Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айтақын мен Әзімбек айтысы (2-бөлім)

Айтақын Бұлғақов, Әзімбек Жанқұлиев · 2 мин оқу

Айтақын шыға салып секең етті,
Байқаймын, өлең сөзге көкем епті.
Өзіңді Жамбыл жаққа шақырып ап,
Тепкізіп қояр ме еді текеметті.

Ақыным, атағыңмен көк тірейсің,
Армандап айға қолым жетті дейсің.
Қанекей сөздеріңді жалғай түсші,
Тағы да қайтып жерді тепкілейсің?

Айтақын:

Жамбыл қалаң өзгеріп Тараз болды,
Мысқылыма Әзімбек араз болды.
Әлде ұрттап алған ба «Таразынан»,
Қоқиланып бұл неге қораз болды?

Алуан түрін арақтың,
Алты әлемге тараттың.
Парқын бұзған арақты,
Салауатты санаттың.
Мерейіңді көрейін,
Жырдан жаңбыр себейін,
Алып келші, Әзімбек,

Текеметіңе қосып ап,
Тентегіңді тебейін.

Айтып кеткен Ілияс Матайдағы,
Кенже, Тұңғат Матайда Сақайдағы.
Мен түгілі қобызшы Молықбайдың,
Күй шерткенде жыбырлапты бақайшағы.

Сарбас ақын сайраған,
Мұртын қаққан деседі.
Шашубай да құйрықпен,
Жорғалапты кешегі.
Меніменен айтысқан,
Бақайыма өш еді.
Жұқты маған солардан,
Өнердің осы «кеселі».

Химзаводың бар еді,
Елдің үйін улаған.
Винзаводың бар еді,
Елдің миын улаған.
Пайда қуған қуларға,
Оңтайлы болды бұл заман.

Әзімбек:

Мен сенің айтқаныңа көне білдім,
Байқаймын екпіні бар өлеңіңнің.
Жарым жолға келгенде жалтақтайсың,
Түсе алмасаң түйеге неге міндің?

Айтайын жағдайымды Жамбылдағы,
Білесің шетелдіктің лаң қылғаны.
«Лукойл» фирмасы кеп химзаводқа,
Ол жақта елдің бағын жандырмады.
Керекті жабдықтардың бәрін сатып,
Есінен ел-жұртымды тандырғаны.
Барлығын аш қасқырдай жалап-жұқтап,
Біздерге ешнәрсе де қалдырмады.

Осылай шетелдіктер кетті қырын,
Қалың ой толғантады көпті бүгін.
Алпыс миллион арқалап долларларын,
«Казфосфат» Алматыдан жетті бүгін.
Тізгінді өкімет неге кеш берді оған,
«Ауызы сасық ауылдағының», – депті бұрын.

Жүре бер Айтақыным тасқа сынбай,
Отырсың маған қарап аш қасқырдай.
Жұлқынып сахнаға шыға келдің,
Бесті айғырдың бой бермес қасқасындай.

Екеуіміз заман жайын жырлайық та,
Шындықты айтпай бүгін тұрмайық па?
Түгендеп шықтық атын бабалардың,
Өзіңді көп мақтауың лайық па?

Болдық біз бір-бірімізге неге бөтен,
Қазақты қазақ өзі жеген екен.
Пугачева Алланы құдай көрген,
Ұғымы «Бутяның» да төмен екен.
Әншінің демеушісі болғанменен,
Жүрегі өз ұлтына шемен екен.
Туғанына түк бермес бұл байлардың,
Қазаққа қараспауы неден екен.
Егер де «иттің қиы дәрі болса,
Сариды дарияға», – деген екен.

Сен бүгін амалыңды асырасың,
Айқайлап, тепкіленіп басынасың.
Сен айтпасаң мен бәрін айтып берем,
Неліктен мұндай жайды жасырасың?

Есімін бабалардың жаңғырт, далам,
Мұндайда қазақ болмас әнді ұқпаған.
Тағы да қамшылағын намысыңды,
Жүйрік ең шашасына шаң жұқпаған.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз