Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аяз бен Камал айтысы

Аяз Бетбаев, Камал Ендібаев · 3 мин оқу

Аяз:

Қашаннан ата дәстүр қуған салтын,
Ерлерді еңбек етіп туған халқым.
Даланың дабылына үн қосатын,
Жасампаз жарқыраған думанды әр күн.

Камалжан, Шымкент жақта ел аман ба?
Көз көрген берекелі жер аман ба?
Үйіңде қонақ болып кетіп едік,
Танысқан қатар-құрбы, тең аман ба?

Екеуміз келісейік осы бастан,
Басымыз жүруші еді қосылмастан.
Сын айтсақ қайсымыз да әділ болсын,
Тыңдайық тура сөзді шошымастан.
Камалды деп отырмын сынап алсам,
Орныңнан тұрып кеткін шыдамасаң.
Егерде артық айтып, шалыс бассаң,
Аямаймын, кешірім сұрамасаң.
Ақында да ақын бар,
Салған жерден сөйлейтін.
Домбыраны қолына,
Алған жерден сөйлейтін.

Мен де соның бірімін,
Камал, саған ағамын.
Жасы үлкенге інімін.
Ұлы дүбір жарыста,
Кім қызбайды намысқа?

Құтты болсын ұлы той,
Арта берсін абырой,
Берекелі елімде.
Космонавтар самғаған
Қазақстан көгінде.
Мерекеге ап келген

Тартуым бар менің де.
Төрт түлік мал қаптаған
Қыдыр шалған жерімде.
Химияның алыбы
Жамбыл фосфор заводы
Бүкіл елге танылды.
Іздегенім көп еді,
Өз жерімнен табылды.
Отанға жау төнгенде,
Ел қорғауға аттанған
Бауыржан, Сәру, Ақәділ –
Ерлеріме мақтанам.
Жамбыл, Кенен, Жақсыбай
Өлеңмен жауға оқ атып,
Дұшпанға тиді жасындай.
Коммунист еді өз әкем,
Оралмады соғыстан.
Жағаласып жауменен,
Елін қорғап оққа ұшқан.
Содан бері, мінеки,
Ұлы жеңіс болғалы
Отыз бес жыл өтіпті.
Сол кездегі сәбилер
Біздей боп ер жетіпті.
Екінші тың ерлері
Бәйге алдын бермеді.
Қос жұлдызды Жазылбек,
Әбдірахман Дәуітов,
Өріске тартты отары.
Жастайынан еңбекке
Қайрап өскен талабын.
Және тағы айтайын,
Шарап, Берік, Шоманым.
Толып жатыр елімде
Аты шыққан шопаным.

Енді саған келейін,
Ақбөкендей желейін.
Өткен жолы айтыста
Қазақтың ғылым ордасы
Академия залында
Жауап бермей кетіп ең.
«Қайта көрер есікті,
Қатты жаппа» деген бар.
Айтылатын өзіңе
Сын садағы өлең бар.
Әріптесім, Камалым,
Жауап берші шыныңнан.
«Жарты төбе» жерінде
Неше жылқың қырылған?

Камал:

Ассалаумағалайкүм, Аяз ақын,
Дәстүрім – сәлем беру, ата салтым.
Жақсы ма семьяңның денсаулығы,
Облыс, ауыл-аймақ, жалпы халқың?
Үлкен той мерекеде басты қостық,
Дарынын даралайтын ақындардың.
Құлақпен естіп, көзбен көріп тұрмыз,
Тасқындап жыр мұхиты ағылғанын...
Арнайы осы тойға қуанышпен,
Кеп тұрмын сәлем жолдап өлең-жырдан.
Қыранын Алатауға ұшырды елім,
Ақ ниет тілек тілеп Қазығұрттан!

Мен қазақпын жимаған дастарханын,
Қонақ болсаң алдыңа бас тартамын.
Мен қазақпын сан ғасыр тарихтардың,
Жазбай-ақ жаттап айтқан дастандарын.
Жөн болды, мәдениет басшылары,
Жүйрігін ақындардың қосқандарың.
Айеке, айтқаныңа жауап бермей,
Менің де дұрыс болмас бос қалғаным.

Атамыз Жамбыл өтті Кененменен,
Өнерде өрнек салған өлеңменен,
Әуелден үлкен сыйлап, ізет ету,
Дәстүрі халқымыздың көнермеген.

Айтысты ақын Жамбыл Құлмамбетпен,
Олар да ел дәстүрін жырлап өткен.
Жамбылды адам бар ма сыйламайтын,
Айеке, сұраңызшы мына көптен?

«Жамбыл – жырдың атасы» дейді халық,
Талантын бағалаған байқап, танып.
Аға деп еріп жүрген ініңізді,
Айеке, жамандама елге барып.

Алғанша ақын атың анықталып,
Ән салу қиын нәрсе шабыттанып.
Қасиетін Шымкенттің білмесеңіз,
Тағы да көрсетемін алып барып.

Аяз:

Жамбылдан мені осында алдырыпты,
Сенің-дағы ұйқыңды қандырыпты.
«Соңғы түйе жүгі ауыр» деген сөз бар,
Тамашаға соңына қалдырыпты.

«Сөйлеген аға тұрып, ініден без» –
Ежелден халқымызда бар еді сөз.
Шындықтан тайып кеттің осы жерде,
Мінеки, қызулықпен сөйледің тез.

Аралап облысымды келіп көрмей,
Аулына Жамбыл бабам сәлем бермей,
«Шымкенттен ақын інім келеді» деп,
Жолыңды күттім біраз ұйқым келмей.

Ағаңды қағыттың да сұрақтармен,
Кеудемнен күмбірлеген жыр ақтардым.
«Жаттанды» деп бекерге сөйлеп тұрсың,
Ағызайын сырлы сөз бұлақтарын.

Мына жұрт бізді отыр тамашалап,
Айтысқан жақсы еді ғой оңашалап.
Ағалығым бар еді менің саған,
Алатұғын бар ма жан арашалап?

Камал:

Айеке, аға болып бір өзіңіз,
Толады мейірімге жүрегіңіз.
Торқалы той үстінде шабыттанып,
Айтыста бір көріну тілегіміз.

Зәредей пайда тисе сөзімізден,
Сөзді қымбат көреді бөзімізден.
Тек қана жақсылықтың нұры мынау,
Көрініп жүр ғой күнде жүзімізден.
Айеке, жасың үлкен, қол беремін,
Болмайды тырнақ асты кір іздеген.
Мұратын туған елдің паш етуге
Шын ақын жүрекжарды жыр іздеген.

1980 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз