Әсия мен Есенқұл айтысы (1-бөлім)
Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков · 2 мин оқу
Әсия:
Талай жиын, той-думанды бастаған,
Жырмен түлеп, жыр қанатын қос қағам.
Бас қосқанда дүлдүл жігіт, бұлбұл қыз,
Мен қалайша жыр сайыстан жасқанам?!
Кем демеймін менде өнер басқадан,
Қатаяр-ау жылдарменен жас қадам.
Шалқар шабыт, қуанатын жырыма,
Армысыңдар, туған халқым, астанам!
Өлең мен жыр сүйіп өттім жасымнан,
Өнеріме талай жандар бас ұрған.
Толқынынан Тобылымның сәлем ал,
Есенқұл-ау, шығып қапсың қасымнан!
Айтысты елдің бәрі көруге асық,
Отыр, міне, сахнаға қарасып.
Шаршы топтың талғамынан шығайық,
Айтысқанда әзіліміз жарасып.
Далаң толы өлең мен жыр, күй елің,
Топырағыңды қастерлеймін, сүйемін.
Ақындарға шалқар шабыт сыйлаған,
Қасиетті жеріңе бас иемін.
Атың таныс көпшілікке, білемін,
Қызды жеңу болып жүр ғой тілегің.
Әй, білмеймін, түсті мен екен орнына,
Әселханнан шошып қалған жүрегің.
Бір көрерге секілдісің төзімді,
Ұлы тойда естіп едім сөзіңді.
Астанада бос жүрмеген шығарсың,
Көрсетші еліңе өнеріңді, өзіңді.
Есенқұл:
Армысың, ағайын-жұрт, барша халық,
Алдыңа келдім тағы арқаланып.
Әсия, Әселхандар қоймады ғой,
Есенді қайта-қайта ортаға алып.
Армысың, аққудайын ақ жеңеше,
Көңілін бұл қайныңның тап, жеңеше.
Желіккен жеңгейлердің дәл өзіңдей,
Көтергем базынасын әлденеше.
Әселхан – өлең сөздің ақтабаны,
Дегенмен, ол да мені таптамады.
«Жігітте сендей бүгін ақын жоқ», – деп,
Әселхан жиі-жиі хат жазады.
Ендеше, сені бүгін жеңгем деймін,
Жеңгемді ешбір қыздан кем көрмеймін.
Қалжыңдап, әзіл айтып жеңгем тұрса,
Қалайша қанжығама өңгермеймін?!
Бар болса, қалтаңдағы теңге жақсы,
Жеңгелер «сізден» гөрі, «сенге» жақсы.
Қылықсыз қыздан гөрі, Әсиядай,
Қырқында қылшылдаған жеңге жақсы.
Бір әнім бір әніме ұласады,
Жеңгелер қайнысына сыр ашады.
Қартайып жиырмасында жаман жеңге,
Қырқында жақсы жеңге гүл ашады.
Ендеше, сен де бүгін гүл ашқайсың,
Қайныңа қайтып мендей сыр ашпайсың?
Ұнатқан бар қазақтың қара көзі,
Ақынды сен қалайша ұнатпайсың?!
Деймін осы Алматы, жер менікі,
Немесе осы отырған төр менікі.
Есенқұл осы айтыста басы бүтін,
Әдемі Әсиядай жеңгенікі.
Сендікпін, ақын жеңге, бүгін кешке,
Аларсың ертеңгі күн жырымды еске.
Несі айып, қайны менен жеңге болып,
Бір кешке бұл айтысты дүрілдетсе?!
Қайтеміз осыны ұқпай, ауылдағы,
Ағамыз сізге өкпелеп, «ұрын» кетсе?!
Ағамнан несін қорқып жасқанайын,
Дегенмен артын ойлап сақтанайын.
Өйткені салт-санасын қазағымның,
Ұмытып кеткен дейді Қостанайың.
Осыған жауап берші алдыменен,
Мен біраз жауап тосып тоқталайын.
Әсия:
Есіңде қалар сөзбен белдескенің,
Көрген соң өлең-жырдан сел көшкенін.
Сорың ба, таланың ба, Есенқұл-ау,
Алдымен Әсиямен кездескенің?!
Сауғалап жыр сайыста жалынбағам,
Белгілі болып отыр халің маған.
Сыпырып жыр қамшымен алайыншы,
Болса егер ащы терің алынбаған.
Арқалап ақын әр кез алға асатын,
Тізіліп жыр маржаны жалғасатын.
Айтысты сылтау қылып, әдет шықты-ау,
Інісі апасына жармасатын.
Ағытсам, жырым – тасқын, селдетеді,
Жабыдан шаба алмаған тер кетеді.
«Жеңге» деп шаужайыма жармаспай-ақ,
«Апа» деп сыйлай салсаң, нең кетеді?!
Жырым бар босатқанда ағылатын,
Жан едім арыма тек бағынатын.
Қайтейін, Есенқұлдай Бекежанды,
Үйімде Төлеген бар сағынатын.
Өзеуреп, Есенқұл-ау, қалыспадың,
Сөзіңнен, міне, сені тағы ұстадым.
Үйдегі жұбайыңа ұнай ма екен,
Айтысқан қыздарыңа жабысқаның?