Ақтан мен Көлмағамбет айтысы (4-бөлім)
Ақтан Нұрбаев, Көлмағамбет Нұрмағамбетов · 2 мин оқу
Үш есе жер көлемің көп болғанда,
Беттері боз, бетегелі шөп болғанда.
Неге кем төрт түлігің біздің елден,
Ойланып жауап берші, көп толған да?
Сәні едің Сарыарқаның қайран жылқы,
Болыпсың Жезқазғанда жұртқа күлкі!
Жайғаның жарты Арқаға қырық үш мың,
Осы ма мал дегенде халқың мүлкі?
Машина тұрғыныңда көп-ақ болсын,
Мал жайсаң, мінесің бе ұстап түлкі?
Айтқандай Біржан сал мен Ақан сері,
Сарыарқа жылқы менен қойдың жері.
«Жылқысы аз Жезқазғанда, қой көп болар,
Тау шығар, үйген жүн мен жайған тері», -
Деп топшылап, ақырын сұрастырсам,
Облыста мұның да кеткен кері.
Жайылымы кең болғандай жайларыңыз,
Қысқа – тебін, жазда – өріс, жайлауыңыз.
Жерің көп, төлің жоқ па, не себептен,
Бізден кем алты жүз мың қойларыңыз?
Ел құты – етті, сүтті ірі қара,
Бізде бұл үш жүз алпыс мыңдай ғана.
Ұялмай өз малыңды түгелдесең,
Бұл санды үшке бөліп, бірін сана.
Жарайсың – Қаныш атын мақтан еттің,
Бірақ та бір шындықтан аттап өттің.
Қазынаның Қаныш ашқан үштен бірін,
Ысырап қып жер астына тастап кеттің.
Бұл ісіңді ұлы ағам өзі көрсе,
Шырайы қайтер еді жарқын беттің?
Көлмағамбет:
Ақыным айта алмадың төгілдіріп,
Шаңыма қалдырам ба көмілдіріп?
Ертістің суы саған жақпай жүрсе,
Алайын Сарыкеңгірге шомылдырып.
Шығады сөздерің де шапыраштай,
Қоймаймын мен өзіңнен ақыры аспай.
Құлагер жеткізе ме көк азбанға,
Қаларсың күлкі болып Батыраштай.
Намысты найзағай бар жарысқанда,
Жол салдық жұлдыздарға, алыстарға.
Ұшады Байқоңырдан жолдама алып,
Космостық кемелерім ғарыштарға.
Менің көп кімге болсын бағалы үлгім,
Айға да алғаш алқа таға білдім.
Тағы біз тұңғыш рет куә болдық,
Өшпестей ерлігіне Гагариннің.
Не қиын құдіретіме бас ұрады,
Дауылдар екпінімнен басылады.
Жайнаған Жезқазғанға каналымен,
Жеткенше кәрі Ертісің асығады.
Тасынып майда-шүйде табысыңа,
Тағы да кір келтірдің намысыма.
Ертістен бір қасық су пайдаланбай,
Құр қарап телміресің ағысына.
Гүл өскен құба жонда бақтарымнан,
Көресің шабытты еңбек шатқалымнан.
Құйылған Қаражалдан қара тасқын,
Теміртау домнасына ақтарылған.
Ордасы татулықтың сән, ұйытқым,
Мекені ақын, батыр ақиықтың.
Халқымның қиын сәтте басын қосқан,
Ұлытау – шежіресі тарихтың.
Далам – бай, балаусам – бал, суым – дәрі,
Еңбектің шарықтаған қырымда әні.
Сарыкеңгір, Қаракеңгір қос өзенім,
Секілді Арқа арудың бұрымдары.
Мен тағы шапқан сайын жосыламын,
Жарайды менің сізге осы бабым.
Бүгінгі ақындардың айтысына,
Ықылас қобызы боп қосыламын.
Қайтейін тегін оның таратуды,
Ықылас Жаңарқадан дара туды.
Жезқазған жеріндегі жез киіктер,
Қобыздың үніменен жаратылды.
Қайда екен ақын қыздар қаптағайдан,
Көрер ем бір айтысып бақ-талайдан.
Сарадан кейін қазақ аспанына,
Күләшім күліп шықты Ақтоғайдан.
Ән десе көкте ойнаған жасындаймын,
Ешкімді өнерімнен асырмаймын.
Менімен тайталасып айтыспас ең,
Өр даусын естіп білсең Шашубайдың.
Мен соның ізбасары, інісімін,
Өмірде жалғасымын, тынысымын.
Тағы бар Тайжан атты ақын әкем,
Жыршысы болған Отан ұлы ісінің.
Екпінін әнге қосқан дәуірімнің,
Манарбек мақтанышы ауылымның.
Өзің де таңдай қағып тыңдадың ғой,
Күмбірлеп көкке өрлеген дауыл үнін.