Есенқұл мен Көпбай айтысы
Есенқұл Жақыпбеков, Көпбай Омаров · 2 мин оқу
Есенқұл:
Қайын жұртым аспанның ар жағында,
Ұшып жүр тәрелкелер жан жағында.
Періштенің перизат бір қызына,
Үйленіп-ақ қалыппын барғанымда.
Барлығы баламыздың егіз болды,
Жалпы саны жүз алпыс сегіз болды.
Күніне жегендері жетпіс сиыр,
Ішкендері мұхит пен теңіз болды.
Аспанда алпыс жылдай аштық болды,
Сонан соң алты мың жыл астық болды.
Динозавр бағатын бір совхозда,
Есенқұл елу жылдай бастық болды.
Динозавр дегенің нас болады,
Адам көрсе ақырып бас салады.
Соғымға сойса егерде бір шекесін,
Шымкентке алпыс жылдай ас болады.
Шөп шаптым сол аспанның шолпанынан,
Ат міндім алты аяқты арқарынан.
Шапқан шөпті шайтан жеп кетпесін деп,
Қарадым қазақ үйдің балконынан.
Аспанда айдаһарға соғыс аштым,
Тіземді пәтшағарға қатты бастым.
Серік құсап серейтіп ұрып жығып,
Бір диюды міне сап тұра қаштым.
Сол диюмен жерге де жайлап қондым,
Алдына жем мен суын сайлап қойдым.
Сенбсеңдер өздерің көріңдерші,
Апарып аэропортқа байлап қойдым.
Әйелім кеткенімді кеш біліпті,
Ойбайы қара жерге естіліпті.
Жүз алпыс сегіз балаға ой сұмдық-ай,
Жалақымнан алимент кестіріпті.
Дәл мендей алиментті төледі кім,
Қорқыныштан Есенқұл өледі мың.
Сөзімде жалған бар ма жаңағы айтқан,
Мырзаға, өзің айтшы төрелігін.
Көпбай:
Гармонды корабль қып аспанға ұштым,
Әп-сәтте ай бетіне барып түстім.
Ток беріп тетігіне жез сырнайдың,
Көзді ашып-жұмғанымша жерге түстім.
Келдім де кең мұхитқа кеттім сүңгіп,
Мұхиттың маржан тердім түбін үңгіп.
Бір шабақ қос китті жұтып қойды,
Теңізден көріп қайттым сондай сұмдық.
Мысықты үш күн баптап барыс алдым,
Көкпарда тасбақамен олжа салдым.
У жайған қара шұбар жылан екен,
Итіме сатып алып таққан қарғым.
Тышқанды жайдақ мініп жауға шаптым,
Қоңызбен жортып жүріп түлкі қақтым.
Ай жатып мұз үстінде ұйқым қанды,
Шілдеде жауған қардан алқа тақтым.
Тоқтаттым самолетті құрық салып,
Аспанға тіреу еттім сырықты алып.
Қайнатып жүгеріден қойған ботқам,
Қалыпты таң атқанша ұрықтанып.
Кезінде тұрғылас ем Невскиймен,
Мыстанның тілін тауып кебіс кигем.
Кілемін Хоттабычтың мініп алып,
Аяғым жер үстіне тегіс тиген.
Туыппын Фарабидің заманында,
Енім бар таспен ойған табанымда.
Қорқыттан мүшел кіші болсам дағы,
Советтің өмір сүрдім заманында.
Семірттім бордақымды тасқа байлап,
Лай судан май бүркідім қалқып қаймақ.
Жетерлік өміріме азық алдым,
Шіркейді егін егіп, он жыл жайлап.
Болмаған енді шындық несі қалды,
Сары майды әзер жұттым үш күн шайнап.
Өзің болған Марста мен де болдым,
Бірімен барып қайттым төте жолдың.
Жүз алпыс сегіз деген балдарыңның,
Шырағым, қалтқысыз бәрін көрдім.
Көрінеді үй сап берген бөлек-бөлек,
Жастарын жел бесікке қойған бөлеп.
Әбестеу болған екен, інішегім,
Жүргенің алиментті босқа төлеп.
1984 жыл.