Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақтан мен Көлмағамбет айтысы (5-бөлім)

Ақтан Нұрбаев, Көлмағамбет Нұрмағамбетов · 2 мин оқу

Сәнді саз тарих сырын жырлағандай,
Домбыра тек пернеден тұрмағандай.
Жердегі Мағауия күміс күйін,
Ай тоқтап, күн кідіріп тыңдағандай.

«Ұлытау» ансамблі көркім менің,
Тыңдасам сырлы әуенін серпілемін.
Өнері Москвада өрге жүзіп,
Шет елден ақтап қайтты ел тілегін.

Етеді әркім мақтан өз биігін,
Өнерлі кімдерің бар, сөз түйіні?
Дабысы Алтайыңнан асып кеткен,
Тыңдашы Жезқазғанның «Жезкиігін».

Әр таңды думан-жырмен қарсы алдырған,
Өңірім не дүлдүлге ән салдырған.
Эйфельдің мұнарасын теңселдіріп,
Парижді Қайрат даусы тамсандырған.

Жырлатып ғасыр сырын өктем үнге,
Ықылас қобыз тартқан бөктерімде.
Бүгінде Сматайдай өренім бар,
Өнерін шарықтатқан көк төрінде.

Ақыным, енді сынға жақындайын,
Қалайша кемісіңді мақұлдайын.
Көкпарға тартқан серке секілді бір,
Шыдасаң әрлі-берлі тақымдайын.

Мінгенің дәйім сенің көбең болды,
Еңбегің ақталмады, неден болды?
Дәл отыз кәсіпорын бұрнағы жыл,
Неліктен жоспарынан төмен болды?

Күтсең де, мені ақыным, бұрылыстан
Өзіңнен озып тұрмын құрық ұстам.
Бес жылдың төрт жылында игермедің,
Екі жүз миллион сом құрылыстан.

Өзіңді жанған отқа саласың ба,
Ақыным, менен тағы қаласың да.
Алты мың адам жоспар орындамай,
Отырған өнеркәсіп саласында.

Сылтау көп былай болды, олай болды,
Бұл өзі бір ғана емес, талай болды.
Зырянда қорғасынның комбинаты –
Өсе ме, өше ме әлде қалай болды?

Бұл тойда Көлмағамбет сайрандасын,
Жарқылдап жұрт алдында жайраңдасын.
Қор болып кеткенің бе осы шалға,
Бір қызбен айтысатын қайран басым.

Көміліп қырсыздыққа етек алған,
Түкпірде Марқакөлің жеке қалған.
Бөлімшенің жайбасар басшыларын,
Шопаның бір көруді етеді арман.

Ақыным, бекер сөйлеп неғылайын,
Қойшының ойламайсың жағдайын.
Азығын күнделікті өзі тасыр,
Деп жүрсең аты дайын, қабы дайын.

Әрине, құрғақ сөзге дес бермейсің,
Мақтанмен басқа шауып, төске өрлейсің.
Шопанға рухани жан азығы,
Әрқашан керектігін ескермейсің.

Ауырса дәрігер жоқ «әлі құрып»,
Жадырар шопан қалай жаны күліп?
Қос атпен өткен-кеткен машинаны,
Жүр ме екен Нағимашың әлі қуып.

Орталық концерт көріп ырғалады,
Қызықтан малшыларың құр қалады.
Жайлауға жарамаған автоклуб,
Үстінде құр жартастың зыр қағады.

Жабыңды тұлпарым деп арындайсың,
Әл жетпес міндеттеме қабылдайсың.
Жыл сайын жүз саулықтан бар болғаны,
Алудан елу қозы жаңылмайсың.

Өзіңді тым еркіндеу сезінесің,
Екпелі шөптен шошып безінесің.
Қой малын елу миллион өсіруге,
Осы ма сенің қосқан өз үлесің!

Алексеевка жағдайы қиындады,
Шығынға ұшырады биыл-дағы.
Жүзіне он үш бұзау қалай алған,
Кеткен бе өгіз болып сиырларың?

Үріксін не қатерден сіздей алып,
Өріне адалдықтың жүзбей анық.
Жөнінен талан-тараж жемқорлықтың,
Келесің бас бәйгені үзбей алып.

Айтайын мына жайды Күршімдегі,
Рабочком Бижановты білсін елі.
Жеп қойып мемлекеттен алты мың сом,
Көп болды сіңіре алмай күрсінгелі.

«РайПО» Мұқашевің Зайсандағы,
Бұл-дағы жебірліктен тайсалмады.
Мемлекет қаржысына «Нива» мініп,
Боп жүрді көңілі аспан, жайсаң жаны.

Секіртіп ойлы-қырлы жартасынан,
«Ниваңды» жыққан сабаз шалқасынан.
Аптығып авария жасамас ед,
Төлесе дәл бағасын қалтасынан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз