Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қалихан мен Сара айтысы (3-бөлім)

Қалихан Алтынбаев, Сара Тоқтарбаева · 2 мин оқу

Аягөз – облыстың думан жері,
Махаббат дастанының туған жері.
Үржар мен Мақаншы да жердің құты,
Табылар әр ауылдан Еңбек Ері.

Үржарым – жеміс-жидек астанасы,
Алматыдан басқаның жоқ таласы.
Қолына уансын деп алма ұстатар,
Жыласа бесігінде жас баласы.

Курорт бар Мақаншыда Тоқта-Барлық,
Суы бар ыстық қайнар мақтанарлық.
Жыл сайын металлургтер емделеді,
Көрсеткен жеріміз жоқ еш іштарлық.

Ақ қайың, көк бастаулы Қарақалба,
Қайнаған өндірісі Шар ман Жарма.
Сан доктор, академик қатар шыққан,
Абайдың ауданындай елің бар ма?!

Бәрі ақын көсілмелі, бәрі ғалым,
Біреуі біреуінен алған тәлім.
Шыңғысым сондай болса, Ақсуатым –
Өнері төрт тарапқа түгел мәлім.

Қыз қуу, теңге алысу, болса аударыс,
Ақсуат есе бермес ол бір алыс.
Түрініп етек-жеңін топқа түссе,
Жұтынған палуандары жас жолбарыс.

Қыздары сахнада сырнай дауыс,
Сымбатты солқылдаған үкілі қамыс.
Бас иер Ақсуаттың өнеріне,
Таңырқар атын естіп жақын-алыс.

Көкпекті дәуірлейді, қызса жарыс,
Жарыста жіберген жоқ әлі намыс.
Сөйлесер совхоздары миллион пұтпен,
Масағы бидайының екі қарыс.

Өргізіп жібек жүнді ешкілерін,
Еселеп жылдан-жылға тапқан табыс.
Күршім мен Самар, Зайсан кісілері,
Жүн үшін өздері кеп болар таныс.

Сареке, сізді-дағы ұмытпаймын,
Басыңа бір шәліге түбіт дайын.
Тағы да кезегіңді ал, ақын Сара,
Азырақ терді басып тыныстайын.

Осымен бердім Сара кезегіңді,
Тұр ма екен өлең кернеп өзегіңді?
Тасын – алтын, тақтайын – күміс қылып,
Шашбаулап көтерші бір өз еліңді!

Сара:

Жырласам мақтан етіп Бұқтарманы,
Бөлеген нұр, сәулеге шамшырағы!
Өзенім – Қалжыр, Күршім, Қаба-Нарын,
Мыңғырған жағасында совхоз малы.
Тауларым – Тарбағатай, Сауыр, Сайқан,
Сүйсінер араласа адам жаны.

Өскемен, Лениногор, Зырян, Зайсан,
Шығыстың картасынан орын алды.
Көз тоймас туған елдің байлығына,
Көпке аян «асқар – Алтай» атанғаны!

Қорғасын, алтын, күміс, титан, мырыш,
Көз тартқан әсем қала, өскен құрылыс.
Кенді Алтай төсі балқып кенге толы,
Даламда дән жайқалған елге ырыс.
Көінде ақ балығы жарқылдаған,
Самалы жанға жайлы, алсаң тыныс.
Суында қасиет бар, жанға шипа,
Қайнарым аты әйгілі «Рахман ключ».
Жібек жел кенді Алтай аясында,
Көп ұлтпен бауырласқан біздер туыс.

Шопаным: Біләл, Шайкен – Еңбек Ерім,
Ел үшін еңбек еткіп, төккен терін.
Толтырып қой, ешкіге ауыл маңын,
Бөлеген бар байлыққа туған елін.

Өрелі еңбегімен бақыт тапқан,
Қолынан сауған сүті сел боп аққан.
Дабысы облысқа мәлім болған,
Сауыншы Бикенді мен етем мақтан.

Қалаған коммунизм ірге тасын,
Құлшынған еңбек десе, кәрі-жасым!
Кеншілер Жәпек пенен Әбутәліп,
Балқыған бармағынан мыс, қорғасын.

Қалеке, көп жырладың бермей кезек,
Сын айтып облысыма, қойдың тежеп.
Жеңбессің қанша айтсаң да бастырмалап,
Ақынға айтқан жөн ғой кезек-кезек.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз