Қалихан мен Сара айтысы (2-бөлім)
Қалихан Алтынбаев, Сара Тоқтарбаева · 2 мин оқу
Семейден қырық төрт батыр шыққан еді,
Фашистер айбынынан ыққан еді.
Мырзалар европалық астамсынған.
Қазақтың кім екенін ұққан еді.
Партизаным Шәріпов Әди сынды,
Баяғы қаракесек Мәди сынды.
Барғаннан немістерге шүйлігіп ед,
Ақыры біржолата жеңіп тынды.
Еңбекке сол ерліктер енді ұласты,
Тоқсан ұлттың өкілі тыңға шықты.
Жайқалтқан жүгеріден жасыл орман,
Семушкина Аннадан кім асыпты?
Алпыс үш социалистік Еңбек Ерін,
Шығарған кім кемітер Семей жерін?
Көсіліп не айтар екен егін, малдан,
Көрейін Сарекеңнің енді өнерін.
Сара:
Мінезім ер жігіттей аңқылдаған,
Дауысым көпке жетер саңқылдаған.
Мен келдім кенді Алтайдың аясынан,
Бас иіп сәлем берем, халқым, саған.
Жасымнан өлең десе, жаным құмар,
Әкемнен қалған мұра сарқылмаған.
Айтыстым талай тойда жігіттермен,
Жүрегім шайлықпаған, тартынбаған.
Қалихан қалап алды «айтысам» деп,
Жаныма жақын келіп жарқылдаған.
Елуге толдым, міне, бақыттымын,
Жеткізген бұл өмірге алтын заман.
Бейбіт күн, мерейлі күн, келген көктем,
Жадырап арайлы таң нұрын төккен.
Оянды Октябрьмен қазақ халқы,
Қуанып думан тойын дүбірлеткен.
Әперді Ұлы Октябрь қызға теңдік,
Еңбекші қыздарымыз сертке жеткен.
Өскемен құтты мекен шығыстағы,
Толықсып зор табыспен атқан таңы.
Елім – бай, жырыма арқау еңбек ері,
Күн сайын тола түскен ырыс, бағы.
Жеңіспен Ленин туын желбіретіп,
Апарар ғасырларға болашағы.
Шырқа деп өміріме шабыт берген,
Шаттана жырлайын бір бүгін тағы!
Әр таңым мол табыспен басталады,
Қазақтан қайға кеткен тас қараңғы.
Алпысқа Қазақстан толып отыр,
Бөледі ән мен күйге астананы.
Жасасын мәңгі-бақи бейбітшілік,
Шарласын шартарапқа жастар әні!
Қалеке, сізге ұнай ма салған әнім?
Кетеді өлең десе, қызып қаным.
Кездестің сен Шығыстың Сарасымен,
Ал, шырқа, семейлік сен – «Біржан салым!»
Қалихан:
Ордамен отау, сірә, таласа ма,
Таласса, бойына оның жараса ма?
Өскемен қазыналы болса сандық,
Семей ғой күміс піспек қара саба.
Сен айтсаң қорғасын мен мырышыңды,
Мен айтам ақтылы қой ырысымды.
Ортамнан орын алған ет комбинат,
Одақта екінші боп тұрысымды.
Бізде бар бес миллион қозы, саулық,
Өрендер үн көтерді шұбартаулық.
Табысты табыстарға жеткізіп жүр,
Депутат Шүленбаев бәрін баулып.
Шопан ғой бар байлықты жатқан жасап,
Орнаттық Әбжановқа мүсін қашап.
Май кетпей тостаған мен шарамыздан,
Отырмыз алақандап құйрық асап.
Мырыш та, қорғасын да елге керек,
Әйткенмен, мал шіркіннің орны бөлек.
Атақ, ақша, машина – малшыларда,
Төсінде ордені де дөп-дөңгелек.
Сол үшін елу миллион ұранымыз,
Сол үшін арналады жыр, әніміз.
Өскемен, ту түбінен табысалық,
Жарыста айтқан сертте тұрамыз біз!
Жер жетпес Қалба, Шыңғыс, Арқатыма,
Төгілген бұлт шудасы тарқатыла.
Көне тау көпті көрген шежірелі,
Ұқсайды бурыл басты қарт ақынға.