Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақтан мен Көлмағамбет айтысы (3-бөлім)

Ақтан Нұрбаев, Көлмағамбет Нұрмағамбетов · 2 мин оқу

Болған соң, жерім байтақ, көл-көсірмін,
Кен қазып, малды бағып, кең көсілдім.
Бесжылдық жоспарын да орындадым,
Алтын дән жүз елу мың пұт мен өсірдім.

Ақыным, мол өндіріп етті де біз,
Жүнді де вагон-вагон өткіземіз.
Он жылда облыста қойдың санын,
Енді екі миллионға жеткіземіз.

Ақыным, сіз сияқты мен үшін де,
Айналған мал өсіру төл ісіме.
Шыққанда көріктенер дала төсі
Қойлары Еділбайдың өрісіме.

Әрине, таң қаласың малға мұндай,
Қойлары Еділбайдың арманыңдай.
Отардан таңдап алған қос саулығың,
Өлшесең бір тоқтымның салмағындай.

Сатанның сайсың ба сен атағына,
Келмейді бір шопаның қатарына.
Депутат, Еңбек Ері, бригадир,
Әйгілі болып отыр Отаныма.

Табыстың таудай үйіп қазынасын,
Бөлеген мол ырысқа жазирасын.
Оқып жүр астанада партмектепте,
Атақты аға шопан Қазинашым.

Құштармын жаңалыққа, қиынға да,
Жастарым қойға келді биыл да.
Бір ғана Ақтоғайдай ауданымда,
Бар екен отыз жеті бригада.

Бұдан да салғырттығың көрінеді,
Жастарың шопандықтан жерінеді.
Шалдыққан дәл өзіңдей шалдар баққан,
Отарың қалайынша семіреді?

Өсіріп Жиделінің сәйгүлігін,
Бәйгенің алып жүрміз сан қиынын.
Жылқым бар кілең тұлпар, көк алалы,
Төскейде ойнақтатқан тай-құлынын.

Еңбектің ерлеріміз біз бүгінгі,
Жарыста босатпаймын тізгінімді.
Самедтей жылқышым бар төрт жыл бойы,
Өсірген жүз биеден жүз құлынды.

Сіз-дағы өсіресіз жылқы малын,
Саууға жетпес бірақ ынтымағың.
Мен болсам жайраң жазда наушагүлдей,
Сапырып сары қымыз құлпырамын.

Бар ұлтым бал қымызды етті нәсіп,
Мен сізден бұл жерде де кеттім асып.
Ағатай, ауылға кел, шөліңді бас,
Сусында ұялмай-ақ бетті басып.

Жерім жоқ облыста түлетпеген,
Жасымның жаңалықсыз күні өтпеген.
Қыздарын білесің бе, ақын достым,
Әйгілі бригаданың «Жібек» деген.

Ерліктен қарындастар қалыспаған,
Нық басып үнемі алға қарыштаған.
Даңқты осылардай бір қызың жоқ,
Сіз түгіл, оған мен де намыстанам.

Жері құт Жезқазғанның қойнауының –
Айтуға реті бар тойда мұның.
Одақтың туын былтыр жеңіп алды,
Сәтбаев деген жаңа қойлы ауылым.

Ағажан, сөзден мені ұтасың ба,
Өскемен мақтайды екен бұтасын да.
Ал біздің «Просторный» заводының,
Қос-қостан медалі бар бұқасында.

Демеңіз бұл сөзімді құр кекесін,
Көресің, көрмей жүрсең, жыр көкесін.
Өзіңе жарты ай тамақ болар еді,
Сыйласам бір өгіздің бір шекесін.

«Красная поляна» бұ да күшті,
Көрген жан сиырымен құрақ ұшты.
Алматы көрмесінде Өскеменнің,
Қызығып бар маманы құда түсті.

Терісі қызыл күрең түк болады,
Желіні тарам-тарам жік болады.
Бір жылғы сүт сиырдан жеті тонна –
Өзіңдей бес жүз шалға жүк болады.

Ақтан:

Алтайдың күмісі көп ақ қарынан,
Қойнынан қорғасыны ақтарылған.
Зырянның қызыл тулы комбинаты,
Есеп жоқ еңбегінде атқарылған.

Комбинаттар, заводтар қорытқан кен,
Алтайдың алабына тараған кең.
Айтайын қоспай бірін асырмай-ақ,
Бұлардан аққан металл Нұраға тең.

Көп менің атқарылып жатқан ісім,
Аз емес атап айтар мақтанышым.
Жетпіс бес Социалистік Еңбек Ері,
Төсіне алтын жұлдыз таққаны шын.

Ал енді ел ырысы – малға келсек,
Өріс пен қорадағы барға келсек.
Бетің жоқ тура қарар, інішегім,
Шындыққа, жел сөз емес, арға келсек.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз