Әсия мен Есенқұл айтысы (2-бөлім)
Әсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков · 2 мин оқу
Бос сөзге үйір болып алғанбысың,
Іздемей жырдың, сірә, талғамдысың.
Қыздарға сахнада қырындауды,
Айтыста әдет қылып алғанбысың?
Лепіріп ақын жүрек ұшады да,
Ойламай қойдың, сірә, бұ жағын да.
Есенқұл, өз бойыңды шамалашы,
Неше қыз сыйғандайын құшағыңа?
Кезің жоқ олқылықты білгізбеген,
Жиналған жұртшылыққа күлгізбеген.
Оп-оңай құтылам деп отырсың ғой,
Жеңгелеп, тек ақырын «сіз-бізбенен».
Шапсаңшы жүйрік болсаң қамшы салмай,
Төгіліп әнге салып, көкке самғай.
Сенбеймін нағыз ақын екеңіне,
Маңдайдан тер төгіліп, тамшы тамбай!
Есенқұл:
Әсия, аспаныңда күлсін айың,
Өзіңді осындайда бір сынайын.
Сөкетті сөздер айтып жұрт алдында,
Демейді-ау, бұл Әсия қымсынайын.
Желіккен жеңгем болып сен отырсың,
Қалжыңбас қайның болып шымшылайын.
Апам да бола алмайсың, замандасым,
Санасам талай қалар төмен жасың.
Өзіңді жеңеше деп өбектеймін,
Ескеріп ауылдағы ағам жасын.
Қайны боп жүрем сені сағындырып,
Қоямын Алматыға сабылдырып.
Жас жігіт «жеңеше-ау» деп отырғанда,
Кетпей ме өзіңнің де жаның кіріп?
Қайтсең де бүгін саған қайның болам,
Әсия, белгілі ғой жайың маған.
Қайындар қатты әзілдеп кеткен шақта,
Білесің, ешнәрседен тайынбаған.
Көркіне кім қызықпас қыз баланың,
Қыздарды бойдақтардан қызғанамын.
Әлі де көркімізге қыз қарайды,
Әсия, «ішің күйсе, тұз жалағын».
Толғаған тоқсан түрлі өлең мен жыр,
Қазақта қыздар өткен небір дүлдүл.
Қыздары бұл күнгінің өлең тұрмақ,
Сөйлейді бір-бірімен шүлдір-шүлдір.
Әсия, ақын деген ат алғансың,
Елінен Қостанайдың бата алғансың.
Айтыста қайын жұртқа қарсы шығып,
Содан соң сойқан келін атанғансың.
Сол жеңгем енді маған тиіседі,
Жеңгемнің тиіп жүр ғой жиі себі.
Қыздары бұл күнгінің жігіттерімен,
Көшенің ортасында сүйіседі.
Соларға Әсиядай жеңгелерім,
Айтуға ақылдарын тиіс еді.
Жеңгелер санамай құр теңгелерін,
Қыздарға ақыл айтса, жөн көремін.
Жігіт боп мен де қызға қарамаушы ем,
Үйреткен бар сұмдықты жеңгелерім.
Әдепті қыздар бүгін әсте сирек,
Жаманын осындайда таста түйреп.
Ұнатып әкесі емес, алиментін,
Жүреді күйеулерін сотқа сүйреп.
Болашақ ұрпақ үшін тарылмаған,
Аз бүгін Әселхандай қадірлі адам.
Соңына бес баласын ілестіріп,
Кәдімгі мама қаздай мамырлаған.
Сөкпеңдер қатты айтты деп, жеңгелерім,
Сендерге ай мен күнге теңгеремін.
Тарлық қып жатса, шіркін, қандай бақыт,
Оншақты ұл мен қызға бөлмелерің!
Атынан жеңгелердің сөйлесін деп,
Мен енді Әсияға сөз беремін.
Әсия:
Шарлап жүрсің Жетісудің өңірін,
Енді ғана басталғандай өмірің.
Шүйлігесің, бүгін маған, Есенқұл,
Қалған екен, сірә, қыздан көңілің!
Көрініп тұр жыр отына қызғаның,
Оғаш болар елдің ойын бұзғаның.
Қырық үйден тыйым салып жүрсе де,
Қадірлеген халқым қазақ қыз жанын.
Жырла дейді бүгін маған ағайын,
Домбырамды орай-орай қағайын.
Өзің ашып бере алмасаң қыз жанын,
Жырлауға мен барымды сап бағайын.
Қыз биязы текеметтің түгіндей,
Қыздар әсем қырдың қызыл гүліндей.
Көңілінен шыққан затты қашанда,
Дейді халқым: «Қыздың жиған жүгіндей».
Талай сөздер келіп қалды көмейге,
Қыз мініезді жігіт екен демей ме?
Түсінбесе, өзің ойлашы, Есенқұл,
Жігіттерді халқым қызға теңей ме?
...Орынсыз өзіңді-өзің мақтағаның,
Жөн болмас ала жіпті аттағаның.
От көрген көбелектей ұшып-қонба,
Жөн болар сыпайылық сақтағаның.
Шабыт бұл қай ақынды билетпеген,
Ибалы жігіт бірақ сирек көрем.
Шын айтсам, Надеждаға өкпелімін,
Жақсы сөз жиеніне үйретпеген.