Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Оразалы айтысы (3-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Оразалы Досбосынов · 3 мин оқу

Жан берген бәрімізге жалқы Құдай,
Етсе екен еліміз бен халқымды бай.
Шабытың шала жанған шөп сияқты,
Оты жоқ сөздеріңнің салқындығы-ай.
Айтыстың мәні кетер, сәні кетер,
Қара өлеңге бермесек қарқынды рай.
Суырып салмағасын сөз де әсерсіз,
Сабаның түбіндегі сарқындыдай.

Төле би тура сөйлеп тартынбаған,
Қаз дауысты Қазыбек қаңқылдаған.
Қасында екі ағасы тұрған кезде,
Сөз қалмас Әйтекеде айтылмаған.
Аузымыздың бүгінде дуасы жоқ,
Қарға болып кеттік пе қарқылдаған.
Бір сағатқа шыдамай айтысқанда,
Жабуы ауған тайлақтай жалпылдаған.
Ат тұяғын аспанға көтермесем,
Ақыным деп қарама, халқым, маған.

Көтерілсін айтыста,
Әлеумет, сенің мерейің.
Ораз деген жақсыны,
Ай мен күнге теңейін.
Аңқылдап бүгін отырмын,
Мына отырған халыққа,
Осыдан артық не дейін.
Дұрыстап сөзді таба алсаң,
Айтқаныңа сенейін.
Ары қарай енді жалғастыр,
Сөз кезегін берейін.

Оразалы:

Арынды кезегіңді алғаннан соң,
Атақты алдаушы болмай Алдардан соң.
Жаттанды деп айтасың бұл Оразға,
Шатасып қылышыңды салғаннан соң.
Жаттау деген сөзді бір жаттап апсың,
Балаларға көп жаттатып қалғаннан соң.
Ел таны желіп жүріп, атың барда,
Ау, аға, Алашты ойла, асыр салма.
Сөз шегесін шешендей шегелейін,
Көк мұзды көл түбіне батырсаң да.
Ал, енді, аға, мына інің үшін,

Алдыңа ақыл салғын ашу салма.
Біраз жерге ағамды апарайын,
Айлаңды Алдардан да асырсаң да.
Шығыстан шығар күндей келгеніңде,
Батысыңа қайтадан батырсам ба.
Байыппенен сөзімді аңғарарсың,
Бала да жіби қоймас ашушаңға.

Айтыста аға қандай, тең тұс қандай,
Күш атасын танымай бел қысқандай.
Сөз түсінбей айтпаңыз тағы да, аға,
Қыранды айтып жыланды қорқытқандай.
Ал, енді, аға арындап шабыңызшы,
Арыстанға айналып жол тұтқандай.
Қапыда қалып жүрме бұл айтыста,
Қақпанға қол-аяқты тең сұққандай.
Қыруар ел қыран деп шығарғанда,
Қасқыр түгіл қайтпаңыз борсықты алмай.

Мэлс:

Мен-дағы шаршамаспын шаттанудан,
Жүректе жыр теңізі ақтарылған.
Шынымен қанға тартқан қасқыр болсам,
Қарғып өтіп кетермін қақпаныңнан.

Ай, Мұқағали айтатын,
Ей, менің сайран мекенім.
Айтыста бүгін алаулап,
Сайран да салып кетемін.
Ортаға бүгін шығарды,
Айтыстың тұрған екі ерін.
Шабытың қайда, Ораз-ау,
Айқайлап отыр, әнеки,
Қаптаған қалың нөкерің.
Айтамын сөзді сенсеңдер,
Айтары бар ақынға,
Өлеңнің күшін көрсеңдер.
Шабыттанып кетейін,
Мына отырған халайық,

Алақанды бір соғып,
Тағы да қуат берсеңдер.

Айтысқа бүгін жиналған,
Астана жұртым, алашым.
Жырменен жазсам деп едім,
Жүрегіңнің жарасын.
Аман-есен жүре бер,
Айналайын, Оразым,
Ағаңның ықтап панасын.
Кешірмейді көрермен,
Шабытыңның шаласын.
Дұрыстадым мен бүгін,
Тұлпарыңның тағасын.
Ілесе алмасаң сен қазір,
Нөкерден анау пайда жоқ,
Далада қалып барасың.

Оразалы:

Осы біз сөйлеп кетсек не демейміз,
Білмей қалдық не баймыз, не кедейміз.
Шабытың жоқ деп бүгін отырсаңыз,
Шабытты ешқашан да тежемейміз.
Бір тентек тентіресе өле мақтап,
Мұның дұрыс емес деп елемейміз.
Сөйлесек ауызымызбен орақ орып,
Іске келсек құр шырыл шөрегейміз.
Осы біз аспандағы күн нұрын да,
Күнде көріп жүрген соң елемейміз.

Сөз айтсақ ақ көңілдің ордасындай,
Салмағың да бар еді қорғасындай.
Ағасы, жан ұғарлық сөз айтқанда,
Мас адамдай кетпеші жолға сыймай.
Дәл бүгін адуынды айтпасаң да,
Көңілің бар ханның аппақ ордасындай.
Мақтауға ұшып кетіп жүрмегейсің,
Үрлеген шар секілді қолға сыймай.
Айдалаға бұрасың әр сөзіңді,
Аңқау елдің арамза молдасындай.

Арамза дегенімді ауыр алма,
Доп-домалақ болушы ед ол да осындай.
Аман-есен жүре бер, ау, ағасы,
Апамның қатық сүзген дорбасындай.

Мэлс:

Халайық ұлтым деген ұлын көрсін,
Ақынның алмас қылыш тілін көрсін.
Ораз-ау, көп мыжымай қоймайсың ба,
Келе жатқан қыздар анау гүлін берсін.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз