Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсия мен Ерік айтысы

Әсия Беркенова, Ерік Асқаров · 3 мин оқу

Әсия:

Арқаның ақын қызы Әсиямын,
Несіне ел ықыласын жасырамын?!
Лайықты ер жігітке сыпайылықпен,
Аталы сөз сөйлесең бас ұрамын.

Ерік:

Алдында өлең айтып мен көрейін,
Ақанның Құласындай дөңгелейін.
Атынан ат үріккен апам едің,
Дәл қазір жазатайым мен не дейін?

Әсия:

Атағың елге әйгілі, ақын жігіт,
Жыр айтшы мына жұртқа татымды ғып.
Бұл сайыс көтермейді сипақтауды,
Керек қой айтысқанда батылдылық.

Ерік:

Алдында қалай өлең таппайын-ай,
Өлеңнің ақ тұйғынын баптайын-ай.
Батылдық керек дейсің, ол дұрыс қой,
Бүлдіріп алсам қайтем, апайым-ай?!

Әсия:

Лақ еткен, соза құяр қасықтаймын,
Мен бүгін өзіңді, інім, жасытпаймын.
Ойыңды жөндеп айтқын, ақын Ерік,
Ән-жырға қолға жайлы асықпаймын.

Ерік:

Бұл Ерік сөйле десең ұшып отыр,
Ойыма неше тармақ түсіп отыр.
Түренің шарты бізге қиын екен,
Бір шумақ дегендері қысып отыр.

Әсия:

Кеңдігін көңілімнің көрші бүгін,
Ерік-ау, бұл да сенің кемшілігің.
Дәстүрін түре айтыстың бұзам дейсің,
Айтыскер ақындарға ерсі бұның.

Ерік:

Түнере қара бұлттай жауад та Ерік,
Өлеңге бір кісідей сауатты Ерік.
Қоймадың бауырыңа шүйлігуді,
Осылай отырам ба жауап беріп?

Әсия:

Інім ең кездескенде сыйласатын,
Ретің жоқ ойда жоқта қинасатын.
Ақ жолы ақындықтың үлгі бізге,
Жел сөзге бірін-бірі қимас ақын.

Ерік:

Әсия, мағына көп өлеңіңде,
Ел сүйер қылықтар көп өнеріңде.
Бір кеште бір қарындас, бір апамен
Айтысу маған оңай дегенің бе?

Әсия:

Ойыңнан қыз көргенде дарын қашты,
Ұмтылдың аламын деп алынбасты.
Әй, білмеймін, апаңды сен аярмысың,
Аямай жібердің ғой қарындасты.

Ерік:

Соңынан еріп жүрмін құлындай боп,
Мен сенің жазылмаған жырыңдай боп.
Қайтейін қарындасқа тырнақ батты,
Ұпай да кетті кісі құнындай боп.

Әсия:

Хақым бар кей сөзіңді жаман дерлік,
Туады-ау қыз көргенде саған да ерлік.
Сансызбай Жібекке мен болам дедің,
Жаңғыртып ескі әдетті әмеңгерлік.

Ерік:

Келдің ме маған сайлап кездігіңді,
Өткенді қозғаған соң сөз бүлінді.
Намысын Жібек жанның жырта бермей,
Одан да ойласаңшы өз күніңді.

Әсия:

Талаймен жыр жолында жарысқанмын,
Бірақ та ешбірінен қалыспадым.
Алғым жоқ абыройды арсыздықпен,
Сыпайы сөзден әрі барыспағын.

Ерік:

Қиналып көрмеп едің шеп бұза алмай,
Қиналдым мақтауыңды жеткізе алмай.
Өзіңді мақтай беріп неғыласың,
Біреуге отыр ма едің өткізе алмай?

Әсия:

Кездесті небір жырдың майталманы,
Ешбірі сүрінбестен қайта алмады.
Қызылжар қиқарланып шығарып ед,
Ерікжан, жөнді бір сөз айта алмадың.

Ерік:

Әсем ән көмейден бір саусылдаса,
Талмайды-ау шамалыға даусың да аса.
Апа, сен ұялмасаң, мен ұялдым,
Шырқай бер репертуарың таусылмаса.

Әсия:

Келді ғой қара сөзден ұйқым, тегі,
Жинағың жыр емес бұл, қиқым ба еді?!
Айтысып Әсиямен атым шықсын,
Деген бұл, інішегім, сиқым ба еді?

Ерік:

Жан жетпес, ей, апатай, саған дауда,
Дауыңа елі-жұртың алаңдауда.
Сыйласып, сіз-біз десіп жүр едік қой,
Енді кеп көшкенің бе жамандауға?

Әсия:

Шошынып өз-өзінен безінгендей,
Төнгенін бір қатердің сезінгендей.
Ерік-ау абдырамай ақылға кел,
Жөнсіз сен боздай бермей бозінгендей.

Ерік:

Әсия, топқа салған елім дейсің,
Еліңнің сөзін айтпай шегін дейсің.
Боздама бозінгендей деп отырсың,
Айтысты қой демесең не қыл дейсің?

Әсия:

Қалайда бір тұйыққа кезігесің,
Ой салам, Ерік саған, өзіңе сын.
Қоғамда болып жатқан бетбұрісті,
Айтшы, сен өзің қалай сезінесің.

Ерік:

Мен өзім шамалыға тарылмаймын,
Алатау тау суындай ағындаймын.
Халқымның бетбұрыс деп салған әнін,
Сұрасаң құп алып мен қабылдаймын.

Әсия:

Жырлар тұр ойнақ салып өзегімде,
Үлгерсең жарар еді кезегіңде.
Салауат салтыменен неше тойды
Өткізді қыз бен жігіт өз еліңде?

Ерік:

Біздерде талай той мен жиын боп тұр,
Тойларда менің жырым сыйым боп тұр.
Салауат деген жақсы халайыққа,
Бірақ бірден қойып кету қиын боп тұр.

Әсия:

Берік бол сен ақындық міндетіңе,
Кім қарсы сөз сөйлейді қыз бетіне?
Жылытты жылы сөзің жүрегімді,
Рақмет, Ерік інім, құрметіңе.

Ерік:

Ей, апа, әлі талай кеңесеміз,
Төскейде тереземіз теңесеміз.
Шынымен сұрақ қою жеткен шығар,
Интервью алып кетем демесеңіз...
1985 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз