбі жабық кітапханаң,
От жағып, ішін жылытып тұтатпаған.
Алайда таңсәріден кафең ашық,
Похмельден еш адамды жұтатпаған.

Үн келді Шет ауданда құлағыма аз:
«Кадрлер жетпейді» деп қылады наз.
Бір ұстаз үш класта жүгіріп жүр,
Молда көп ауылыңда, мұғалім аз.

«Арқаны қоймайық, – деп, – жетім қылып»,
Ертістің жіберіп ек бетін бұрып.
Салынбай, күнде «ертеңмен» басшыларың,
Жүр ме екен құрылысын жетілдіріп.

Үйренген талай басшы қулық «сауып»,
Жасырып мал шығынын ебін тауып.
«Құда да, құдағи да тыныш жатыр»,
Орынын өлген қойдың қозы жауып.

Шықпаса бастық үйден не біледі,
Кеңседе отырып-ақ «семіреді».
Жүретін мал басында мамандарың,
Жілікті үйде жатып кеміреді.

Болады-ау қилы-қилы өмірде өткел,
Бар екен «темір жегіш» Өмірбектер.
Машина бөлшектері топ-тобымен,
Өтетін ол не қылған кеңірдектер?

Дүкенде дәнеңе жоқ, таң қаламыз,
Қалмапты құрығанда камбалаңыз.
Түнеп ек Жезқазғанда қонақ үйге,
Талады аш бөрідей қандалаңыз.

Алаңда өгіздер жүр «өкке» көнбей,
Жұлып жеп, екпе ағашты көп көргендей.
Мұрнымен жігіт жатыр көше жыртып,
Трактор Жезқазғанда жетпегендей.

Ақыным, кетесің-ау көп есіліп,
Жүйесіз жалған айтқан сөз есірік.
Жалаңды жұртқа жауып сен де отырсың,
Бес жүз қойдан екі жүз қозы өсіріп.

Айтыстық Шығыс пенен Жезқазған боп,
Тыңдаған жұрт біздерден көз жазған жоқ.
Батыл сын, бағалы ойға тоқтау қажет,
Әлі де айта берсек сөзде арман көп.

Сыныңды маған айтқан еске аламын,
Егер де артық кетсем кеш, қарағым!
Өнерде, еңбекте де табысты бол,
Осымен, Көлмағамбет, қош, қарағым!

1980 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз